02.09.2021
  431


Автор: Думан Рамазан

Көз жасы

— Мен аздап таксават етіп, ақша тауып келейін!.. — деді Нұрлан дастарқан басынан жаймен көтеріліп, — Екеуміздің тойымызға елден біраз қарыз ақша алып едім. Соларды қайтару керек қой!.. Енді күн-түн демей жұмыс істеу керек. Әлі-ақ, бәрін жасаймын. Үй де болады, жәй да болады, жаным!


— Жақсы, тек басқа жаққа бұрылып кетпесең болғаны! — деді әйелі күлімсіреп, — Ондай жаман әдеттеріңді енді қоятын шығарсың!..


— Қойшы-ей, қайдағы-жоқты айтпай!.. — деді ол ашуланғансып, — Біліп қой, мен еркекпін, қайда барам, қалай тұрам, өзім білемін. Ешуақытта есеп бермеймін!


— Неменеге ашуланасың, еркек екеніңді онсыз да білемін, бірақ енді менің заңды күйеуімсің ғой!.. Мен сені қызғанамын!


— Кімнен?


— Аналардан...


— Аналарың кім?


— Оны өзің де білесің ғой!..


— Қоясың ба енді, жоқ па?! — Жігіттің түрі бұзылып, лезде-ақ қарасұрланып шыға келді.


Қабағы түсіп, тұнжырай қалған әйелі одан әрі ләм-мим деп тіл қатпастан теріс бұрылып кетті.


— Әй, сен қайдағы-жоқты айтып, былжырай берме, білдің бе?!. Енді бір рет осындай әңгіме шығарсаң, менен жақсылық күтпе!.. Әй, естіп тұрсың ба?!. — деді жігіт өзеуреп.


— Мен сені білемін ғой! — деді әйелі ақырын ғана.


Нұрлан ештеңе естімегендей есікті тарс еткізіп жапты да, ашулынып шығып кетті. Есік алдында тұрған машинасын оталдырды да, ызғытып ала жөнелді. Көшені айнала бере тоқтады да, дүкенге бас сұғып, сатушы қыздан:


— Бір жерге звандап алайыншы! — деп сұрауын сұрағанымен, оның жауабын да күтпестен жайлап телефонның нөмірлерін тере бастады. Ашудың ізі де қалмаған, көзі күлімдей әндетіп қояды. «Ол мені күтеді!.. — деді өзіне-өзі риза болып, — Бүгін тағы құмарымды қандырмасам!..»


Осы кезде ар жақтан «Ало» деген қыздың дауысы естілді.


— Қалың қалай? Бұл мен ғой! — деді жігіт сыбырлай сөйлеп.


Қыз бұның дауысынан шошып кеткендей, аз-маз үнсіз қалды да, сәлден соң барып есін жиғандай:


— Сенбісің! — деді күрсініп.


— Иә, мен ғой!.. Өзіңнің Нұрланың ғой!.. Не танымай қалдың ба? Бай болатын шығармын!..


— Не, жай ма?


— Жай! Не звандауға да болмай ма?..


— Болмайды!


— Қойшы енді. Ренжімеші! Мен бәрін айтып түсіндірем!..


— Ештеңені түсіндірудің керегі жоқ!


— Қазір барамын!


— Келмей-ақ қой!


— Саған бірдеңені айтып кетуім керек!..


— Нені?


— Телефонмен айтатын нәрсе емес. Көп уақытыңды алмаймын!


— Жақсы.


Ол тағы бірдеңе айтуға оқтала беріп еді, қыз трубканы қоя салды. «Әп, бәлем, тұра тұр, әлі өзің-ақ бұралқы итше бұралып келіп, құшағыма жығыларсың! Көп болса, тулап-тулап қоярсың, қайда барарсың!.. Әлі-ақ анда-санда барып тұрар ашынама айналарсың! Мен сені жақсы білем ғой!..» деді де жігіт шығып жүре берді.


Машинамен көше бойлап зымырап келе жатыр еді, анадайдан бір қыздың қол көтеріп тұрғанын көріп қалды да, жанына тақай бере тоқтай қалды. Терезесін ашып:


— Қайда барасыз, қарындас? — деді дауыстап.


— Екінші вокзал. 500 теңге, — деді қыз да тақ-тақ етіп.


— Отырыңыз!


Қыз алдыңғы есікті ашып, зып беріп отырып алды да, жігітке бұрылып:


— Дұрыс түсіндіңіз ғой, екінші вокзал, 500 теңге. — деді тағы да тақ-тақ етіп.


— Иә, түсіндім! Түсінбейтін несі бар?!.


— Қайдан білейін, кейбір таксистер айтқан жеріңе апарып тастағаннан кейін тағы да қосымша ақша сұрайды екен!


— Қорықпаңыз, мен сұрамаймын!


— Неменеге қорқамын! Қорықпаймын! Тек ескертіп жатқаным ғой!..


— Қайда кетіп барасыз?


— Қарағандыға.


— Ауылыңызға ма?


— Жоқ, бір дос қызымның туған күніне. Бірге оқып едік. Келмесең ренжимін деген соң, амалсыздан бара жатырмын! Бір жағынан осындай басымыз бос кезде қыдырып қалайық деп... Ертең тұрмысқа шыққан соң бәрі қалады ғой!..


— Студентсіз-ау, деймін! — Жігіт сөйлескен болып, қыз жүзіне көз қиығын салып қояды. «Әдемісін-ай! Шіркін бір...» — дейді іштей, әзелгі әдетіне басып.


— Иә, студентпін! — Қыздың ештеңемен шаруасы жоқ, тақ-тақ етіп тақылдап отыр.


— Қайда оқисыз?


— КазПИ-де.


— Қандай факультетінде?


— Тіл-әдебиет.


— Бәсе... бәсе...


— Сарнап тұр екенсің, дейсіз бе?..


— Иә, ашық қыз екенсің! Маған мінезі ашық қыздар ұнайды.


— Өзіңіз қайда істейсіз?


— Мен қарапайым қарауылмын. Әйтеуір, өзіме ұнайды. Бір сөткі істеймін де, екі сөткі демаламын. Сол демалатын күндері қарап жатпай, ара-арасында өстіп ақша табамыз. Бойдақ болсақ та, айлығымыз шайлығымызға жетпейді. Содан соң ептеп-септеп, осылай...


— Дұрыс қой! Ақша тапқанның несі айып! Ешкімнен тартып, болмаса, ұрлап алып жатқан жоқсыз ғой!


— Өмір қызық қой, өзі!


— Иә, шынымен қызық.


— Жігітіңіз бар шығар?


— Жақсы жігіт кездеспей жүр ғой! — Қыз сықылықтай күлді.


Осы оңтайлы сәтті пайдаланып қалғысы келген Нұрлан сәл мойнын бұрып:


— Жақсы жігіт кездесті деп ойламайсыз ба? — деді қуақылана.


Қыз бәлен деп жауап қатпады. Жымия беріп, мырс етіп күліп жіберді.


— Айтпақшы, атыңызды да сұрамаппын ғой! Есіміңіз кім болады, қарындас? Таныстықтың артықтығы бола қоймас!..


— Нәзира.


— Атыңыз затыңызға сай екен!


— Рахмет! — деді қыз жымиып.


— Менің есімім — Нұрлан. О, міне келіп те қалдық!.. — деді ол машинасын тоқтата беріп.


Осы кезде неге екені белгісіз, қыз қолына қалта телефонын алды. Оған көзі түсіп кеткен жігіт тағы да қарап тұрмай:


— О, телефоныңыз қандай әдемі! Нөмірін бермейсіз бе? — деді жымысқылана жымиып.


— Неге? — деді қыз да түк түсінбегенсіп.


— Жай, енді, былай... хабарласып тұрсақ...


— Жақсы, жазып алыңыз! — деп нөмірін жаймен айта бастады. Нұрлан зып еткізіп телефонына жазып ала қойды да, тексеріп көру үшін сол нөмірді басып кеп жіберді. Қыздың телефоны ән салып қоя берді.


— Тексеріп жатырсыз ба? — деді бойжеткен күлімсіреп.


