02.09.2021
  339


Автор: Асқар Алтай

Сібір офицері

Бұл оқиға 1986 жылғы Алматыдағы аты шулы желтоқсан күндерінен соң алыстағы Сібір орманы ішінде болды. Арада жеті күн өткеннен кейін ешкім күтпеген жай еді...


Ақиқатында, желтоқсандық жай ой-санасын емес, жан дүниесін астан-кестең етті. Ал кейінгі саналы әрекет ол сұмдықтың қасында түк емес.


Қазір бәрі де түс секілді...


І


Сол күні Бурахан казармадағы түнгі кезекшіліктен келіп, түске дейін тынығып алып, жары Александрамен ас ішіп отырған.


Қаперлерінде түк жоқ. Александра өзі аттас арғы ұлы әжесі Александра Григорьевна Муравьева, арғы ұлы атасы Никита Михайлович Муравьев жайында әңгіме қозғаған.


— Хан, — деген Александра еріне қойған сүйікті есімімен атап, — әжем мен атам жөнінде тағы да тың деректерге жолықтым.


— Иә, ол қандай деректер?


—Архивтегі әлдебір папкалардың ішінен әжем мен атамның бір-біріне жазған хаттары шықты. Олар Новосібір архивінде жатқаны да түсініксіз. Хаттар 1826–1827 жылдары Санкт-Петербург пен Нерчинск арасында жазылыпты. Ондағы екеуара айтылған адал сезім мен махаббатқа тәнті болдым. Сен екеуімізді ойладым... Сондай қиын күн туса, қайтер едік деп.


Бурахан үндеген жоқ. Алдындағы қара шайын сораптады.


— Мен әжеме таң қалам! — деп Александра әңгімесін жалғады. — Декабристердің әйелдері арасынан бірінші болып Байкалдың ар жағындағы күйеуіне баруға бас тіккен. Ол заманда Сібірді құдайдың өзі де ұмытып кеткен, нағыз қарғыс атқан жер ғой.


— Атаң үшін ғой. Ол декабристердің бас идеологы болған емес пе?! “Конституциясын” жазған... Ондай адамның соңынан жер түбіне баруға болады.


— Десе де... қазір ондай әйелдер жоқ.


— Сен ше?


— Білмеймін, хан!


— Иә, ондай күн туса, кім білсін?! Адамның адамдығы сондайда сыналады.


— Қойшы, Бура! Мен өзімнің диссертацияма байланысты айтып отырғаным ғой. Сен тереңдеп барасың.


— Саша, ренжімеші! — деді Бурахан жас жарына деген жылы мейіріммен. — Мен сені осындай текті тұқымның ұрпағы болғаның үшін де, ақыл-парасатың үшін де сыйлаймын ғой. Пушкиннің декабристерге жазған өлеңін де Сібірге жеткізген әжең емес пе?! Ол кісі тегін емес.


— Ұлы ақын Пущин досына арнаған ғой... Атамыздың дворяндық демократтығы әжеме ерекше ықпал етсе керек. Бір хатында атақты тарихшы Карамзинді “Ресей тарихын бұрмалаушы” деп атамызға жазыпты. Карамзиннің мақаласын Забайкальеге ала барам депті... — дей бергенде, телефон шылдыр ете қалып, Александраның сөзін үзіп жіберді.


Александра жеңіл көтеріліп барып, төргі үйден телефон сымын шұбалтып алып келді. Кезекші офицер екен, Бураханға гарнизонға тез жетуді бұйырды. Бүкіл гарнизон аяғынан тік тұруда: “ЧП” деді.


Бурахан әскери офицерге тән қимылмен “аға лейтенант” шенді кителі мен шинелін іле салып, Александраның бетінен сүйместен аттанды. Новосібір қаласының шетіне таман орналасқан әскери қалашық пен әскери гарнизон бір алапта еді.


Желтоқсанның ызғар қарыған ауасын қасқырша қауып, танауынан буы бұрқырып, жүгіре басып жеткенде, өзге де офицерлер асығыс келіп жатыр екен.


Гарнизон бастығының бұйрығы шолақ болды. Сағат беске дейін арнаулы әскердің құрамынан екі жүз жауынгерді іріктеуді тапсырды. Ішкі істер әскеріне жататын арнаулы әскери бөлімнен моральдық жағынан ұстамды, бұйрықты бұлжытпай орындайтындарды бөліп, барлық қажетті құрал-жабдықтармен, арнайы үйретілген иттермен қосып, Бурахан секілді жиырма шақты жас офицер күн бесінге ауа сақадай сай тұрды.


Сол бойда оларды қаланың шет жағындағы әскери әуежайға алып келіп, “АН- әскери-транспорт ұшақтарына бөліп-бөліп отырғызып, қараңғы түн құшағында белгісіз бағытқа ұшырып жіберді. Негізгі бұйрықты да аспанда — әуе лайнері ішінде алды.


ІІ


Көк төріндегі түнгі ызғардан сүңгіленіп жеткен ұшақты Алматы тұнжырап қарсы алды. Мұздай қаруланған сұсты әскер Сібірдің суығын ала келгендей, жай күнде оңтүстіктің жылымығына жусайтын қала іші сақылдап тұр екен.


Ұшақ табалдырығынан түскен бойда әскери көліктер күтіп алып, астаналық алаңнан бір-ақ шықты. Бұлар кешігіп жетіпті.


Келген бойда қан-қасапқа қойды да кетті. Алаңның батыс жағынан түре тиген арнаулы әскер тобы офицерлер берген бұйрықты мүлтіксіз орындай бастады.


Алаң толы өздері секілді өңшең өндірдей жастардың қарусыз толқыны мен бастары каскалы, қолдары резеңке келтекті, темір қалқанды, жамбастарында сапер күректері салпылдаған әскерилердің қарулы толқыны тіресе шарпысты. Арнаулы дайындықтан өткен жендет жасақ қалың нөпірді толқи иіріп, тұс-тұсынан иесіз қой табынындай үйіре бөліп, бөлшектеп алып, ер-әйел демей, бас-көз демес қатыгездікпен соққыға жықты. Бөрідей боп білек сыбанып кіріскенде, екі жағы да ашу-ыза мен тепкі соққы әсерінен жындары қозып, көздеріне қан толып кеткен еді.


