02.09.2021
  152


Автор: Айша Балтахаева

Ізде мені...

Ізде мені...
Өшкелі тұрған шамның пілтесінен,
Түскелі тұрған гүлдің күлтесінен,
Ойлардың астарынан, тіркесінен...

Құра мені...
Шашылған моншақтайын сезімдерден,
Жалғанбас сынықтардан, төзімдерден,
Мазасыз сан түндерден көз ілмеген.

Аңса мені...
Арадай аңсап ұшқан гүл шырынын,
Татсам деп нәрлі балын бүршігінің,
Аңсашы... қадірімді білші, күнім.

Сақта мені...
Шаң басқан сөредегі хат болайын,
Сезімді шаң бората ақтарайын,
Мың қайтара оқышы... жатталайын.

Сезін мені...
Самалмен сипағанда шаштарыңнан,
Шабыттың көз ілеспес асқарынан,
Сезін мені сәттерден, қас қағымнан.

Ойла мені...
Төлеген ойлағандай Қыз Жібегін,
Сары бақ ойлағандай күзгі лебін,
Ойыңменен ерісін мұз жүрегім.





Пікір жазу