— Жоға да. Менің де телефонымды жазып алсын деп жатқаным ғой. — деді жігіт сөз тауып.


— Олай болса, кешіріңіз! — деді қыз сызыла, — Қой мен барайын! Пойыздың жүретін уақыты да тақап қалды!


— Жақсы барып қайтыңыз! Жолыңыз болсын! — деді жігіт қызға қолын ұсынып. — Мүмкін, әлі кездесерміз!..


— Рахмет! Сау болыңыз! — Қыз аяғын асыға басып, жүгіре жөнелді. Жігіт артынан сұқтананып тұрып қалды: «Сұлу-ақ екен! Фигурасы да келісіп тұр-ау! Шіркін, бір көрер ме еді! Өзі де кет әрі емес сияқты ғой! Барып келсін. Содан соң көрерміз!» — деді іштей күбірлеп.


Ол машинасын кері бұрды да, Мөлдірдің жұмысына келді. Есік алдына тоқтай сала қалта телефонымен хабарласып, сыртқа шақырып алды.


— Құтты болсын! — деді қыз аман-саулық та сұраспастан томсырайып.


— Рахмет!..


— Қалай енді?


— Жаман емес. Әйтеуір үлкен кісілер осы қызды аласың деген соң, еш бұлтара алмадым. Бірақ, сені жақсы көремін, сені ойлай беремін!


— Өтірік айтасың! Әнеугүні көңілімді қатты қалдырдың ғой! Аузыңа келгенді айтып, жанымды оңдырмай жараладың ғой! Мен бірдеңе бүлдіреді деп ойлайтын шығарсың. Жоқ, қорықпай-ақ қой, ондайым жоқ. Тек.. тек... — Қыз қыстығып сөйлей алмады.


— Сол күні көңіл күйім жоқ еді! Оның үстіне өзің...


— Мен не істедім сонда?!. Не жазығым бар? Бар жазығым — өлердей жақсы көріп, құдайымдай сенгенім бе?! Енді неғыл дейсің, маған?!


— Қойшы енді! Өткен іс өтті! Оны еске түсіре беріп қайтесің?!. Бір жолға ашуыңды қи! Одан да бүгін бір жаққа барып демалайық та!..


— Қалай ұялмайсың! Ар-ұятың қайда? Жаңа үйленген келіншегің бар емес пе?!. Бұрынғыдай бойдақ та емессің!.. Қоймайсың ба, енді?!.


— Үйленгенше соның бетіне қарап жүрді дейсің бе?! Одан әлден суынып барамын. Көп тұра да алмайтын шығармын. Сондықтан бүгін сені іздедім. Жаныма жан жылуын сен ғана бере алатын сияқтысың! Сенің ғана адалдығың, сенің ғана махаббатың бойыма қуат қосып, нәр бере алады. Түсінші соны!.. Әлі де араласып жүре берейікші. Кеудемнен итермеші, келіп тұрайыншы. Үйренісіп қалдық қой!


— Жоқ, енді мүлдем болмайды!


— Қойшы! Бір жолға ашуыңды қи. Шын жақсы көргенің рас болса, бүгін көңілімді қалдырмашы!.. Бүгін ғана...


— Бүгін де... ертең де... бүрсүгіні де болмайды. Енді сенімен ешқашан ешқайда бармаймын. Рас, шын жақсы көрдім. Оны өзің де білесің. Сондықтан да айтқаныңды ешуақытта жерге тастаған емеспін. Ал, не таптым содан?.. Қалың мұңның құшағына оранып, жетім қозыдай жәутеңдеп қала бердім! Сенің нең кетті?!. Қылың да қисайған жоқ. Құдай да әділетсіз ғой!.. Енді бәрі бітті. Мені мәңгіге ұмыт!.. Енді маған хабарласпа! Келме де!..


— Өзің ғой, келе бер деген!


— Е, сен басқаша ойлап қалған екенсің ғой! Сенің не ойлайтыныңды білем ғой!.. Бірдеңе берейін деп едім!..


— Неңді бересің? Айтшы тезірек! — деді жігіт қалжыңға сүйегенсіп.


— Мә, мынаны ал да, енді мені мазалама! — деп қыз қол сөмкесінен конверт алып ұсынды.


— Бұл не, тағы? Ақша ма?


— Қайдағы ақша, хат! Соңғы хат!.. Басы бұрын жазылған. Бәрі де осында айтылған. Оқы да, ешкімге көрсетпей жыртып таста. Ең соңғы өтінішім де сол!.. — Қыз бұрыла берді.


— Жаным, тоқтасаңшы. Бір нәрсе айтайыншы...


Естісе де, ештеңе естімегендей, қайырылмастан кете барды. Жігіт қыз жұмысына кіріп кеткенше көзінің сұғын қадап, ойланып тұрып қалды: «Шіркін, енді ана... маған бұйырмайды ғой!.. Жоқ, қайда барар дейсің?!. Тулап-тулап қояр. Әлі өзі-ақ шақырар. Мен оған сенемін. Сыры белгілі ғой!..»


Нұрлан ақырын басып келіп, машинасына отырды да, асықпай конвертті ашты. Ішінен компьютерде терілген оншақты беттік хат шықты. Көз жүгіртіп оқи бастады...


« Нұрлан!


Сенi тағдырдың маған бұйыртқан сыйы болар... Уақытша болса да, сенi маған мына аз ғана ғұмырда сүйген адамының қандай екенiн бiлсiн деп жiбердi ме екен?!. Әлде, тағдырдың қатал екенiн сезiнсiн дедi ме?!.. Әлде, өмiр бойы осы дертпен ауырсын дедi ме екен?!. Әлде, бұл тағдырдың сынағы ма?!. Сынаған болса, сені қайдам, менi оңдырмады. Маған мәңгі айыға алмас өкiнiш пен мұң сыйлады. Ал саған не сыйлағанын бiлмеймін... Өйткенi, сен ол туралы ештеңе айтпадың. Айта алмадың!.. Мүмкін, мені аяған шығарсың!.. Несiне аядың?!. Ақыры болар iс болды!.. Болдырдың!.. Сондағы аяғаның осы ма?!.


Мен сенi жан-жүрегiммен кешiрем. Бiрақ, көлге айналған көз жасым жiбере қоймас. Көз жасымды тоқтата алар емеспін. Тоқтата да алмайтын шығармын!.. “Адам баласы тұрмақ, хайуанның да көз жасы жiбермейдi” деген сөз бар емес пе!.. Мен тек осыдан қорқам. Бiрақ, саған еш жамандық ойламаймын. Ойлаған да емеспiн. Ойлағым да келмейді!.. Өткен iске өзiң де өкiнiп жүрген сияқтысың. Бірақ, кім білсін!.. Дұрыс істемегеніңді мойындағың да келмейдi. Оны сезбей жүр дейсiң бе?!. Күпірлік жасасам, басқаша ойласам, ашуға бой алдырмашы. Мен бәрін де түсiнемiн. Егер ренжiткен кездерiм, көңiлiңдi қалдырған сәттерiм болса, кешiршi, жаным!


Сенiмен танысқан күннен бастап өзiмдi шексіз бақытты сезiндiм. Сенiң де есiңде шығар... Менiң де есiмде… Жаңбырлы күн... өзеннiң жағасы... Ауылда өткен сол бiр аптаны еш ұмыта алар емеспiн!.. Ұмытпаймын да… Ұмытқым келсе де, ұмыта алмайтын шығармын!..


Сенi қалай қатты жақсы көрiп қалғанымды өзім де бiлмеймін. Қолұстасып бірге жүрген жарты жылға жуық уақыттың қалай жылдам өте шыққанын да сезбей қалыппын. Осы қуаныш пен кейiнгi мұң мен шер сенiң маған деген махаббатыңның өлшемi ме?!. Жоқ, бұл бұнымен бiтпек емес. Мен қашан да сенiмен бiргемiн. Қайда жүрсең де мен сенiң жаныңнан табыла аламын. Ал сен ше? Қиналған кездерде сенi iздейтінім рас. Бiрақ, таба алмаймын. Сондықтан да болар, кейде жер бетiне сыймай кететiндей, өзіммен-өзім арпалысамын!..