Бурахан да аямасқа бекіген. Бұған алғашқы сәтте-ақ әлдебіреу бетпе-бет кеп, қолындағы мрамор плита сынығымен тізеден соғып, етпетінен түсірген. Ет қызуымен атып тұрған бұл әлгі ұзынтұра жігітті ебін тауып сұлатқан. Сол-ақ екен иықтаса қатар тұрған жасағы әлгі бейшараны ес-түсінен айырылта езіп тастады. Содан бері Бурахан қара көлеңкеде арыстанша арпалысып жүрген өз қандас бауырлары екендігін де естен шығарып алды. Желтоқсанның желсіз үскірігінде демі бұрқырап, қарны шұрқырап, жаны ышқынып, қаны қызып кіріскен. Қыздарды шаштан сүйреп, жігіттерді жағадан алысты. Жан алғыш жендетке айналды.


Адам баласының арасында болған оқсыз, бірақ арсыз қанды майдан түн ортасы ауа толас тапты. Алаң бетін жапқан ақ қар, көк мұз қанға шыланып, тамшылаған жасқа қатып қалды. Әр-әр жерде жаралы жандар, талықсыған тәндер жатты. Оларды да бұлар қасқыр тартқан малдай теріп алысты. Жергілікті тәртіп сақшылары топ-тобымен түн қойнына жытырып әкетті.


Ертеңінде де осы көрініс қайталанды. Бір адам толқынын келесі толқын басып, ымырт жабыла тап кешегі сұрапыл айқас қайта қызды. Өрт сөндіргіш көліктерден суық су шаша отырып, түн ортасына таман желтоқсандық жастар легін әрең таратты.


Алаң айдынында айқас кешегіден де күшті, көктайғақ төсінде топалаң тигендей таяққа жығылғандар кешегіден де көп болды. Бұларға көмекке келіп жеткен басқа да арнаулы әскери жасақтар аянып қалмады. Желтоқсандықтар “фашист” деп бағалағандай, нағыз “карательдік” қатыгездікке барды. Қаһарлы суықта қарусыз қайрат көрсеткен жұртты жаппай қанға бөктірді.


Бураханның да жүрегі неше мәрте лоблып, неше мәрте беріштеніп, жан дүниесі астаң-кестең болды. Желтоқсаншылардың жазықсыз жүзі, жалғансыз сөзі ойын онға бөлді. Санасын да семсердей осып, жанын қоярға жер таппаған сәттерді де бастан кешті. Тіпті әлденені сылтауратып, 18 желтоқсан күні өз жауынгерлерінің жауырынына тығыла берді...


Мұны байқап қалған Станислав деген офицер: “Сен немене, қазақтарға жүрегің ауырып тұр ма? Ә, қазақтығың ойыңа түсті ме?!” деп қыжырта тиіскен. Бұл бірақ оны елемеуге тырысты. Дегенмен жүрегі шаншып-шаншып қалғаны бар.


Аяқталмайтындай көрінген алаңдағы “мұз қырғыны” да тыным тапқан. Айналдырған екі күнде бұл екі ғасырды бастан кешкендей болды... Соңғы күндері тұйық, ашуланшақ боп кетті. Үш күннен кейін Новосібірге ұшақпен қайтып келе жатқанда да көңілі құлазып, жүрегін әлдене жаншып тастағандай күйге енді. Есіне үйде қалған жас жары Александра түсе берді. Оның өткен ғасырдың алғашқы ширегінде болған “Декабристер көтерілісі” туралы, декабрист атасы мен ғажап әжесі жайында айтқан әңгіме сарыны санасында жаңғырыға оянды.


Ештемені ойламауға тырысып, көзін жұмып, ұйықтағысы келді. Әлде әскери ұшақтың гүрілінен, әлде жауынгерлердің өзара дүбірінен ұйқысы келмеді. Қарсы алдына біреу келгендей болды. Көзін ашып алды. Қасқайып Станислав тұр.


— Буря, — деді ол, — сен таза адам емессің... Сен офицер емессің. Совет офицері атына кір келтірдің!


Бурахан қалай атып тұрғанын өзі де сезбей қалды.


— Сен... сен... — деп Станислав бір адым шегінді. — Сен


сатқынсың... Сен ұлтшылсың!


— Молчать! — деп Бурахан да ақырып жіберді.


— Не ори! — деп Станислав тағы шегінді. — Мен шындықты айтып тұрмын. Сен өткен жолы желтоқсаншы бұзақыларды соққыға жыққан жоқсың. Қайта оларды қорғаштап, кейбіреуін құтқарып жібердің... Жауынгерлер — куә. Олар, міне, отыр ғой. Қане, құдайшылығын айтыңдаршы!?


Олар бірақ үндеген жоқ. Екі офицердің арасына сот болғысы келмесе керек. Бураханның төбе құйқасы шымырлап кетті. Аузына сөз түспеді. Денесі өз-өзін игере алмай, ыстық темірмен шыжғырып алғандай қалш-қалш етеді.


— Буря, — деді Станислав, — мен сені аяймын! Ұлтшылдығың үшін емес, ел үшін мақтану керек... Мен де ұлтшылмын. Кещелігің үшін аяймын!


Бурахан тіл қата алмай, жүйке тамырлары сымдай тартылып, қан тамырлары солқылдап әкетіп барады. Екі көзі Станиславқа қадалып, қозғала алмай қалған. Қос жұдырығы түйіліп кетіпті.


— Андағы қара көздеріңді шақшитпай-ақ қой. Көздерің бәрібір түк көрмейді... Ха-ха-ха! — деп Станислав қарқылдап жіберді. — Қорықпа! Мен сенің үстіңнен “декабристерге” көмектесті деп “донос” жазбаймын... Өйткені орыс офицерімін. Айтсам — көзіңе айтам.


