Алматыға бәрі бір...
Жыладың ба, күлдің бе,
Мұңға батып жүрдің бе,
Күніңді жақсы сүрдің бе,
Алматыға бәрі-бір...
Тоқсың ба, әлде, ашпысың,
Саумысың, қырттай маспысың.
Уайым қағып өзіңнен,
Сұрамас тәтті-ашысын.
Алматыға бәрібір...
Жүрегің жүр ме желпініп,
Жаурадың ба, әлде, жел тұрып,
Қызықтырмас жай-күйің,
Кетсе де біреу өлтіріп.
Алматыға бәрі-бір...
Жыртық па киген киімің,
Болды ма қалта күйі мұң.
Қайда, кіммен жүрсің деп,
Қызық болмас ұйымың.
Алматыға бәрі-бір...
Тасыса мал мен дәулетің,
Байыса ұрпақ, әулетің.
Лыпылдап саған қарар деп,
Болмай-ақ қой әуре тым.
Алматыға бәрі-бір...
Қайыр тілеп тұрмысың,
Нанға зәру жүрмісің,
Сені аяп, жыламас,
Толғандырмас тұрмысың.
Алматыға бәрі-бір...
Хақ жолымен жүрдің бе,
Ағымға басқа кірдің бе,
Жолыңды нұсқап көрсетіп,
Қата қоймас үн мүлде.
Алматыға бәрі бір...
Еңбек қылсаң ерінбей,
Жалқаулыққа берілмей,
Алматы сені елейді
Құшағын ашқан керімдей.
Қызықсызсың сен оған,
Еңбектің тері төгілмей.