Әрине, мен сенің бақытты болуыңды қалаймын! Саған одан өзге не тiлейiн!..


Сен ұмыт дейсiң!.. Айтшы өзің, қалай ұмытам?!. Ол үшiн сезiмi жоқ, тасжүрек болуым керек қой!.. Олай болса, сол бір шуақты күндердi, ұмытылмас сәттердi неге сыйладың?!. Жан-жүрегімде мәңгі сақтап, ұмытпау үшiн емес пе?!. Әлде, сол сәулелі сәттерді ғұмыр бойы сағынып өтсiн дедің бе?!.


Жылама дейсiң! Қалай жыламаймын?!. Ол үшiн ойсыз болуым керек шығар. Қалай жалынсам да, өз дегенiңдi iстедiң емес пе?!. Сендiрдiң де. Тым болмаса, балаңды қимадың ғой!.. Алдаусыратып, алдыртып тастадың!.. Сені сондай жақсы көргендігімнен шығар, мен байғұс, бәріне көне беріппін ғой!.. Айтқаныңды істей беріппін ғой!.. Ойлашы, жалғыз қалай өмiр сүрсiн дедiң. Жоқ, мен жалғыз емеспiн. Сен барсың. Сен болғаннан кейiн де жер басып тірі жүрмiн.


“Дос болып қалайық!” дейсiң (осы сөздi қалай ғана айттың екен), жұбымыз жазылмастай бірге жүрген, достарымыз куә болған сол бір айшықты мезеттерді (әсiресе, менiң туған күнiмде) ұмытып, аяқ астынан дос болып қалу қандай ақылдылық?! Дос болатындай не істедің? Махаббатқа адал бола алмаған адам, достыққа қалай адал болмақ?


Сен менiң досым да, қасым да емессiң. Мәңгi ұмытылмас жұлдызды махаббатымсың!.. “Хош!” деуге хақым жоқ. “Шын сүйгендер қосылмайды дегенге сенесiң бе?” — деп сұрағаның есiңде ме? Сонда бiзге кедергi болған не нәрсе?.. Тосқауыл қойған кім?.. Сен жақтан ба, жоқ әлде, мен жақтан ба?.. Мейлi, кiм болса, ол болсын, менің білейін дегенім ол емес, тек айтайын дегенім, бiз неге соларға қарсы тұра алмадық?!. Әлде, сондай қорқақ па едiң?.. Егер шын сүйген болсаң, неге жеңбедің?! Неге, Н……?!. Себебi не, айтшы? Бейнебiр бiреу-міреу дуалап тастаған сияқты. Сенiң қатты өзгерiп кеткенiң, маған түсiнiксiз боп қала бердi. Болмаса, балаңды бер де, өмiр сыйла, болмаса, мүлдем менен кетiп қал да, өлiм сыйла!..


Менiң нәзiктiгiм, мейiрiмдiлiгiм, адалдығым, пәктiгiм сенiмен бірге кеткен. Өзге қыздар қалай екенiн бiлмеймiн?! Шындықты ғана сүйетiн басым, саған сенерiмдi де, сенбесiмдi де бiлмей дал болғаны-ай! Махаббаттың у араласқан балын iшiп, көзсіз көбелекке айналып жүре берiппiн ғой!


Басымнан өткен ауыр күндердiң куәсi де өзің емес пе едің?!. Ондайға қолымды бiр-ақ сiлтеп кете беретін ар-ұяты жоқ қыз емеспiн. Сондықтан да тек өлiмдi ғана ойлаймын. Күндердiң күнiнде осы жайлар алдымнан шыға келсе, менiң кiм болғаным!.. Сенiң кiм болғаның!.. Сен достарыңа сенетін шығарсың, ал мен сене алмаймын. Мен жайында нені әңгiме қылатыны да белгiлi ғой.


Саған сондай сеніп едiм. Не деген сенгішпін!.. Сенгеннен кейiн сенiмен жүрдiм. Жан-тәніммен сүйдім! Сүйетiндiгiмдi айтып, жалпақ әлемге жар салдым...


Сонда соның бәрі бекер болғаны ма?!. Мұнша қайғыны қайтіп көтеремiн. Салмақты едiм... Мықты-ақ едім!.. Бірақ, дәл осы жан азабынан арыла алар емеспiн. Жеңiлдiм!..


Бір-ақ күнде соншалықты өзгерiп шыға келгеніңді түсіне алмадым. Алғашында қандай едiң!.. Жиi келiп, әңгiмелесiп кетушi едiң... Сол күндергі жылылықтың бәрi қайда кеттi? Бәрi жалған болғаны ма?!.


Қатты қиналсам, үй жағыңа барып, сен кездесе кететіндей торуылдап жүруші едім. Бірақ, атыңды айтып айқайлауға дәтiм бармай, қайтып кеткен күндерiм көп болды. Өстiп жүрiп, жынды болып кетсем, арманым жоқ!..


Сен басқамен кеттің! Ал, мен ше? Маған ешкім сөз айтпады дейсiң бе? Олай ойласаң қателесесің! Тек сенi сүйгеннен кейiн ғана оларға мойын бұрмадым. Мен әлi ешкiмдi дәл сендей жақсы көрген емеспін!.. Дәл сендей сүйген емеспін!.. Сүйе де алмаспын. Ғұмыр бойы қу тіземді құшақтап, жападан жалғыз өтетін шығармын!.. Түсiнетiн жан табылса, тек саған ұқсайтын болар?! Бiрақ, мүмкiн емес қой!..


Сен өзгенi сүйсең, сүйген шығарсың. Өзiңе өзiң сенбейтiнiң бар, менi неге алдадың? Мен саған сенгеннен кейiн, сендiргеннен кейiн, сенi «жаным» дедiм, сен де менi «жаным» дедiң емес пе?! Сондағы сендiргенiң осы ма?!. Неге сонша қорладың?!. Бұл қорлықты қалай көтерiп жүргенiме таңмын!..


Не істеріңді білмей аласұрғанда ақылшы болған достарың қайда?! Ойсоқты боп жүргенде қасыңда солар болмап па еді?! Көп еді ғой, олар! Маған айтқан ақылдарын тыңдасаң... Не айтқандарын өзiң де бiлесiң ғой!.. Олар сен үшiн келдi. Дұрыс та шығар. Мен саған жалынып-жалбарынып тұрғаным жоқ. Мен сенiң бақытты болуыңды жан-жүрегіммен қалаймын!.. Мен үшiн ең ауыры — iштегi шаранаға қиянат жасағаным. Адам баласына қиянатым жоқ едi, сенiң ұятың үшiн оған да бардым!.. Жиырма үш жасқа дейiн адалдығымды ар тұтып келiп ем. Тек, сүйгенiмдi iздеймiн деп жүрiп, сенiмен жолыққан кезiмде “абыройымның бiр-ақ күнде айрандай төгiлетiнiн” білдiм бе? Білмек түгiлi, үш ұйықтасам түсiме кiрмептi. “Жақсы ит өлiмтiгiн көрсетпейдi” дейдi ғой. Соның кебін киіп жүрген жайым бар...


Айтшы жаным, неге мұнша қинадың? Неге осынша азапқа салдың? Бүйтiп қиналғанша, өліп қалғаным жақсы едi ғой!.. Осылай түңілгенім үшiн де кешiршi.


Н….., осынау жан азабын ұмыту үшiн не iстеуiм керек? Тым болмаса, ақылыңды айтшы! Көмектесшi. Сезiмдi өршiтiп алмай тұрғанда кетіп қалсаң, бұндай азап тартпас ем! Достарың бiлетiн дерттен қалай айығам?!. Жатсам, тұрсам ойымнан бір шықпайды. «Бәрi де жақсы болады!» дегенiң қайда?!


