02.09.2021
  143


Автор: Айша Балтахаева

Шыдамдымын, бұл шыдамым бір күні

Шыдамдымын, бұл шыдамым бір күні
Таусылады аяқ асты, біл мұны.
Шыдамдының шыдамымен ойнасаң
Талқан етер бүкіл әлем күлліні.

Сабырлымын, Алла сабыр сыйлаған,
Сан жылдардың сынығынан жинағам.
Сабырлықты момындық деп шатысып,
Сен басынсаң кәдімгідей қиналам.

Үндемеспін, мылқау екен демегін,
Сөз маржанның тере білем керегін.
Үндеместің тілін қолдап шығарсаң,
Тоты құстан ары сайрап беремін.

Шағым менен арыздарға кедеймін,
Анауым жоқ, мынаны әпер демеймін.
Шын ниетпен бір тал гүлді сыйласаң,
Оны дағы үлкен сый деп елеймін.

Көңілдімін шад-шадыман пішінде,
Дұшпаныма күлкі болмау үшін де.
Қайғы мұңы жоқ екен деп ойлама,
Мұңның бәрі сол күлкімнің ішінде.





Пікір жазу