Қаны басына шапшыған Бураханды бір-ақ ой биледі: “Мені мына жауынгерлердің алдында “ұлтшылсың” деп жер қылмақ”.


—... Тағы да айтам: сен кещесің! Сен өз қатыныңның досың Михайлмен ойнас екенін білмейсің... О, сорлы! — дей бергенде Бурахан Сібір сілеусінінше атылды.


Станислав екеуі ұмар-жұмар құлады. Сонда ғана бағанадан үнсіз бақылап отырған елу шақты жауынгердің бес-алтауы араша түсті. Атандай-атандай жігіттер тез-ақ ажыратып алысты.


Ұшақтан түсіп, гарнизонға жеткенше күн де кешкіріп қалды. Жауынгерлер казармаға бұрылғанда, офицерлер әскери қалашықтағы үйлеріне қарай тартқан. Бурахан ғана жауынгерлермен бірге кетті... Оған ешкім үндеген жоқ. Ол да тіс жармады.


Жауынгерлермен кешкі асқа асханаға барып келсе, іңір қараңғылығында казарма алдынан әйелі күтіп алды. Александра бас салып құшақтап, бет-жүзінен сүйіп-сүйіп алса да, бұл салқын амандасты.


— Кешір, Саша! Мен бүгін казармада қалайын! Ертеңгі кезекшілігімді бүгін атқарып тастайын, — деді.


— Жаным-ау, жүдеп кетіпсің! Қырынбапсың да... Ертең-ақ келмейсің бе? Мен де сағындым! — деп қиыла қарады жап-жас әйелі.


— Жоқ! Бүгін атқаруым керек... Сен, ғапу ет мені! — деп кесіп тастады.


— Ладно, дорогой мой! — деп Александра да күйеуінің кірбің қабағына қарады. — Проводи меня! — Даусынан өкпе сезілді.


Александраны шығарып салып келісімен, Бурахан жауынгерлердің біреуінің төсегіне қисая кетті. Сонда ғана иығын басқан белгісіз зілден арылғандай боп, бойы да дел-сал күйде босаңсып сала берді. Көзі де жылдам ілініп кетті.


Қоңыр салқын казарма іші кең еді. Жауынгерлер де жата-жата қалыпты. Сыртта ғана биік шыршалардың басын бұлғап, тайга бораны көтеріліп келе жатты.


ІІІ


Бурахан таңғы әскери оятуға дейін тұяқ серіппеді. Құтты өлген адамдай серейіп түсіпті. Есесіне сергіп оянды. Жауынгерлер де тыңайып тұрды.


Ертеңгілік әскери әбігерден кейін де үйіне қарай аяғы жүрмеді. Қарадай жүрексіне де берді. Бұлардың бәріне де бүкіл гарнизондық сап алдында алғыс жарияланып, мемлекеттік марапаттауға ұсынылатыны ескертілді. Саптағы Станислав та мұны оқты көзімен атып қойып, өз қол астына қарайтын жауынгерлерінің ісімен болып кетті. Оның бірақ тұздай көзі өңменінен өтіп, жүрегін тағы шаншып алды.


Мұның ақыры не бүк, не шік болатынын екеуі де түсінді. Александраға кешке қарай барам деп қойып, Бурахан әлдебір іске белін буды. Казармадан айналсоқтап шықпай қойды. Кезекші прапорщик екеуі жауынгерлермен бірге қару-жарақ бөлмесіндегі қаруларды тексеріп, бәрін тазалатып, майлатып шықты.


Сондай бір әредікте Бурахан жұрттың көзін ала бере тапаншасын қойнына сүңгітіп жіберді де, офицерлер тапаншасы тұратын жәшікті сарт еткізіп жауып, кілтін кезекші прапорщикке бере салды. Жауынгерлермен әңгімелесіп тұрған ол бұдан күдіктенбестен, кілтті қалтасына сала салды.


Бурахан енді үйіне жеткенше асықты. Ұйытқыған боранға қарамастан жылдам адымдап, төрт қабатты қазыналық биік үйдің алдында тұрды. Ептеп кеудесін басып қойды. Тапанша орнында екен. Өңірін ашып, боранды кеште кителінен тапаншасын алып, шинелінің төс қалтасына тоғытты.


Қараңғы дәлізге кірді. Көрдей қараңғылық қамап алды. Ағаш жақтауға қолы ілікті. Бетон баспалдақпен көтеріле берді. Өзін адал адам сезінетін еді. Абат заманның азат азаматымын деуші еді. Абақты қоғамның әділетсіз адамы екен. Ке-сімді биліктің кесірлі пендесі боп шықты. Шел басқан көзін енді ашты, тұман торлаған көкірегін енді көтерді. Соқыр санасына саңылау түсіпті.


Кісенді қоғам зорлығын істепті. Аңқау офицер әмірлі биліктің құрбанына айналыпты: бұйрық — қатал... саясат — сайқал... Жазықсыз қолын жазалы етті. Енді аянар не қалды?!


Алдамшы өмір қорлығын істеді. Қылықты жар жымысқы жігіттің құшағына құлапты: әйел —сайқал... жігіт — жайыл... Жазықсыз жанын жаралы етті. Енді аялдар не қалды?!


Аз күндік алағай-бұлағай сезіміне Алматы кінәлі! Жанын жегідей жеген де, намысын жер қылған да желтоқсан. Көзін ашқан да, көңілін басқан да... сол желтоқсан. Енді шегінер шеп жоқ. Ақиқатты алдаспандай алдынан тосқан да Алматы желтоқсаны... Адам болса — арын ақтап алуға тиіс! Арсыз хайуан болып қала алмасы хақ. Тек сыр берме! Сұлу әйел алдында да, әмірші армия ығында да әлсіздік таныта көрме!