Саған бiр нәрсенi айтпап едiм. 8 наурызда ауылға кетiп қалып едiм ғой!.. Ешкiмге бiлдiрмеп едiм!.. Жол бойы ойланып, қайтадан “алдыртпаймын” деп, сенi әуре-сарсаңға салғаным сол едi. Оны айта алмадым. Сенiң де басың қатқанын қаламадым. Менiң қиналғаным енді саған да, достарыңа да керек болмай қалды. Бейне бiр ойын ойнап, тірі қуыршаққа айналдырғаның ба?! Шынымды айтсам, Н….. бұл қайғыға қайтiп шыдап жүргенiмдi өзім де білмеймін. “Ойнап жүрiп от бастым” десем, шындыққа жанаса қоймас. Сен де қателесетiн шығарсың. Бiрақ, ештеңенi ашып айта алмай келесiң. Түсiне алар емеспін. Тағдыр дейiн десем, ештеңе өздiгiнен болмайтынын білемін. Арамызда соншалықты бiр-бiрiмiздi жек көрiп кететiндей түсініспестік те бола қойған жоқ. Қанша қиналсам да, бүлінген нәрсе орнына қайтып келмейдi ғой. Тек, көл боп аққан көз жасым бiр тоқтайтын емес. Содан қорқам. Саған ауыр бола ма деп...


Мен сенiң бағыңды байламаймын. Жалынбаймын да. Алдансам, алданған шығармын... Сезiмге көзсіз арбала берiппiн ғой. Сонда да жүрегiм тек сенi iздейдi... Кешiр, жаным! Жаратқанның саған жолықтырғанына еш өкпе артпаймын! «Сабақ болсын!» деген шығар. Ешкiмдi кiнәлағым келiп тұрған жоқ. Саған ғана аздаған өкпем бар!.. Ол түсінікті шығар!..


Өмiрде табыспасақ та, түнекте табысармыз. Мәңгiлiк өмiр сонда дейдi ғой. Мына ит өмiрдi жек көрiп кеттiм. Бұл өмiрдің жалған екенiн ендi ұқтым!.. Сен көп нәрсенi түсiндiрдiң! Көп нәрсеге көзімді жеткіздің!.. Осы хаттағы менiң жан сырымды өзiңде ғана сақта да, оқып болған соң, ұсақтап жыртып, қара жерге көмшi. Өзiммен бiрге кетсiн! Болмаса, өртеп жiбер. Ешкiм оқымасыншы. Менiң бұл сырымның ешкiмге қажет емес екенін білемін. Өйткенi, менi бәрі жек көрiп кеткен сияқты. Жан досыңа да оқытпашы! Өтiнем!..


Шын сүйген болсаң, қиналғанда жанымнан табылшы, Н….. Егер сүйгенiм үшiн кiнәлi болсам, кеш, жаным! Мен сенi таба алатын емеспiн. Түсiмде ғана айқайлаймын да жүремiн!..


Осының бәрiн саған ауыр тиетін шығар деп айтпап ем. Iшiмде шер боп қатқанша, селдей ағып, сыртқа шықсын деп қағазға түсiрдiм. Өзiңе бетпе-бет айта алмадым. Өйткенi, өзімді-өзім ұстай алмай, жылай берем, өксік қыса береді. Оның үстiне сен сол күнi қызу келдiң, соңында не болғанын да бiлмей кеткен шығарсың.


Не iстерiмдi бiлмей аласұрамын. Сенiң әулетiңе де кiр келтiргiм келмейдi. Себебі, сүйгенiм рас қой. Сенiң жаныңды азапқа салып қайтем. Өзiм қиналсам да, өзгелердiң қиналғанын көргiм келмейдi.


Тағдыр маңдайыма жазған өмiрiм қалай қалыптасар екен?!. Күрмеуге келмейтін қысқа ғұмырымның соңы немен аяқталар екен?!. Алда не күтіп тұрғанын болжау да қиын. Мүлде өзгерiп бара жатқанымды байқаймын...


Өзгенi қайдам, өзiмнiң кiм екенiмдi ұмытып та кететiн сияқтымын. Көшеде кездескен кейбiр адам саған ұқсап кетедi де, тағы да мұңға батам.


Сенi бiр жан сүйсе сүйген шығар, бiрақ дәл мендей сүйе алмас! Менi бiр жан сүйсе, сүйетiн шығар, бiрақ, дәл сендей сезіндіре алмас! Өйткенi, алғашқы сезiмге еш нәрсе жетпейдi! Ешуақытта! Ешқашан!..


Н……, Қ……. ауылыңа ендi барғым келмейдi!..


Сағындым!.. Ал, сен ше?.. Көргiң келмей ме, көрмей-ақ қой. Көз жасымды да көрсеткiм келмейдi. Сенi мәңгi жоғалтып алатынымды ойласам, санам сансырап, жанымды қоярға жер таппаймын. Сенi жоғалтқым келмейдi! Кеткiм де келмейдi! Бiрақ, амалым қанша, кетпеске болмады. Неге ғана кездестік екен?!. Неге?.. Неге?..


Мен үшiн бәрi бiттi! Сен болсаң, басқаша өмiр бастайсың!.. Ұмытасың да!.. Ал, мен сені мәңгіге ұмыта алмаспын!..


Жазғандарыма ренжiмешi. Менен қателiк кетсе, кешір!.. Сен маған өмір бойы арыла алмайтын мұң сыйласаң да, жаныма айыға алмас жара салсаң да, жек көре алмаймын. Жек көруге тиiс емеспiн. Сен менiң мәңгiлiк махаббатымсың!..


Менiң туған күнiмдi есiңе түсiршi. Достарымызбен арқа-жарқа болып отырдық емес пе?!. Көңiлдi кеш болды... Сонда саған не жазғаным есiңде ме?!.


Жаным, арамыз алыстап бара жатқан сайын өмiрiм не болатынын мүлде елестете алмайтынмын. Бiрақ, сенiң бар жан-дүниеңдi түсiндiм. Бәрiн де кеш түсiндiм. Тек, менiң осы жазғанымды мазақ етпешi, тәккапарланбашы!..


Сен менен кеткiң келетiнiңдi айта алмай қиналдың. Әр түрлi сылтаулармен алдаусыраттың!.. Мен бәрiн сезiп жүргенмiн... Қиналғанымды көргiң келмейтiнiн бiлетiнмiн. Сенiң қиналатын себебiң — менің сенi шын сүйiп қалғандығым және мен үшiн ең ауыр күндердiң куәсi болғандығың!.. Сол үшiн де сыйлайсың. Аяйсың. Өйткенi, мен сенiң айтқаныңды екiншi мәрте орындадым. Ішімде пайда болған пәк періштені қанша қимасам да, сенi сонша қинағым келмеді. Бір жаққа кетіп қалайын десем, барар жерiм, басар тауым жоқ. Пана болар жер таба алмай қиналдым!.. Үш ұйықтасам түсiме кiрмеген нәрсеге қалайша тап болдым екен?!. Сүйгенiм, махаббатым осылай iстейдi деп ойлаппын ба?!. Сенiң сол үшiн қиналғаныңды бiлем. Ашығын айтуға қорықтың ба? Мен сенi азаптағалы, болмаса, сотқа бергелі тұрған жоқ едiм ғой. Жоқ, мен ешуақытта олай iстемеймiн. Ондай “иттiгiм” жоқ. Кетсең, кете бер! Сенің аяғыңа оралғы болғым келмейдi. Сүйгенiң бола алмасам да, екi бiрдей мерзет ұшты емес пе?!. Солар үшiн де қиналамын. Дәл осы ауыр күндер басымнан өтпегенде, бәрi де жақсы болар едi. Өкініш пен мұң да дәл осындай ауыр болмас еді!.. Жоқ әлде, менiң осылай қиналғанымды қаладың ба?! Менi қинағың келмесе, басында неге кетiп қалмадың? Пайдаланғың келген шығар!.. Сен оны ең ауыр күнә деп ойламайсың ба?.. Иә, ойламайтын да шығарсың!..


Қоштасу қандай қиын!.. Өткен күндермен өзiмдi ойша салыстырсам, қатты өзгерген сияқтымын. Сенен көп нәрсенi үйрендiм. Жасың менен бiр жас кiшi болса да, еш бiлдiрген емессiң. (Менiң бар кiнәм жасымның үлкендiгi ме едi?!) Бiрақ, менен жасырған тентектiктерiң де бар!.. Оларды біле тұра саған ешуақытта айтқан емеспiн. Жүрегіңді жаралағым келмеген. Үнсіз ғана бәрiн iштей кешiргем. Біз байғұс, қыз байғұс, кешірімді келеміз ғой!..


