03.09.2021
  199


Автор: Балғабек Қыдырбекұлы

Араздасса да, артынан келді

Әсіресе Күлтайға анау бет-аузын қаншиедей етіп бояп, бетінен екі қолы елі кетпейтін Жамалдың айтқан сөзі өтіп кетті-ау. Тағы қандай кекесінмен айтты десеңші:


— Сенің жігітің немене өзі, адам ба, әлдекім бе қаладан ауылға қашады. Сондай да мәдениетсіздік бола ма екен. Ең болмаса аузын буған өгіздей өзі кете берсе екен, «жүріңдер, комсомолецтер, ауылға мәдениет егейік» деп жұртқа жар салады. Сенің мәдениетсіз жігітіңнің «мәдениет егейік» деген сөзі әркімнің-ақ бүйірін қыздырып, бүгін менің Қамалым да еліріп: «Мен немене, Құлбайдан кем бе екем, ол аяқкиім фабрикасының атақтысы болса, мен тігін фабрикасындағы озатпын. Ол білетін техника тілін мен де білем» дегенді шығарыпты. Сен ол маймұрыныңды неге тыйып қоймайсың,— деді-ау.


Оның бұл сөзіне Күлтай ыза болыңқырап қалып: «Мұрын өзінікі ғой, ол біреудің мұрнын алған жоқ, онда кімнің жұмысы бар» деп ашуын басқандай болды да, Құлбай жайын, оның фабрикадағы белсенді комсомолец екенін, оның не істеймін десе өз еркі, өз правосы өзінде екенін айтып еді. Жамал оған әңгіме тиегін ағытып кеп жіберді:


— Сен өйтіп босбелбеуленбе. Еркек дегенді еркіне жібере берсең, еріге береді. Оларды басынан қолға алмасаң, кейін басынып кетеді.


— Е, еркінше жүрмегенде мен оны қалай кісендеймін?


— Ойбай-ау, өзіңнің ақылың бар қыз шығар деп жүрсем, ақылдан шайнам ештемең жоқ екен ғой.


— Артығыңыз болса ауысарсыз.


— Өйтіп кекетпей-ақ қой, бірақ мен саған адам болатын жағынды айтып отырмын. Тың жер, тың жерді қайтесің. Ол бір құлан жортпас құба жон емес пе? Жаңа үй болып, есіңді біліп етектеріңді жапқан кезде шаңырағыңды түтетіп, ит арқасы қиянға қаңғып не бар.


Жамалдың қас-қабағын көріп, әсемсіп-бәлсіп айтқан сөздері осы тәріздес болды. Әрине, Құлтай оның сөзіне артық жауап берген жоқ тек: «Ол жерде де біз сияқты адам тұратын шығар» дей салған болатын.


Бірақ үйге келісімен Жамалмен арада болған әңгімені ойлап отырып, Алмалық сияқты әсем қаланың көркі көзіне елестеп, оны тастап кету өз ойынша әлде не болып көрініп Құлтай соның сөзіне ауытқып сала берді.


Жолдамасын қолына алып үйіне Құлбай кіріп еді, Күлтай бұлан-талан жылап отыр. Жылаудан көзі қызарып, көз еті бұлтиып ісіп кетіпті. Бетіне жұқалап жаққан опа көзден аққан жаспен айғыздалып, соры шыққан былғарыдай саталданыпты да қалыпты. Құлбай да Күлтайдың неге бүлініп отырғанын сезе қойды. Оның есіне «қасында отырып мыжыңдай берсе, көргенде көресіні әйелден көрерсің» деген тұрмыстан бытыраңқырап жүрген біреудің сөзі түсіп, жүрегі су ете қалды.


— Не болды, Күлтай?


— Бармаймын, Құлбай.


— Қайда бармайсың?


— Құс қанаты сөгіліп, құлан тұяғы тозған құла дүзге бармаймын.


— Бармай-ақ қой. Өзің де бармайсың.