Бурахан тыстағы тайга боранындай ұйтқып өткен осы бір оқыс ойға ұйып, үшінші қабаттағы есік қоңырауын басты. Есік көзінен атлас халатпен қарсы алған Александра мойнына асыла кетті. Ол тіпті бұған сырт киімін шешінуге әрең мұрсат берді. Сөзге келтірместен жетектеген күйі жатын бөлмеден бір-ақ шықты. Екеуі де алғаш табысқан ғашықтардай тілсіз түсініп, көзсіз өбісіп жатты... Осы бір сәт бұл екеуінен бақытты ешкім жоқ еді. Желтоқсанның боранды кеші де, күңгірт тартқан бөлме де ұмыт болған. Бар дүние бір сәтке сұлу жар мен атпал азаматтың еркіне беріліп, олардың ес-түссіз сезімінде балдай еріп кеткен еді.


Әлден бір уақытта екеуі кешкі асты ішті. Ас үстінде ешкім сөз суыртпақтамады. Алматыдағы аты шулы жай туралы да тіс жармады... Тек шай келгенде:


— Саша, адам қалай тез өледі? — дегенде, Александра қара шайына шашалып қала жаздады.


— Түу, қайдағыны айтатының не?! — деп ренжіді. — Сен өзі Алматыда адам өлтіріп келгеннен саумысың?


— Кешір, Саша! Байқамай аузымнан шығып кетті...


— Әскери сен білмегенде, тарихшы мен білем бе?! Қызық адамсың... Сұрақтарың да ібілістің сауалы.


— Жә! Ренжімеші енді! Мені бір нәрсе мазалап... — деп орнынан тұрып кетті.


Александра ыдыс-аяқты жуып-шайғанша Бурахан да жеңіл ғана шайынып, төсекте оны күтіп жатты. Ол бірақ әлденеге айналып, жуық маңда келе қоймады. Мұның төзімі таусылайын дегенде ғана жатын бөлменің есігін ашты.


Сымбатты мүсінді, тығыз етті, ақ-сары түсті балғын дене Бураханды еріксіз баурай жөнелді. Ер-азаматтың қойнына жанаса еніп, Александра: “Жарықты өшірші!” деп наздана үндеді. Ірге жағындағы қабырға шам — “браны” өшіріп жатып, “Бұл түн — мендіксің...” деді Бурахан ақырын ғана.


Александра да жұлып алғандай: “Болашақтағы түндер де сенікі... Мен мәңгілік сендікпін” деп серіппедей созылып, солқылдаған талдай орала берді. Сол-ақ екен екі жас көктемгі бал құрақтай буынсыз ырғалып, көл бетіндегі толқындай шуылсыз шомылысып кетті... Бұл бір ләззатқа шөліркеп, ұзағынан қауышып, ерік-жігермен шынайы табысып қалатын сұңғыла сәт еді. Екеуі де бір-бірінің көңіл қошын келтіріп, риясыз берілісіп, күллі әлемнің көлеңкелі де, сәулелі де жақтарын ұмытысқан сауықты, рақат кезең-ді. Оған тек түн куә болып, түн кінәлі болып, тар бөлме де тұнжырап тұрған.


Жан жұбанып, тән тыныс тапқан бір шақта:


— Хан! — деді Александра. — Таза кителің мен шинеліңді шығарып қойдым... Таңертең соларды ки, аналарды жуып қояйын.


— Жарайды, жаным! — деді Бурахан. — Саша, адамдар неге аз жасайды екен?


— Ұзақ жасасақ, қадіріміз болмайды.


— Дұрыс айтасың, адам иттен қадірсіз... Менің оған көзім әбден жетті.


— Қойшы, Хан! Тағы не айтып барасың? Пессимист болма!


— Қалай болмайсың? Көргенің де, сезгенің де, тіпті сүйгенің де өтірік... бәрі жалған...


— Мен де өтірік екенмін ғой... Мен де жалғанмын саған, — деп Александра теріс аунап түсті.


Екеуі біраз уақыт үнсіз жатысты. Бурахан шалқасынан түсіп, екі алақанын желкесіне жастық қылып жатқан күйінен айнымады.


— Иә, қысқа ғұмыр... қас қағым мезгіл, — деді ол, бірақ әйелі үндемеді. — Асылып өлдің не, атылып өлдің не... бәрібір бір өлім.


Жас жарымен арада бір-бірін сана мен тәннен де жоғары деңгейде жақындастырып әкететін, рух пен рухтың қауышып қалар, біртұтас жан гармониясы бар еді. Бұларды сырттай білетін жұрт екеуінің бір деммен тыныстағандай, әркімге-ақ сезіліп тұратын шынайы жан толқынысына таң қалысатын. Бүгін күн сол бір жайға сызат түскен. Оны ақтық таң алдында, ақ жайма үстінде тыныстап жатқан жары да білді... Екеуі де шығарда жан жат екенін түсінді.


Бурахан Александраның иығы селкілдеп жатқанын сезді.


Дереу қабырға шамды жақты. Жарының жұп-жұмыр иығынан аялай сипады.


— Қой! Сашенка, не болды? Соншама саған не деп қойдым? — деп жас жұбайларға тән жұбату айтып, жарының жүзін өзіне қаратып алды. — Ақылдым-ау, көзіңнің жасын жұтайын!


Бурахан басын еңкейе иіп, Александраның аспан түстес көздерінен сүйді. Жары иегін әнтек қана көтере түсіп, күллі бет әлпетін тоса берді. Ақсары шашы жылқының жалындай толқи жайылып жатқан жарын бауырына қызулана қайта басты.


Бра шамды Александра өзі өшіре салды...


Осы бір түн Бурахан ештеңені ойлағысы келмесе де, сөйтіп өзін-өзі алдағысы келсе де, неше күннен бері санасына сарысудай ұялап алған Станиславтың сөзі жүрегіне шаншудай қадалды да тұрды. Құмарлық тарқаған оңтайлы сәтте Александраға айтып салам деп ойлады. Мұның алдын бірақ жары орап кетті.