Алдыңғы хаттағы сөздер есiңде шығар. Осының бәрiн жаныңда тұрып айтар едiм. Оған көз жасымның дайын тұратынын өзiң де бiлесiң ғой!.. Көз жасымды көрмесiншi деп хатқа жаздым.


Сүймеген болсаң, өзiң бәрiн түсiндiрiп кетерсiң. Шындықты айтудан несiне қорқасың!.. Сүйген болсаң, ішке біткен мерзетің қалсыншы деп өлердей жалындым емес пе? Ол да адам емес пе едi?!. Кетесiң ғой, бәрiбiр. Мүлдем кетсең, өлiм сыйлағаның болар, бiрақ өлгенiм ақымақтық екенiн бiлемiн. Перзентіңді берсең, өмiр сыйлағаның болар, өйткені жалғыздықтан өлердей қорқамын. Шыдай алмайтын шығармын. Қазiр де жан-дүниемдi түсiнер ме едiң?!. Әй, қайдам!..


Қанша өзегiмдi өртеп өкiнсем де, ештеңе қайтып орнына келмейді ғой!.. Амалым қайсы?!. Еріксіз көнемін де бәріне. Қатыгездік те қолымнан келмейді. Бәрi де жақсы болып кетедi деп те айта алмаймын.


Бәрi де жақсы болады дегенiң қайда?!. Бәрi сенiң қолыңда емес пе едi, жаным! Тiрi болсам, өмiр бойы титтей де жамандыққа қимай, кешiрiп өтемiн. Есіме түссе болды, өзінен-өзі сорғалай жөнелетін көзімнің жасынан қорқамын. Тым болмаса, жұбатуға да жарамадың ғой!.. Саған деген адалдығымды бағалай алмағаның ба?! Шынайы сезiмiмдi аяққа таптағаның ба? Осы ма, сенiң жiгiттiк намысың?!. Еркектігің...


Сен тасжүрек сияқты емес едің ғой!.. Iшiңде сыр боп қалған, шемен боп қатқан бiр ғана нәрсе бар. Соны айта алмай, қиналасың. «Айтшы!» —деп қинағым да келмейдi. Бірақ, шындықты білгім келетінін де жасырып-жабып қайтем.


Н..... « Кешiрші!» дейiн десем, не үшiн кешiрiм сұрайтынымды өзiм де бiлмеймiн. Мен сенi кешiре аламын. Кешіремін де. Өмiрде қателеспейтiн пенде жоқ шығар, сірә! Менің қателігім — саған имандай сенгендігім. Қатты сенгендiктен ғана қателестiм. Сен сендірген едің! Көндірген де едің!.. Шын сүйетiнiмдi дәлелдедiм. Ол жағынан кінә қоя алмассың!.. Сол пәк сезімімді сергелдеңге түсіріп аламын деп ойлаппын ба?!


Сен сүйетiндiгiңдi еш дәлелдей алмадың. Жүрегiм қанша ауырғанмен, сенiң тiрi жүргенiңді ғана жұбаныш етемін. Әлі де сенi қатты сағынып жүрмін, ал сен болсаң, сағыныштың не екенін де білмейтін сияқтысың. Бәрiн қойшы, өзің айтқандай, “шын сүйгендер қосыла да қоймас”. Бiрақ, екеумiз де екi нәрестенің обалына қалдық емес пе?!. Олардың обал-сауабы кімнің мойнында?.. Ең ауыр күнә осы емес пе?!. Осыны ойласам, жаным түршігеді. Өмір бойы өзімді-өзім кешіре алмайтын қылмыс жасадым! Екі бірдей нәрестемді тумай жатып, жатырымда тұншықтырып өлтірттім! Не деген қатыгез едім! Мынау аппақ дүниенің есігін ашпай жатып, желкесін қиятындай, олардың не жазығы бар еді?!. Бiрақ, мен еш келiсiм берген емеспiн. Соны бiлетiндердi көрсем, мазақ етiп, іштерінен сақ-сақ күліп тұрғандай елестейдi. Амалым жоқ, болары болды, бояуы сіңді. Бірақ, көңіл жұбанар емес, қатты өкiнем. Енді өкінгенмен не пайда?!. Әу баста-ақ, сенi тыңдамай кете беруiм керек едi. Шынымен алдап жүрген болсаң, мен не iстейiн?!. Шындықты айтуға да батылың жетпедi-ау! Мүмкін, менi аяған боларсың. Несiне аядың!.. Ақыры өзегiмдi өкiнiште қалдырарың бар, бүлінген, былғанған шағымда емес, періштедей пәк күйімде тастап кетуің керек еді!.. Сен шынымен өзімшіл екенсің!.. Менің махаббатымнан да, ар-иманымнан да, өкініш пен мұңымнан да, өзіңнің бірер күндік, бірер сәттік тән ләззәтыңды жоғары қоя білдің!..


Қанша жасырсаң да, мен сенің бүкіл құпия-сырыңды естіп-білдім!.. Қызғанбаймын. Сол сүйгенiңдi аялай бiлшi!.. Несіне өтiрiк айттың?.. Мен көрген азапты күндердi енді ешкімнің басына түсірмеші!.. Қызға мұң сыйлаудан көгеріп, көктемейсің!.. Бір өтінерім, менiң осынау шынайы сезiмiмдi ешуақытта мазаққа айналдырмашы!


Адам баласының қиналғанын көргiм келмейдi. Жүрегiм мұншалықты нәзiк болар ма, өткен күндердi еш ұмыта алар емеспiн. Әсiресе, басыма түскен қиын сәттердi ойласам, жанымды қоярға жер таппай кетемін!.. Өзiң де бiліп-сезетін шығарсың, сен кеткеннен бері көзімнің жасы бір тиылар емес!.. Не деген азап!.. Қалай ғана тiрi жүрмiн?!. Кейде менен өткен қатыгез адам жоқ шығар деп те ойлаймын. Бойыма біткен балама қастандық жасадым емес пе?! Бәрiн де өзiң бiлесiң ғой... Куәсi де өзiң емес пе?!


Сен білесің бе, маған ештеңенің керегі жоқ. Бақыт сыйлай алмасаң да, жанымды кірлетпеуің керек еді!.. Өзгенiң босағасын адалдығыммен аттау арманым едi, ол да мәреге жетпей жығылған жүйріктей, сол арман күйінде қала берді. Өзегімді өртейтін өкініш те сол. Ендігі жолыққан жігіт бұны түсіне ме?!. Түсінсе жақсы, ал түсінбесе ше?!. Қалай дәлелдемекпін!.. Қалай сендіремін!..


Менiң бар кiнәм — жасымның үлкендiгi ме? Олай болса, басында неге ашып айтпадың! Айтсаң, мен түсінетін едім ғой! Сол кезде неге кетіп қалмадың?!. Менiң адалдығымды ойыншыққа айналдырғаның ба? Әлде, жасы үлкен ғой, өзi-ақ кетер деп ойладың ба?! Ондай ойың болмаса, неге қаштың, неге кеудемнен итердiң? Неге тұнығымды лайлап, саз балшықта қалдырып кеттің!.. Неге?.. Неге?.. Түсіндіре аласың ба, осыны?..


Тағдырдың жазғанына не шара? «Сен жеңдiң!», «Мен жеңілдім!» деп тайталаспаймын. Бұл жерде мәселе жеңу емес, қол ұстасып кедергiлерден көктей өтіп, бақытқа қол созу болатын. Бiз кедергiлерден өте алмадық. Сүйе тұра, бiр-ақ күнде қол сілтеп кете бардың!.. Мен түкке түсінбей қала бердім. Мейлi, жаным! Оны да кешiретiн шығармын! Тiптi, бәрiн де... Тек көз жасымнан қорқамын. Iшiме толып кеткен шердi сыртқа шығара алмай ішқұса боп өлемін бе деп қорқамын. Сенi қарғамаймын. Тек, «Екеумiздiң ең ауыр күнәларымызды кеше гөр!» деп жаратқанға жалбарынамын!.. Өйткені, алда біз асатын әлі талай асулар бар емес пе?!.


