05.09.2021
  301


Автор: Қалбан Ынтыханұлы

Кемеңгер мен арамтер

(фельотон)


 


Даңыққа, атаққа, мәртебеге, мақтанға, байлыққа, марапатқа, кітап шығаруға, уағыз айтуға, дәріс беруге, сөзге шығуға тіпті жан баласының көзіне көрінуге ұмтылмайтын да ниеттенбейтін біреу бар! Ол кісінің аты Кемеңгер. Ол әр күнді тыныш өткізу үшін ғана бір мекеменің есігін күзетеді, мақсаты ақ нанын адал тауып жеу. Бұл жолға ол амалсыздан барған болатын, құлқынды жеңу оңай ма?!


 


Құлқынды жеңетін тек қана өлім.


 


Бұл жалғанда мәңгілік ештеңенің жоқ екенін шын мәніне жетіп, түбіне дейін түсіне алатын біреу болатын болса ол тағы сол – Кемеңгер.



Жатпай-тұрмай жинап терген жақсы атақ пен биік абыройдың өшіп қана қалатынын сол біледі. «Тарихта қалып, мәңгі сақталады» деген жақсы аттың өзі ұзаққа бармайтынын, бұл жаһанның бар марапатын, сыйлығын, байлығын түгел жинап алса да бәрі бір жалғанмен бірге жанып кететінін сезеді. Әрине жұрттың бәрі: «Бұл сандырақты кім естімеді дейсің»,-деп ақылгөйсіп қалатыны рас, десе де кемеңгердің ойы басқаша.


 


Кемеңгер әлдеқашан адамның өзі жорамалдап алған уақыттың құр сандырақ екенін біліп қойған.


 


Кемеңгердің тұжырымдауынша, адам өмір сүре алады дейтін жүз жыл уақыт - ғарыш әлемі бойынша алғанда бір секундқа да татымайтын бір сәт. Ал бізде ғарышты білуге жететін ақыл жоқ, мақұлықпыз. Қашан екені белгісіз бір сәт болғанда біз ғұмыр кешетін ғаламшар түпсіз тұңғиықтың ішінде жылт етіп жоқ болады. Сол тұста сенің тасқа ойып жазған ұлы есімің түгілі сондайда бір ғаламшардың, ондағы адам деген мақұлықтың болғанын білетін екінші бір мақұлық ешқашан сақталып тұрмайды.


 


Міне осындай мәнсіздікті білетін тек Кемеңгер ғана.


 


Ол мәнсіздік біздің ғаламшарда ғана бар.


 


Жер шары – іс жүзінде адамдар жаралмауға тиісті ғаламшар. Онда адамға пайдалы дәнеңе де жоқ. Бұл шардың жасы қаншаға келгенін, қашанға дейін аман тұратынын ешкім дөп басып айтып бере алмаса керек. Барлығы да болжамдар, тек заманақыр ғана шындық. Онда жасайтын сорлы адамдардың ғұмыры өте қысқа, ең үлкен шегі 100 жыл. Сөйте тұра сорлы адамдар сол қысқа ғана уақыт ішінде қасіретті өмір кешеді. Көп бөлігін су басып жататын көк түсті ғадамшарда үстемдік, соғыс, қанау, езгі, қызғаныш, кек, бөліну (ұлтқа, руға, нәсілге, партияға, дінге, дәрежеге, бай мен кедейге, бағындырушы және бағынушыға бөліну), талас (билікке, байлыққа, атаққа, жерге, мансапқа, қыз-қатынға, идеологияға талас), мәжбүрлеу (құл болуға, қатын болуға, борышкер болуға мәжбүрлеу), әйел зорлау, адамды адам есек етіп арбаға жегу (Қытайдың ұлы жазушысы Лао Шэ жазған «Түйе Шияңзы» романын оқыңыз), қару жасау (мылтық, ядролық қару, биохимиялық қару), есірткі өндіру, ген өзгерту, аспанды ою, жерді тесу, тау қопарып жер көшіру, есіру, ауру (рак, спид, құтырық, жұқпалы вирус), қаралау, кемсіту, шеттету, түрмелеу сияқты мәні жоқ іс қимылдар адамдар жағынан жүзеге асырылады.


 


Адамдар қарыны тойған сәттен бастап өзін көрсетудің қаракетіне көшеді. Оны танылу деп атасақ та болады. Осындағы танылу дегеніміз – шимай-шатпақ жазбаларды қырыққабатқа қосып сату, қара нәсілділерге көтертіп фотоға түсіру, жолға шығып өлең оқу, біреуді мақтаған болып өзін көрсету, елшілерге қосылып арақ-шарап ішу сияқты қарекеттер. Ал таныла алмай жүргендер танылудың жолын қарастырады, ең әуелі кітап немесе қылыш көтеріп тұрған адам мүсінін көп рет айналып мінәжәт қылады. Сосын қайдағы бір аралда тұратындардың ұйқы сұрағанда айтқан сөздерін аударма арқылы шала түсінген соң өзінен өзі айқайлау, сиырдың құлағына домбыра шерту, соқыр теке ойнау, аруақ шақыру, сырты бар іші жоқ кітап шығару сияқты қаракеттерге көшеді. Еліктеуден ештеме өндіре алмаса біреуге тоңқалаңдап тұрып табынады. Ол табыну кейде бір жыныстылардың махаббатына айналып кетеді. Сосын біреудің дәрежесі көтерілсе тымағын қолына ала салып құттықтай бастайды. Бірақ, олардың құттықтауы шапаны теріс кидірілген қызғаныш.


 


Тырбынысынан ештеме өндіре алмаған атақ іздеуші өзінен өзі қорланып жүреді, адамдар арасындағы қорлану дегеніміз мақтануға ештеңе таба алмай қиналу. Қорланған адам жан-жағынан күдіктене бастайды, осындағы күдіктену дегеніміз тас қараңғыда отырып жұмбақ шешу, қараңғыда сипаланып келе жатқан қатынын сайтан екен деп одан қорқу, төсегіне өрмелеп келе жатқан баласын ит екен деп теуіп жіберу сияқты қаракеттер.


 


Қорланған адам ашынады, ашынған соң ащы дауысын шығарады, ол шыққан дауысы орам ойдың жемісі болып саналады.


 


Арам ой – бұл сөзді халал ойдың антонимі деп қарастыруға мүлдем болмайды. Турасын айтқанда сауатсыз қаламгердің қисық қаламымен біріктірілетін әріп тізбектері.


 


Атақ үшін ит тірлік ары қарай тағы жағасып жатады. Атың шықпаса жер өрте дегеннің кебін киіп кім көрінгенмен себепсіз жаға жыртысып, шу-шұрқан шығару да көзге түсудің бір жолы. Бірақ бір ғана атақ бір адамға ғана бұйырады. Атақ қуудың соңы таубаға келумен ақырласады.


 


Таубаға келу – көгала қойдай болып сабалып, итше текпіленіп, есектей болып ес кеткенде мешітке барып садақа шығару, мың жылдың алдында бақытты болған деп айтылатын сарт атасын еске алып құран оқу.


 


Атақ үшін кеткен күш-қайраттың ақырғы нәтижесі арамтер деп аталады.


 


 


20.04.2020





Пікір жазу