— Хан, — деді Бураханның жүндес кеудесіне басын қойып жатып, — сенің балаң болады...


Бурахан өз құлағымен естісе де, не сенерін, не сенбесін білмеді. “Мұнысы несі? Әлде әйел затына тән аярлық па? Әлде алдаусырату ма?” деген ой соғып өтті.


— Рас па? Шынымен менің балам ба? — деп қалғанын Бурахан кеш аңдады.


— Құдайға рас! Аяғым ауыр, — деп Александра мұның соңғы сөзіне мән бермеді. — Сен неге қуанбайсың? Әлде, “ұл ма, қыз ба?” деп жатырмысың. Көр де тұр, өзің айта беретін ұл тауып берем, жаным!


Жас жары ерін құшырлана қысып, кеудесіне борықтай келген аршын анарын басты. Бурахан бет-жүзін аймалаған Александраға тіл қата алмай, әрі-сәрі күйде аңырайды да қалды.


— Бура, — деді әйелі тұмсығын мұның алқымына тығып, — сен қапаланба! Тура өзіңнің қыпшақ бабаларың секілді ұл тауып берем... Қазір екі ай болды. Шілдехананы дүрілдетіп тұрып жасаймыз. Омбыдан әке-шешеңді, Иркутскіден ата-енеңді шақыртамыз. Киевтен досың Михайлды шақырамыз. Мен босанған кезде ол да Әскери академиясынан босайды екен. Жазда демалысы... Сен де сағынған шығарсың. Жаздан бері ат ізін салмай кетті ғой.


Бурахан мүлде жер болды. Досы Михайлдың жарымен “жамбастас” болғанына күмәні қалмады. Өткен жазда бұл тайганың ішінде әскери жаттығуда жүргенде, Михаил Киевтегі Әскери академияның екі айлық демалысымен Новосібірде болып кетіпті. Сол уақта бір айдай мұның үйінде, қалада аунап-қунап жүргені ақиқат еді. Бурахан келерден бірер күн бұрын ғана Киевке ұшып, ізін суытыпты... Ол кезде бірақ бұл көңіліне еш күдік алмаған. Александрамен де некелесіп үлгермеген еді.


Осы бір ойлар оралып өткенде, өз-өзінен жиіркенді. Жүрегі де жылқының майын ішкендей кілкіп қоя берді. Александраны серпіп тастап, орнынан оқыс атып тұрғанын өзі де түсінбеді.


Ерінің мұндай қылығын жары да ұқпай қалды.


Александра:


— Бурахан, саған не болды? Бір жерің ауыра ма? — деп бәйек қаға орнынан көтеріле беріп, браны жақты. — Құдайым-ай, Алматы саған бір нәрсе қылған ғой... Жаным-ау, қиын тиді-ау! О, желтоқсанның сұмдығы, біз не жазып ек?! Құдайым-ау!


Бурахан бірақ қайырылмады... Александра аршыған жұмыртқадай жалаңаш денесіне атлас халатын жамыла салып, соңынан ерді. Бурахан ваннаға кірді.


Ол жеңіл шомылып шыққанында Байкалдың суындай тұнық, терең бір мұң табы бар көкшіл көздерімен жазықсыз жәудіреп, ас үйдегі үстел басында ыстық шайымен Александра күтіп отыр екен.


Салқын судан кейін өз-өзіне келіп, сабыр билеген Бурахан:


— Рахмет! Шай іше алмайым... Сағат та таңғы “ боп қапты. Казармаға барайын, — деді де, бұрылып кетті.


Бойын әлдеқандай ызғар қарыды. Ұядай ғаны жылы үйі көңіліне суық тартты. Сондай бір сәнмен, бәрі де үйлесімді орналасқан жиһаздар мен заттар біртүрлі суық, жат көрінді. Ол үйден тез шығып кетуге тырысты.


Александра дайындап қойған, ине-жіптен жаңа ғана шыққандай мундирін киініп, есік аузына барды. Ас үй жаққа қарамады да... Ол да көрінбеді. “Жылап отыр” деп ойлады бұл.


Білегіне ілген жаңа шинелін үстіне асығыс киіп, кіре берістегі киім ілгіште ілулі тұрған ескі шинелінің ішкі қалтасынан “Макаров” тапаншасын алып, қойнына салды.


Кілтті екі бұрап, табалдырықтан аттады. Әлі ыстық-суығы басылмаған, қыркүйекте ғана қосылған жары соңында қала берді.


ІV


Бурахан шығып кетісімен, Александра көз жасын тыйып алды. Өз-өзін қайрап, “Діні қатты, қыпшақ!” деп күбірлеп, жуынып-шайынып жатып қалды. Көзі ілінбей біраз дөңбекшіді. “Осы біреуге қайдан тап болып едім? Өзіме де сол керек!” деп іштей кінәласып, кірпігі айқасып қалғанын сезбеді. Ұзақ таңды қарулы азаматпен талықсып атырған жас келіншек пісте мұрны пысылдап, алаңсыз ұйқыға берілді. Қызулы тәні салқындап, жұлын-жүйкесі де босап, қыстыққан санасы да сабырға келген.


Сана сабырға келісімен бұла тән балбыраған күйге енді. Бірақ сабырлы сананы әлдебір сиқырлы сезім тербеп, өткен күндерден бері естіген, көз алдына елестете сезінген “Алматы декабристері” туралы ақпарға толы бұлдыр ағым Александраның арғы сана түкпірінен тұманыта көтерілді. Сана түбіндегі сиқырлы күй өзгеше рең беріп, жас әйелдің жан әлемін баураған бейнелі құбылысқа ұласты. Жан мен сана жұмбақ күйге енді.


Александра әлдебір алаңда жүр. Маңайдың бәрі буалдыр. Қыс секілді. Бозамық әлем ішінде жалғыз. Боз қырау шыршалар үнсіз мүлгиді. Табан астында аппақ қар. Сықыр-сықыр етеді. Аяз сорып тұр. Бұл бірақ тоңбайды. Алып алаң бос. Тыныш.