Бұл сөз Күлтайға бұрынғыдан да жаман тиді. Күлтайдың зығырданы қайнап, ызаға булықты. Ішінен қызғаныштың оты тұтанып, түтеп сала берді. Ал Құлбай бұл сөзді әзірше бармай тұра тұрар және өксігі басылып, өкпесі тарқасын деген оймен айта салып еді. Бірақ Күлтай оны басқаша түсінді. Оның есіне кеше қайдағы-жайдағыларды айтып отырып «сенің жігітіңнің ойы басқа» деген Жамалдың сөзі түсе кетті. Күлтай одан сайын өкіріп өксіп жылады.


Сенің ойың менен құтылу ғой,— деген сөз Құлбайды қатты ренжітті. Олар бұдан бұрын ренжісіп көрген жоқ, тіпті ренжісетіндей уақыт болған жоқ. Бар болғаны қосылғандарына екі-ақ апта болды. Құлбай қалай айтса да, Күлтайға тың жерге аттануды түсіндіре алмай-ақ қойды. Кейін келерсің десе Күлтай одан жаман жылады. Сонымен бірі төсекте етпетінен жатып жылаумен, бірі орындыққа шоқиып отырумен таңды атырды. «Кеше қосылып едік осы уақта, айрылғалы отырмыз күншуақтаның» кері келді.


Осы кезде терезе алдына келіп тоқтаған машинаның гүрілдеген мотор даусы естілді де, автомобиль гудогі «дут дут» деді.


Күлтай, мен жүргелі тұрмын, қоштасалық,— деді Құлбай.


— Жүре бер,— деп Күлтай зекіңкіреп айтты. Бұдан соң қоштаспайтыны білінген соң амал не, ол чемоданын алып, есікке сырғи берді. Машина моторының гуіліне құлақ тігіп, оның кететініне сенбей отырған Күлтай терезеге көз тастап еді, чемодан салып жатқан Құлбайды көрді. Ол жалаң аяғына кебістің басын іле салып далаға шыққанша машина зырғып жүріп те кетті. Үйге асыға қайта кірген Күлтай көзіндегі мөлтілдеген жасы ыршып асығыс киініп, вокзалға жөнелді.


Ол апыл-құпыл перрон билетін алып, поезға шығып еді, поезд нақ Күлтайдың келгенін көре салып жүруге уәделескендей жайлап қозғала бастады. Поезд жүріп кеткен соң Күлтай барлық мүмкіндігінен айрылғандай еңіреп жіберді. Күлтай жыламақ түгіл бақырсын поезд оған қарасын ба, жүрісін бірден бірге екпіндетіп, ақыры жүйткіп жөнелді. Бұл март айының іші еді.


Үйге келген Күлтай өзін өзі қатты кінәлады. «Сол бір Жамалдың сөзіне еріп... «Сүйреңдеген жаман тіл сүйгеніңнен айырар» деген осы екен ғой». Ол алыс жолға кетіп бара жатқан жолдасын ренжіткеніне қатты өкінді.


...Поездан түскен Күлтайды жүк машинасы алып кеп жөнелді. Көз көрім жердің бәрі бір бұлдыры жоқ жап-жазық және пісіп тұрған сап-сары егін. Оның машина үстіндегі ойы әлі де тоқтамай келеді. Совхоз деп жүргені бес-алты үй шығар.


Машина бір қаланы аралай келіп, жаңа салынған ағаш үйдің қасына тоқтады.


— Түсіңіз,— деді шофер. Күлтай ренжи, қабағын шытқан бойы машинадан түсті.


— Жолға тастап кетесіз бе? Мен енді немен жетемін?


— Енді қайда бармақсыз?


— Бағана өзіңіз айтқан совхозға.


— Сол совхозға, өз үйіңізге келдіңіз,— деді шофер.


Өтініштің өкініші қатты болды-ау деп жүрген Күлтай


бүгін өтініштің қуанышына кенелді. Бірақ араздасса да артынан келгеніне намыстанбады, өтініштен туған өкініш есіне түсіп, ұялып та, қызарып та кетті.


1955





Пікір жазу