03.09.2021
  177


Автор: Балғабек Қыдырбекұлы

Алпыс еркек ат үстінде

Ел аралап, су кешіп Оңтүстік Қазақстан облысына келдік. Мақта жинау науқанының қызу кезі екен. Сарыағаш ауданындағы Киров атындағы колхозға жақындадық. «Бұл кеңседен де адам таба алмаспыз»,— деді де, жолдасым: «қой, тыпа-тыпа тіл-аузым тасқа, табылмаса табылмасын, әйтеуір мақта жинала берсін» дей қалды. Мен де мұның қарап отырып мазасызданғанына тандана қойғаным жоқ, жалпы жақсы тілек қой деп отыра беріп едім. Бірақ ол іле-шала:


— Тойды қара, той,— деп бүйірімнен түртіп қалды.


— Не той, мезгілсіз уақытта?—деймін мен түсіне алмай.


— Топылдаған тұяқ, топырлаған адамды көрмеймісің? Жоқ, мынау кәдімгі той!


— Е, оның несіне өзеуредің, колхоз мақта терімін аяқтап, «сабан той» жасап жатқан шығар. «Бітер істің басына, жақсы келер қасына» дегендей, өзіміздің аузымыздың салулысын-ай!—деп мен де бір желпініп алдым.


— Ия, басты мен мұжысам, құлағы саған тиер,— дейді ол,


Той болып жатыр дегеніміз колхоз кеңсесі. Іші толған адам. Анаумен де, мынаумен де танысып қарқ болып жатырмыз.


— Мынау отырған,— деп бастады ортада отырған пысықшалау жігіт,—колхоз табысының тұтқасы — колхоздың бухгалтері Құлмұрат Төлеев, мынау екі кітаптың иесі, оның көмекшісі Айтмырзаев. Ал мына бір жігіт көмекшінің көмекшісі, алып кел, барып келге жүретін ІІІумаев.


Басқа отырғандардың лауазымы ешкімнен кем болмай шықты. Мысалы мына екі жігіттің бірі бригадир, бірі көмекші. Ия, шынын айту керек, бір ерекшелігі: мұндағы әрбір қызметкердің бір-бір көмекшісі бар екен. Көмекші деген қандай жақсы. Жат десең жаныңда, тұр десең, қасыңда емес пе? Осындай қанатына су тимес көмекші жігіттерді санасаңыз, бұл колхозда ондайлардың саны отызға жетеді. Нағыз белсенділер өз алдына. Ия толық бip бригада ғой. Көмекшілердің аттары да қандай әдемі, айтып көр: Байбосынов, Нұрсейітов, Қалдыбеков, Ырсымбетов тағы тағылар.


Осылай жеке танысып, желпіне сөйлесіп отырғанымызда ортамыздан бір шешен жігіт суырылып шыға бергені бap емес пе. Алға шыққан жүйрікті бетке қағар болар ма?


Сөйле, сөйле! Жігіттің жігіті қызыл егесте, қызыл өңешімен көзге түседі. Берме жолды, берме,— деп біреулер есіртіп қойып еді, әлгі жігіт аяқтыға жол, ауыздыға сөз берер болмады, кеңесті күбітті-ай дейсің.


Мақта терімі бүгіп 26 процент болды Қазір жұмыс қарқыны қауырт; күніне бір процент өседі. Сонда біздің мақтаны бітіруімізге жетпіс төрт-ақ күн керек, яғни январьдың ішінде-ақ бітіріп тастаймыз. Бітіріп тастаймыз да, тойлаймыз...


Бұдан кейінгі әңгіменің сиқы былай келді. Тойды тойлағанда кімнен бастайды? Әрине, үлкен десе, колхоз бастығынан бастау керек шығар. Жоқ, оған колхоздың басқа белсенділері көне қоя ма? Анау жүрген Байғабылов, Бұғыбаев, Борамбаевтар өзін кімнен кеммін деп жүр. Апырай енді қалай? Е, емі табылады. Алфавит ретімен бастау керек. Бірақ, онда да алғашқы той ағайынды Айтмырзаевтардың үйінде болып кетеді-ау. Мейлі-мейлі, онда Бұғыбаевтар да, колхоз председателі Кузьминдер де жуан ортада болады, Міне қызық! Егер колхоздың атқамінер алпыс белсендісінің үйінде алпыс күн той болса, жазың түгіл алты ай қысың да жетпес.


Бұл әңгіменің нақ ортасында, ағайынды белсенділер Байтақовтар, Шурилов, Шумаев сияқтылар да тыс қалған жоқ, қызыл кеңірдек болғанша айтысып жатты...