Кенет алып алаңның арғы жағынан, бозамық арасынан біреулердің қарауытқан сұлбасы қылаң берді. Олардың ақ қарды таптаған табан сықыры да құлағына келді. Қарасы да молая түсті.


Қалың қар көп табаннан қасатталып, көксіреуке мұзға айнала бастады. Алаң әп-сәтте қыбырлаған адам сұлбасына толып кетті.


Бұлдыр дүние сейіліп, боз қырау шырша сілкінді. Алаң көк мұз қатқан, қасат қар жапқан айдынға айналды.


Сұлба біткеннің түсі суық...


Арасында Александра өзі жүргеніне таң! Әлдекімді іздейтіндей. Кімді? Неге? Түсіне алмайды. Әркімді бір түртіп, бетіне қарайды. Олар бірақ өлі жандардай жауап бермейді. Суық көзқарастары мұның өңменінен өтеді. Бұл селк етіп, шошына кейін шегінеді.


Сұлба атаулының аруақтар екенін Александра сонда ғана түсінді. Сонда ғана өзінің аруақтар алаңында жүргенін, аруақтар арасына енгенін білді. Кімді іздеп жүргенін де бірден бағамдады... Некелі ері Бураханды іздеп жүргенін, тірі адамды түстеп жүргенін сезінді. Құдай қосқан қосағын өлі сұлбалардың арасынан іздегеніне үрейленді. Өзінің қан-сөлсіз сұлбалардың арасында жүргенінен шошынды. Жалт беріп, қырауын сілкіп тастаған шыршалардың арасына кірді.


О, жасаған! Шыршалардың тасасында сап түзеп, сонау патша заманындағы атты әскер тұр. Үстерінде — лейб-гвардиялық мундир, бастарында — биік бас киім, белдерінде — қайқы қынапты қылыш, қолдарында — мушкет мылтық. Олардың да арасынан Бураханды шола қарады. Ол көзге түспеді. Көзі “капитан” шенді офицерге түсті. Бұл — бағзы бабасы Никита Михайлович Муравьев екенін жазбай таныды.


Бұлар неғып жүр деген сауал келді Александраға. Ұлы атасына қарай жақындай беріп еді, ол тіл қатпастан қадала қарап, қынабынан қылышын суырып алды. Көк алмас алдаспан ауаны осып өтті. Атасы ұрпағын танымады-ау деп Александра кері шегінді.


Мынау Санкт-Петербургтың “Сенат алаңына” ұқсамайды. Бұл бөгде алаңда, жат жерде бағзы бабасы не істейін деп жүр? Анау шыршаның арғы жағындағы сұлбаларды шабайын деп тұрған жоқ па? Олардың жазығы қанша? Олар жас қой... Декабрист бабасы патша билігіне қарсы шығып, патша қаһарына ұшыраған еді ғой. Ал аналар — мүлде басқа сұлбалар... Бүгінгі заман сұлбалары.


Құдай-ау, мына атты жасақ та аруақтар ғой! Бүгінгі заман аруақтары арасынан жолықпаған Бурахан өткен заман аруақтары ішінен қалай кезікпек? Ай, ақымақ басым-ай!


Александра шырша арасынан асығыс алаңға қайта шықты. Таныс емес алаң бос қалыпты. Аруақтардың сұлбасы жым-жылас. Буалдыр тұман қайта басыпты. Табан асты сықыр-сықыр етеді. Жападан-жалғыз қалыпты.


Жалғыздық жанын жеген Александра:


— А-а-а!.. - деп шыңғырып жіберді.


Шошына оянып кетті. Өң мен түстің арасында есін жия алмай әжептәуір жатты. Қараңғылап тастаған бөлмеге бозамық жарық түседі. Бар кеңістік буалдыр тартыпты.


Александра орнынан тұрды. Денесі дел-сал...


Қоңыр түсті, қос-қабат қалың пердені сыдырды. Күн сәулесі көзін қарықтырды. Тыста тайга бораны тыйылыпты. Терезе алдындағы шырша бұтағында суықторғай отыр.


Желдеткішті ашты. Сырттан лап қойған аязды лепке аршын төсін тосты. Көзін жұмып біраз тұрды. Бойын аяз қармап, дел-сал денесі түрпідей тоңазып, сергіп қалды.


Күн шырша бойы көтеріліп кетіпті. Ұйқысы да қанып қалыпты. Шай қойып, төсек-орын жинап жүріп, есіне ері түсті. Тәніне діріл кірді. Өз-өзінен үрейленіп қойды. Бірақ жұмбақ түсіндегі бағзы бабасы мен сиқырлы сұлба әлемін анық бағамдай қоймады. Түсті ұмытуға тырысып, ыңылдап ән айтты.


Оқыстан телефон шыр ете түсті. Александра селк етті. Бурахан шығар деп құлақты көтерді. Ар жағынан гарнизон офицерлерінің бірінің қарлығыңқы дауысы естілді. Гарнизон бастығы жедел Бурахан Булатовты іздеп жатқанын айтты. Александра ерінің сағат “алты” болмай, бөлімшесіне асығып кеткенін білдірді. Әлгі офицер күйеуін демалысы болған соң жасырып тұр деді ме, “Ерекше бөлім” іздетіп жатқанын, ертең өзіне қиын болатынын, “особистер” Алматыдағы “жалған декабристерге” байланысты індетіп, тапаншасының да қару бөлмесінен жоғалып отырғанын құпиялап, жайлап жеткізуге тырысты.


Александра енді шындап шошынайын деді. Бураханның түндегі “адам иттен қадірсіз... бәрі өтірік, бәрі жалған... қысқа ғұмыр... асылып өлдің не, атылып өлдің не... бәрібір бір өлім” деген сөздерін есіне еміс-еміс түсірді. Өз ойынан өзі түршікті. ”Түндегі тән құштарлығы да тегін болмады-ау!..” деген ой да орала берді. Ол қайда болуы мүмкін деген дерексіз сауал келді. “Иә, қайда барады? Жалғыз қалғанда қайда барушы еді? Ойлан! Ойлан!” деп өз-өзін қамшылады.