Кешiршi жаным! Мұның бәрiн кейiн түсiнерсiң. Саған қазір түсiндiре алмаспын. Қазір бәрiбiр түсiнбейсiң. Сен менi сүймеген де боларсың. Сүйген болсаң, менi осындай жағдайда қалдырар ма едiң?! Мен бәрiн де кешiрем. Кете бер! Тек, ренжiспей, ұрысып-керіспей, жақсылықпен ғана қоштасайықшы. (Қоштасу — қандай қиын! Неге сонша қиналдым. Құдайым-ай?! Сол сынақтан екеумiз де өте алдық па? Әлде, ойнап жүрiп ойыннан от шығардық па?). Балаңды беруге де қорқатын шығарсың! Екеуiн қимағансың, үшiншiсiн қайдан қиярсың! Уәде берген едiң, бiрақ тағы да алдайсың ғой!..


Ашумен жаныңа тиер ауыр сөздер айтсам, кешiршi! Жан дүниемдi күйзеліске түсіретін осы күндердi қалай ұмыт дейсiң?! Саған не нәрсе қиын болды? Айтшы!.. Қолымнан келгенше көмектесермiн... Қолымнан келмесе, амал жоқ!..


Осының бәрi сағым болып желге ұшып кетсе, арманым жоқ. Одан өзгенің керегi де жоқ. Менде кіршіксіз көңіл, қардай аппақ жүрек бар. Соған сенемiн. Ендi ешкімге сенбеспiн. Тек, ата-анам мен бауырларыма болмаса... Олардан басқа кімге керекпін!.. Сен соны түсiндiрдiң!.. Кеш түсiндiм... Бәрi де кеш екенiн қайдан бiлейiн!.. Қинамашы... өтiнем...


Сен қоштасуды қаласаң, шынымен алданған екенмiн. Екеумiздiң екi жаққа кететiнiмiз рас болса, Жаратқан неге ғана кездестiрдi екен?!. Тағдырымыз солай екен деп, қолымызды сiлтей салатындай, өмір тақтасында жеңіл жүріс жасадық па?!. Менiң орнымда сен болсаң, не iстер едiң? Өзiңдi-өзiң қалай жұбатар едiң?!. Білмеймін!.. Не істейтінімді де біле алмай, дал боламын!..


Саған еркелемегенде кімге еркелеймін, сол еркелiгiмдi де көтермегенiң бе?.. Не деген мейрімсіз едiң! Сен ондай емес сияқты едiң ғой!.. Маған өтiрiк қайырымсыз болып көрініп жүрсiң, олай iстемешi!.. Менi түсiншi, Н..... Бұрынғыдай болшы!.. Саған кедергi жасамаймын. Есiңде ме?.. Саған сонша жалбарындым ғой!.. Сен алған бетiңнен қайтпадың!.. Ол соңғы күндер екен ғой!.. Неткен қатал едiң!.. Жүрегiң соншалықты тас па едi?! Жан — жүрегіңдегі мұз боп қатқан сезімді сәл де болса, жібітші! Қоштассақ та, ренжiспей қоштасайықшы!.. Ішкі сырыңды ашып айтсаңшы!.. Сен екеу боларсың, мен ата-анам үшiн, бауырларым үшiн ғана тiрi жүрейін деп шештiм, басқа ештеңенiң керегi жоқ. Тек, сенің жұбатуыңды ғана қажетсінетін сияқтымын!..


* * *


Жаным, бәлкiм сен менi “мынау жынды ма?” деп те ойлауың мүмкiн. Мен жынды емеспін, бірақ, өзім де байқаймын, жынның шалығы шалған сияқты!.. Аз уақытта “өмiр” атты даңғыл жолдың көкжиегiне де жетер күн келiп қалатын сияқты. “ Неге осыншалықты түңілесің? ” деп ойлама. Бұған кiнәлi кiм екенiн еш ажырата алар емеспiн. Мүмкін , өзім кінәлі шығармын!.. Өмiр маған не сыйлады?.. Ең бiрiншi жарық, екінші сезiм...


Жасым жиырма үшке келгенде махаббат деген бал шырынның дәмін татып, уын iштiм. Сол махаббаттың адам төзбес ауырлығын көтердiм. “Бұл қандай ауырлық?” деп ойламағын. Бұл сенiң — жауапсыздығың!


Үшiншiсi — тағы да жауапсыздығың... Төртiншiсi — әлсiздiгiң... Бесiншiсi — аяушылық сезіміңнің жоқтығы... Алтыншысы — өзіңнен басқа ешкімді ойлай алмайтының...


* * *


Сен сүйетiндiгiңдi дәлелдеп едiң... Алайда... Не болғанын білмеймін... Білмеймін... Білмеймін... Біле алмай-ақ қойдым... Түсіне де алар емеспін!.. Не деген жұмбақ адамсың!..


* * *


Зымыраған уақыт-ай!.. Қандай жылдам!.. Танысқанымыз кеше ғана сияқты еді!.. Арадағы екі жылдай уақытта не болмады!.. Иә, ендi қауашағыма бірдеңе барған сияқты!.. Бiз танысқанда күз едi. Жапырақтар сарғайып, күн суыта бастаған еді. Жел де ызғарлы еді. Неге ғана күзде таныстық екен!.. Сен ырымшыл едiң ғой. Күз айы... Шынымен қураған жапырақтардай сарғайып жүрсiн дедi ме екен?! Бiр сен деп қана жүрген едім! Сертiңдi бұзбайтындай болып едiң!.. Ақыры сол сары күздiң кейпiн сыйладың ғой, жаным! Тағы да күз жақындап келедi... Сен бiр нәрсе сезесiң бе? Қазан айы...


Алғаш танысқандағы күндер қандай еді?!. Қайда кетті сол күндердің қызығы... қуанышы?!. Неге сонша айныдың?.. Неге сонша өзгердің?.. Көкiректiктi қайдан үйренгенсiң, сенде ондай қасиет жоқ еді ғой!.. Үйреткен кім, үйретушің кім?.. Әлде, өзіңе-өзің үйреттің бе?!. Сен қалайда қателесуге тиiс емессiң!..


* * *


Халімді несіне сұрайсың?.. Не дейін?!. Бәрi бұрынғыша... Әйтеуір, кеудемде жан бар демесең, сүйегімді сүйретіп әрең жүрмін!.. Екі дүниенің арасында күн кешіп жатқан сияқтымын!.. Кіресілі-шығасылы есім бар!.. Әбден ойсоқты боп кеттім!.. Білемін, мүлде түсіп барамын!.. Түсіп кеттім! Бұлай болмайтынын да білемін! Бірақ, біле тұра, дәрменім жоқ, айлам жоқ!.. Не істерімді өзім де білмеймін!..


Сен менi ойламайтын да шығарсың, бәлкім!.. Бiрақ, мен сенi санамнан шығарған емеспiн. Бақытты болшы, жаным, тек тiлерiм сол! Бiрақ, сүйгенiңе бақ тiлеп, бақытсыз боп жүргеннің, несi жақсы?!. Мүмкін, мен де бiреудiң шаңырағына бақыт әкелермiн!.. Десе де, жүрегiм жаралы...


* * *


Ақыры қорқаудай қашып кетерің бар, менiмен несіне жүрдің? Неге сүйдiң?.. Несіне сүйдірдің?.. Несіне идірдің?.. Мен үшiн ауыр екенiн сезiп те жүрсiң. Бәрін де білесің!.. Бiрақ, жұбата алмадың. Жұбату қиынға соққан да шығар. Айтшы, тағар қандай кінәң бар?!. Шыныңды айтшы, өтiнем, не себеп?.. Менi қатты қиналады деп, ештеңе айтпай жүргенiңдi де бiлемін. Бәрi де өттi ғой. Соңғы рет өтiнем. Айтшы?..


* * *


Сен ол күнi ішіп келдiң... Бiрақ, сөзiң түзу болатын.