Жұмыстың қауырт кезінде колхоз белсенділері кеңседе құр кеңес, қысыр әңгімені осылай соғып отыр екен.


Ал осы кезде колхоздың мақта плантациясында қызу кедес те, қауырт жұмыс та жоқ еді. Жаңағы отырған көп пысық, сөзге пысық болғанымен, іске мешел жандар болып шықты. Мақта шыққанмен, мақташылар жұмысқа шықпаған ба, әр жерде бір адам. Іздеп жүріп бірнеше адам басқосқан жерді әрең таптық. Плантациядағылардың бәрі де әйел. Осы жерде ойымызға бір күдік сап ете түсті. Әлде макта ер адамның организміне зиян келтіретін шығар. Әйтпесе колхоз кеңсесіндегі қаптаған еркек неге макта термей отыр. Оның үстіне мақта жоспарын орындауда колхоздың артта қалғаны мынау.


Апырай бұлай болса қиын екен...


Ауызға келген сөзді айтпай кете алмадық білем. Мақта терімші жеңгейлердің кенесіне араласа кеттік.


— Қайным-ау, майысып мақта теріп қайтсін, лауазымды арқалап жүрген олардың өздері түгіл, әйелдері де мақтаның басына келмейді. Мысалы, Кузьмина мен Жұматаеваның нақ қазіргі сағатта қос жастық қойып, шынтақтап іші пысып жатқанына мен кепіл. Алдында қалау, көңілінде қалау.


Петр Васильевич Кузьмин председатель болғалы еркек атаулы түгел әкім қойылды. Тіпті қызмет орны жетпей қалған Момбаев, Шойымбаев, Құлжанов сияқтыларды да орналастырып жіберіпті. Оларға ат үстіндегі қарауыл деген атақ берілді. Әйтеуір өйтіп-бүйтіп бәрінің санын алпысқа толтырыпты. Мақтада басы қарайған еркек кездеспейтіні де осыдан екен.


Бұл алпыс белсендінің қайсысының болса да ұялмай-қызармай айтары: «Мақта теру әйелдің жұмысы». Олардың басона біткен ерекше қасиеті де бар. Атқамінер атанса, сүйіншіге атан түйе беруге шыдайды. Мансабынан айрылса, колхозын тастап, Ташкентін қойып, Марғұланға көше қашады.


Атқамінер еркектің бәрінін көңілін тауып, ат үстіне орналастырған соң, колхоз председателі Кузьмин оз құлқынын да ойлап шарапханаға бір сүнгіп кеткен екен, 375 литр шарапты біржола құртып жіберіпті, «Колхоз мүддесіне босат, қағазды құрт» деп жазыпты ол қамбашыға. Тағы бір адамды жіберіп: «Жүз литр шарап бер, шатағы болып жүрмесін, жоғалтып жібер жазуды» депті. Әредікте ол аттан түспес ағаларын да, інілерін де бауырына тартып отырыпты. Оның бірі бұрынғы бухгалтер Әлимов екен. Ол Рахимов деген біреу арқылы бір кеспек шарапты Ташкентке саттырып, одан түскен он алты мың сомын бастық екеуі бөлісіпті. Тағы бір тоннасын тағы Ташкентке жөнелтіпті. Жазу деген жалаға ұрындырады, жазбай-ақ қой депті Кузьмин бухгалтеріне. Одан кейін председатель бір жарым тонна бидайды саттырып, түскен ақшасын бөлісуге келгенде белсенділер атты қоя беріп, білегін сыбана кіріскен екен, ақыры үлестерін алым шығыпты. Ат үстіндегі жағдайымыз кейде пайдалы болса да, кейде зиян екен, үлестен махрұм қала жаздаппыз депті.


Бағанағы, кеңседегі керіс есептен артық шыққан төрт тонна шараптың шатағы екен, Мұндай алашақ жағына келгенде, аттан түспес еркектердің ешқайсысы атты керек етпей, байлап тастап ақ қызыл кеңірдек дауға кірісіп кетеді екен Дүние көз тұндырады деген осы-дағы.


Ақыры бұл аттан түспес алпыс белсенді мақта терудің қауырт кезінде де жұмысқа қол ұшын тигізбей, «Молдабайдың» әнімен:


Тергізбей мақта әйелге
Еркектің сәні келмейді,
Ат үстінде күн көрмей
Ағаңның сәні келмейді.
Шарап ішіп шалқымай,
Атқамінер атанбай
Ағаның сәні келмейді,—


деп ыңырана толғанып, ат үстінде шалқиып отыра береді екен.


1954





Пікір жазу