Ойына күзде болған бір жай оралды. Екеуінің тойы өтіп, бір ай шамасы болғанда қатты ренжіскендері бар. Сонда Бурахан “копейкасына” отырып, бір жаққа жоғалып кеткен. Екі күннен соң оралған. Мұның іздемеген жері қалмаған. Қайда болғанын кейін бір ләззатты түнде ептеп айтқызып алған. Ол “Омбы–Новосібір” тас жолы бойына жақын, қалың орман ішіндегі көл жағасында, жазда өздері суға түсіп, дем алып қайтатын “Қайыңды көгалға” барып, екі күн табиғат арасында қонып, аң-құспен тілдесіп келгенін майын тамыза әңгімелеп берген-ді.


Александра көрші биік үймен арадағы автотұраққа құстай ұшты. Бураханның көлігі орнында жоқ болып шықты. Ойланбастан такси ұстауға жүгірді. Табаны астында түнде ғана жел үрген қасат қар күрт-күрт етеді. Жан ұшырғаннан аяғы-аяғына тимей, етегі желп-желп қағады.


Кешегі тайга желінен кейін аяз сынған. Күн шағырмақ-ты.


V


Бұл кезде Бурахан туған жері Омбы өңіріне қарай, шұбар жыландай шұбарта созылған көктайғақ тас жол бойынан үш жүз қадамдай жердегі орман арасында, шағын көл жағасында шешініп жатқан еді.


Ол қаладан отыз шақырым қашықтағы “Қайыңды көгалға” күн шыға жеткен-ді. Көлігін тас жолдың шетін науалай көтеріліп қалған қасат қарға тұмсығымен жанамалай тіреп, жүк салғыштан керек-жарағын алған. Көк түсті жап-жаңа көлігіне қимастықпен қарап қойды. Көміп тастағысы келді...


Ұзын жол үстіне көз жіберді. Кешегі желден кейін ұлпа: қар мен боз қырауын төгіп тастаған көк бұйра орман күн көзінде қалғып кетіпті. Қос қапталын қалың шырша көмкерген қара қасқа жол үстінде тірі жан белгісі жоқ. Кейде ғана жол үстінен жемтік айыратын жетім қарғалардың қарқылы тыныштықты бұзады.


Әлгіндегі ойынан Бурахан тез айныды. Қапқа салған керек-жарағын қолтығына қысып, қара саннан түскен қалың қарды ыра омбылап, орман ішіне сіңе берді. Бір шоқ қайың топтана өскен, көгалды көл жағасына жылдам жетті. Аумағы ат шаптырым көлдің бар-жоғы белгісіз. Айдынын ақ қар жауып, жарқабағын боран үріп, көгалды жиекпен жып-жылмағай етіп жіберіпті. Боран аң-құстың да ізін жасырыпты.


Ол өзін зонадан шыққан зектей құлазыңқы сезінді.


Иен орманға жалғыз келсе, еркіндікке шыққандай өзгеше күй кешетіні бар. Әскери тәртіп пен түзімге жастайынан мойынсұнса да, тордағы бұландай бұлалығын бастықтыра алмай қойды. Жалпы, бұл үшін екі әлем бар секілді еді: бірі — әскери бөлімдегі өмірі өтетін темір торлы әлем, енді бірі — орман мен даладағы өзін емін-еркін сезінетін тұмса табиғи әлем. Бұл қазір осы екі әлемнің тоғысында қалғандай.


Зәрі сынған күннің селдір сәулелері шырша арасынан шашырай түсіп, айнала Сібір бұлғынының түгіндей құбылып тұр. Табиғаттың ұйыған тыныштығы мен қысқы көріністің көз суарған сұлулығына бой алдырған Бураханды оқыс шықылықтаған сауысқан дауысы селт еткізді. Салқын да жайлы ауамен жайбарақат тыныстаған ол бойын жиып алды. Дереу іске кірісу керек деп шешті.


Ала қанат сауысқан шоқ қайыңнан бөлініп, көлдің жарқабағына міне өскен бір түп қайыңның қисық бұтағында отыр екен. Сен қайдан жүрсің дегендей, ол тағы шықылықтады...Мұның көзі сауысқан сепсиіп отырған қисық бұтаққа қадалды. Жуан әрі жерден құрық бойы биік екен. Жан-жағын бір шолып өтті де, сауысқан сайтандай иелеген қу қайыңға қарай беттеді.


Жапырақсыз қуарған қайың үнсіз қарсы алды...


Адам жақындай бергенде, сауысқан ұша жөнелді. Аулақ барып қонды. Қарағай арасынан сыңары ұшып келді де, шықылықтап жіберіп, екеулеп Бураханға үңілді. Бурахан іске кірісіп кеткен. Ол қос сауысқанға енді көңіл де аударған жоқ.


Шұбалған шинелін шешіп, қап ішінен қысқа сапты сапер күрегін алып, қайың маңын тазарта бастады. Күзден бері жел үйіріп, үсті-үстіне басып тастаған орман ішіне тән күртікті белуардан аршыды. Төңіректі тақиядай дөңгеленте тазартты. Қысқа сап күрекпен әжептәуір әуреленді. Бусанып, терлеп те кетті.


Шинель үстіне отырып бір ауық дем алды. Ештеңені ойламауға тырысты. Шынар шыршалардың ұшына, одан әрмен көгілдір аспанға көз салды. Жерден қар алып, жентектей асап, шөлін басты. Өзі көздеп келген нәрсені уақытша болса да ұмыта тұру үшін, тағы да орнынан қарғып тұрып кетті.


Санасын самаладай жаулап алған, өзін асықтыра күткен болашақ сұмдық жай ойында тұрса да, қимылды әрекетке бой сала беруге тырысты. Қап ішінен ағаш шеберлері ұстайтын қол басындай ғана балтаны алды. Құшақ әрең жетер қайың діңін құлаштай сілтеп, аяқ басуға келетіндей кертпе шаба бастады. Ақ қайыңның жоңқасы таптау қар бетіне шұбарта шашылды.