“Жаным, сен маған тұрмысқа шығасың ба?..” деп тосыннан сұрақ қойдың, “бiрақ, қазiр емес, екі жылдан соң, мен жағдайымды түзеуiм керек!” дедiң. Менiң не дегенім, есiңде мүлде жоқ шығар!..


* * *


Сен сол күнi тағы да ішіп келдің!.. Үйдi тауып келгенiңе таң қалдым. Қыс айы болатын.


“Сен менi жақсы көрмейсiң бе?” деп бетiме бадырая қарадың. Менiң не деп жауап бергенiм, есiңде қалмаған да шығар!..


Удай мас едің!..


* * *


Сен келесі күнi тағы мас күйіңше келдiң!.. Телефоннан “келемiн” деп айтқан едiң... Балконнан қарап тұрмын...


Сол күнi ашылып бірсыдырғы әңгiме айттың. Бiр нәрсеге көзім жеткендей болды. Сен тiптi жыладың да!.. Әдейі істедің бе, кім білсін!.. Саған сенуден қалдым!.. Сен осы жолы ғана ашылып әңгiме айттың. Н…. сенесiң бе, не айтқаның есiңде ме?!. Жылап отырып тыңдағанмын. “Жылама” деп ұрысқансың. Сездiм, мен үшiн қиын болатынын, алдағы күндердің азапты боларын сол күні білгем!.. Қазiр сол күндердi сенсiз қалай өткiзiп жүргенiмдi бiлсең ғой!.. Сезсең ғой!.. “Бәрi де бiттi!” демешi!..


* * *


Өзi сүю қыздардың соры ғана!.. Бiрақ, мен сенi сырттай жақсы көрiп жүрген жан емес едiм ғой. Бір жас болса да, жасымның үлкендiгiн айтуға қиналып, сезiмiмдi өршiтiп алмай тұрғанда қоя қойсам ба деп те ойлап ем…


Ауыл түнi... “Қай жылғысың?” деп қоймадың. Қинала жауап бергенiмде: “Махаббат жасқа қарамайды” деген өзiң емес пе едiң!.. Сол кезде мен сенi сол күнгiден де қатты жақсы көрiп кетiп едiм. Ол да алдағаның екен ғой!.. Жаратқанның сенi кездестiргенiне риза болып, шынайы пәктiгiммен сенген едiм. Сол сенiмдi ақтай алмай, алдаусыратқаныңды түсiне алмадым!..


* * *


Мен сенi жоғалтатын күнiме сенбеп едiм. Жоғалттым дегенмен, ауылыңды мың қайтара көре бердiм.


Қоштасам деймiн, сол күн жақындаған сайын көңілім қобалжып, не iстерiмдi бiлмей басым қатты!.. Қорқамын!.. Қорқынышты!..


* * *


Қанша ойланып-толғансам да сенiң жан жүрегiңдегi сөздердi оқи алмадым. “Алдамадым!” дейсiң, онда неге тастап кеттің? “Пайдаланып жүр деп ойлама!” дейсiң, сонда қалай? Түк түсінсем бұйырмасын!.. “Мүлде ойлама!” дейсiң, бұл мен үшiн қиын деп ойламайсың ба? “Жылама” дейсiң, жылатпайтындай iс iстедiң бе, жоқ әлде, жұбата алдың ба? Сондықтан да өткен iске өкiне, өкіре жыладым. Өмiрге деген құштарлығым мен сенiмiмдi, үмітім мен адалдығымды мүлде жоғалтам деп ойладым ба?!.


Сүймеген болсаң, сүймей-ақ қой, бiрақ, алдаудың қажетi қанша едi?


Сенi қатты сағынсам да, “ендi көрмей-ақ қояйыншы, жылап өтсем де жылағанымды бiлдiрмей-ақ қояйыншы” деп қанша ойласам да, сол күнi тағы өзің хабарластың. “Жоқ!” деуге дәтiм бармады. Әңгiмелесiп отырып iнiмнiң үйленетiнiн айттым. Осы сәттi пайдаланып, өзiңнiң үйленетiнiңдi тағы да айтып салдың. Соңғы рет болғандықтан, барлық нәрсенi айтқым келдi! Бiрақ, сөйлесем, көз алдыңда еңкiлдеп тұрып жылайтынымды бiлдiм. Сондықтан хатқа жазғанды дұрыс көрдiм. Көкейiмде сайрап тұрған сөздер, тұншығып жатқан сезiмдер бiр-бiрiмен арпалысып жатты... Сен “кеттiм!” дегенше, әрең шыдадым... Қоштасып, машинадан түскеннен-ақ, көз жасыма ерiк бердiм... Сен осылай боларын сезсең де, түк сезбегендей кете бардың!.. Неткен қатыгез едiң!.. Тым болмаса жұбатар деп ойлап ем!.. Саған мұншалықты бауыр басып кеткенiм, уақыт өте келе қатты соққы болатынын бiлдiм бе?!.


Жападан жалғыз жылай бердiм, жылай бердiм... Бұл таусылмайтын неғылған көз жас. Қуаныштан жылаған, күлiп тұрып жылаған жақсы екен. Ал, өкiнiштен өкiрiп жылағанға жұбатудың да көмегi тимейдi екен!..


Менiң бар айтқаным:


— Не жазығым бар едi?!. Бiрақ, бiр күнi мәңгiлiкке кететiнiмдi сезбейтін сияқтысың. Бәрi менi күтуде!.. Шынымды айтпасқа амалым қалмап едi. Бақытты бол!


Менiң бұл жазғанымды онша түсiне қоймапсың. Сенiң жауабың:


— Тек қарғамашы, тағдырдың қоспағаны шығар, кешiре алсаң кешiр, қарғама!


Бәрiне тағдыр кiнәлi екен ғой!.. Қорықпа, қарғамаймын! “Таспен ұрғанды, аспен ұр!” деген, мен соны қатты ұстанғанмын.


— Дұшпанымды да қарғаған емеспiн. Тек көз жасымды тия алар емеспiн!.. Неге ғана бұлай iстедiң екен? Шыныңды айтпадың? Шынымен өлгенiмдi қаладың ба? Сол кезде келерсiң!.. Еш қарғамаймын! Ондай иттiгiм жоқ!


— Көз жасыңмен қорқытайын дедiң бе?!. Сенi алдағам жоқ қой! Сол кезде айттым сүйдiм деп... Ал қазір... Неге түсiнбейсiң!.. Түсінбеймін!.. Шын бақыт тiлесең, олай жасама. Мен де сол үшiн жүрмiн!.. Екеумiз қосылғанмен, түк шықпайды!..


Сен ненi түсiнбедiң екен? Осы соңғы сөзiңдi аңдамай сөйледiм деп ойламайсың ба? Түк шықпаған болса, басында неге жүрдiң? Бұның өте асылық болған... Сен солай шешкен болсаң, мен не істей аламын!.. Бiрақ, қорланғаныма әбден назаландым. Мен үшiн тым ауыр!.. Сол бір қаралы күндердiң куәсi де өзiң емес пе?!.


— Мен сенi мазаламаймын. Соңғы рет қоштасқаным болсын! «Жаным!» деп жүрiп алданғанымды кеш бiлдiм. Қалай шыдармын. Тастап кетедi деп еш ойламап едiм. Артық айтып, асылық қылсам, кешір!..


— ?!?


Бәрiн айтқым келдi.


Тағдырымның осылай боларын бiлдiм бе?!.


Өлiм туралы да көп ойладым... Өзiмнiң абыройыма да, сенiң абыройыңа да нұқсан келетiнiн, екеуміздің туыстарымыздың жүрегiн жаралайтынымды, Тәңiрдiң алдында үлкен күнә болатынын әріден ойладым. Бiрақ, кешірілмес күнә iстегенiмiздi өзiң де бiлесiң ғой!..


Соңғы күнi кездесуде (9.08.2006 ж) өзгеге болмаса да, маған тым қатыгез екенiңдi көрсеттiң!.. Бұның ерлiк болды!.. Қалайша білмегем!.. «Адам аласы ішінде» деген сөз рас екен ғой!..


Бақыттан басқа не тiлеймiн, тек қиналғаным ғана болмаса... Жылай бердiм... Өксiк тығыла бередi... Неткен азап күн... Неткен өксiк... Неткен жан қиналыс... Шаршадым... Сен менi қатты өзгерттiң!.. Мүлдем өзгерттiң!..