Түйе бойы биікке дейін бұдыр бұтақ жоқ бедеу қайыңды бойлай, қолы жеткен биікке шейін кертпе шапты. Өткір балта тиген қайыңның мүйіздей діңі шыңылдап, мүлгіген орман іші дыңылдап, маңайға жан кірді. Жүйкеге тиер дауыстан саққұлақ сауысқандар да жым болып, аулаққа ұшып кетті.


Кертпе дайын болысымен, Бурахан қап ішінен құлаш жарым жіп алып шықты. Жуандығы саусақтай жіп — әскери көліктерді сұқ көзден жасыратын көкала торжабу арқанының үзігі екен. Ол кертпелерге табанын тіреп, тиінше тез өрмеледі. Құрық бойы биік тұрған жуан бұтаққа жетіп, үстіне шарта мініп алды. Бұтақ үстінде алаңсыз отырып, бес саусақты тері биялайын шешіп, жіңішке капрон арқанның бір ұшын тұзақ етіп байлады. Қисық бұтақтың қайқиған беліне таман жыл-жып, екінші ұшын бұтақтың бел ортасынан қазақбау шала күрмеп тастады.


Бәрі бітті-ау дегенде жүрегі дүрсілдеп кетті. Алматы алаңындағы желтоқсан түніндегідей шым-шым еткені. Сол-ақ екен, “Осы қазір қыл тұзақты Омбы жақтағы ауылында асау қашағанға тастаған бұғалықтай мойныма іле салсамшы” деген жүйрік ой оралып өтті. “Жо-о-оқ!” деді ішінен. Бұтақ үстінен бір аяғын асырып, қырындай отырды. Сидиған қу бұтақты ырғап-ырғап қойды. Бұтақ бірақ былқ еткен жоқ. Құр сықырлады.


Биіктен мертігем деп сескенбеген Бурахан сілеусінше секіріп кетті. Тоң жердің жүзін жапқан жұқа серенің үстіне былғары етігінің басымен майыса түсті. Түк етпеді. Тып-тыныш төңіректе өз жүрегінің дүрсілін ғана естіді. Көңілім орнықсын деп қары тазаланған алаңқайда ары-бері жүрді. Оған бірақ жүрек дүрсілі басыла қоймады.


Бурахан не істерін білмеді. Еріксіз шинелі үстіне отырды. Сонда ғана көңілі бір қалыпқа түскендей болды. Өзінің қобалжып, дегбірі қаша бастағанын сезді. “Тездетпесе — болмас” деген түйткіл бас көтерді. Ендігі “особистер” де іздетіп, жыртқыш аң қашқандай індетіп жатқан шығар.


Тұзақ жаққа қарағысы келмеді. Бірақ әлдебір әуесқой сезім көз тастатты. Дөңгеленген доғал шеңбер төмен қарай салбырап, бұған телміре төніп тұр екен. Бойын белгісіз бір суық сезім аралап өтті. Ыстық тәні де шіміркеніп кетті. Көзін аударып әкетті. Көңілі алабұртып, өзін аспаққа асулы тұрғандай сезінді... Мұндай суық та сүйкімсіз күйден тез арылғысы келді. Алматы төріндегі қандас қаракөздеріне өз қолымен жасаған ойсыз ісі, ойран әрекеті, қара жүз қылмысы үшін ары алдында ақталатын, шыбын жанымен жауап беретін шақтың жеткенін анық сезінді. Алқымынан әлдебір күш шеңгелдеп алғандай, тынысы тарылды... Өзін өткен күндер азабынан да қайың түбінде арылатынын, қайың тозындай ағаратынын аңдады. Кір шалған ар сотынан да құтқаратын бір-ақ күштің қалғанын бек түйсінді.


Апыл-құпыл шешіне бастады...


Шинелі жанына су жаңа кителі мен шалбарын, көйлегін әскери үлгімен бүктеп қойды. Етігін де тастады. Бойын ызғар қарыды. Аппақ шылғауымен етік қонышын жапты. Кебін секілді тігілген жаға-жеңсіз әскери ақ жейде, ақ дамбалмен және қалың қара шұлықпен қалды. Шұлықты да сыпыра салды.


Табанынан тиген қар ызғары мұздай боп миынан бір-ақ шықты. Сонда ғана өзін иелеп алған “аспақ” туралы суық ойдан сап тыйылды. “Офицер асылып өлмеу керек, атылып өлу керек” деген ой санасын қарып алды.


Ол еңкейіп, кительдің төс қалтасынан “Макаров” ауыр тапаншаны суырды. Бойы суықтан қалтырап, иегі-иегіне тимей барады. Адымдай басып, қайың түбіне барды. Тәні дір-дір етеді. Тізесін бүгіп, қудай қайыңның құбыла жағына арқасын тіреп отырды.


Іші-бауырына дейін аяз қармап, күллі ішкі әлемі қалтырайды. Көмейінен мұз кесегін тастап жібергендей суынып барады. Тапаншаны оң жақ шекесінен тіремек еді, қолы қалт-қалт етіп, ұңғы аузы жоғары-төмен жылжи берді. “Мұндайда қателесуге болмайды!” деген ой дүміп өтті.


Бурахан қасарыса тістенді. Желтоқсанның ызғары да жұлын-тұтасын сірестіріп барады. Түстік жағынан селдірей түскен күн сәулесі де қызусыз. Тапаншасын тап иек астынан тіреді. Алқымы астынан тірелген ұңғының суық аузын сезінді. Ақырғы сезінген сиқырлы жай да сол болды. Шүріппені басып қалды. Ол оқыс селк етті де, бір қырындаған күйі сылқ ете түсті.


...Қайың бұтағында салбыраған доғал тұзақ бос тербеледі. Аспақ әлдебір пендені күтетін сыңайлы.





Пікір жазу