“Ендi маған не iсте дейсiң?..” дегiң келетiн шығар. Маған ештеңе де iстемей-ақ қой. Екеумiздi тағдыр қоспады деп өкiнбеймiн, өкпелемеймiн! Тағдырға емес, саған!.. Алдыңғы хаттарымда да “Үйленсең үйлене бер, бақыт тiлеймiн!..” деп жазған едiм. Бар өкпем — сенiң жауапсыздығың, менi қорлағандығың... алдағандығың... Артық айтсам, кешiр, кешiре алсаң!..


* * *


Жүрегiм iштей қан жылап, сенi қатты сағынып, ойлап отыр ем. «М..... саған телефон!» деген апайдың дауысынан селк етіп, тіксініп қалдым. «Ало» деп алғаным сол едi, сенiң қоңыр дауысыңды естідім, сенер-сенбесiмдi бiлмей, қайтадан «Ало» деп дауыстап жiберiппiн.


— Привет!


— Сәлем!


— Денсаулық қалай?


— Жақсы, өзiң ше?


Бiраз үнсiз қалдың. Содан кейiн барып:


— Кеше біреу қайта-қайта соткама звандап, тыныштық бермеді. Сен емес пе? — дедің көңілсіздеу.


Бұлай ойлағаның артықтау, жаным! Менен неге көрдiң екен? Мазаламаймын деп едiм ғой!..


— Жоға. Звандасам айтпаймын ба?


— Басқа не жаңалық?


— Ешқандай...


— «Ақсайда» тұрып жатырсың ба?


— Ол жақтан кеткелi үш айдай болып қалды.


— Енді қайда тұрып жатырсың?


— Бiр жақта.


— Бiр жақтың аты жоқ па?


— Аты жоқ бiр жақта.


Сен күлдiң. Мен ерiксiз езу тарттым. Жүрегiмнiң қаншалықты шымырлап жатқанын сен сезбеген де шығарсың!.. Не үшiн звондадың екен!.. Мүлдем хабарласпайтын шығар деп ойлап ем.


— Басқа не жаңалық?


— Ешқандай.


Менің селсоқ сөйлесіп тұрғанымды сезген шығарсың, “бопты онда” дедің де трубканы қоя салдың, менің “жақсы” деуге шамам әзер келдi. Көз алдымнан бірге жүрген бал күндер кино лентасындай тiзбектелiп өте бердi...


Жаным мұнша қиналар ма, дауыс салып жылағым келдi. Бірақ, жылай алмадым, жан-жағымда адамдар тұр едi. Өзiмдi әзер ұстадым... Сырттай ешкімге ештеңе білдірмесем де, іштей егіліп тұрдым...


* * *


Үйленгенiңе екi ай өтсе де, сен маған әлі бойдақ секiлдiсiң. Әдеттегiдей жұмыста бүгін де түнiмен отыруға тура келдi. Далада жаңбыр құйып тұр. Күз мезгiлi... Күз мезгiлi демекшi, екеумiздiң танысқанымыз күз айы едi. Осы қазанның 25-i болатын. Қолым жұмыстан қалт ете қалған мезетті пайдаланып, терезе алдына бардым. Күз айының селдеткен жаңбыры да адамға бiртүрлi жабырқаңқы көңiл сыйлайды екен. Жүрегiм аттай тулап, өнебойым шымырлап кеттi. Сенiмен танысқан жылғы күз айы көз алдымнан өте бердi... Көз жасыма ерiк бердiм. Сорғалай аққан көз жасым даладағы жаңбырға қосылып, жарыса домалай бердi... Күбiрлеп сөйлей бердiм. “Тәңiрiм-ай, Рамазан айы емес пе, күнәмдi кеше гөршi!.. Неге мұнша адастым екен?! Жаным неге мұнша қинала бередi екен? Н...... сен қайдасың? Менi бiр уақ есiңе алшы! Мен сияқты сен де бiр уақ қиналып көршi! Сонда менi түсiнер ме екенсiң?!. Жан қиналысымды сезінер ме екенсің?!. Ең болмаса, сезiншi! Мен сенi еш қарғамаймын, еш қинамаймын. Жаратқанға жалбарынып, тек кешiрiм сұраумен ғана өтермiн. Жылаумен ғана өтермiн. Сен менi неге сонша адастырдың екен?!. Ең болмаса, “сүймеймiн!” деп айтпадың-ау? Аядың-ау! Аяғаның құрысын, қинадың-ау!.. Бәрібір сенi көргiм келедi!.. Бiрақ, енді кездеспегенiмiз дұрыс та шығар!.. Сағынғаным-ай!.. Қиналғаным-ай!.. Бұл неғылған таусылмайтын қиналыс, бұл неғылған бітпейтін азап!..”


* * *


Алдағы аптада сенiң тойыңның өткенiн естiдiм. Үйленетінiңдi естіп — бiлсем де, тойы өттi дегенде ғана менен алыстап кеткеніңді ерiксiз мойындадым. Бейнең көз алдыма көлбеңдей бердi. Көлбеңдей бердi деймiн-ау, ойымнан, санамнан елесiң бiр шықпай қойды-ау! Жылай бердiм, жылай бердiм... Кеудемдегi жиналған шердiң бәрi тарқатыла беретiндей... Айқайлауға шамам келмедi. Автобуста келе жатқам, жанымда отырған адамның қай жастағы адам екенiн де ажырата алмадым. Маған қарай бередi, қарай бередi... Не үшiн қамыққанымды бiлгiсi келетiндей... Жұбатқысы келетiндей...


Өстіп отырып, үйге де жеттiм-ау! Өлермен адам секiлдiмiн. Бейнебiр сенiң жақсылық емес, жаманат хабарыңды естiген адам секiлдiмiн... Қараңғылық түскен болатын. Тағы да айқайлағым келдi. Өткен күндер есiме орала бердi. Неткен қиын! Н....., ең болмаса, жұбатшы!.. Тым болмаса, сенiң көзiңнен бiр жас шықсашы!.. Қоштасарда қимай қоштасатын шығар деп ойлаушы ем, жас шықпақ түгiлi, мұңаюдың да не екенiн бiлмейдi екенсiң! Жаның да ашымайды екен! Ең болмаса, сен секiлдi қатал болсамшы! Сен секiлдi жыламайтын тасжүрек болсамшы! Бiреудi жұбата алмайтын, жұбатқысы келмейтін қаныпезер болсамшы! Сен секiлдi тез ұмытып кететiн ойсыз болсамшы! Сен секiлдi еш сырымды айтпай кететiн сыралғы болсамшы! Сен секiлдi ашып ештеңе айта алмайтын сужүрек болсамшы! Сен қорқақсың! Неге сенi жек көре алмадым? Неге есiмнен кетпейсiң? Неге жылай беремін? Неге сағынам? Неге?.. Неге?..


Айдын досыңның тойы өткен күннiң ертесi соткам шыр-шыр етіп шырылдап қоя берді. Қарасам, сенiң нөмiрiң. Өз көзіме өзім сене қоймадым. Алғым келiп тұрса да, алмауым керек едi!.. Қатты жақсы көргендiктен бе, алмасыма болмады. Сенiң дауысың. «Шаруам бар» деген соң, «келе бер» деген едiм. Сен келдiң. Өңің сынық. Ештеңе бiлдiрмеуге тырысып бақтым. Менi айтпай-ақ түсiнген шығарсың. Әр сөздi үзiп-үзiп айта беремiз. Сенiң көзiңде маған деген аяушылық тұратын секiлдi. Менiң көзiмдегiнi өзiң де оқып тұрған шығарсың. Айтайын ба?.. Сенi әлi де жақсы көретiнiмдi, бәрiне де кешiрiммен қарағанмен, өкпелi екенiмдi бiлiп тұрған секiлдiсiң. Әскердегi әңгiме жайлы сөз қозғадың. Көзiммен ұрлана қарай берем... Саған артық сөздер айтсам, кешiр! Ал сен мүлде басқашасың. Тіпті кешірім сұрауды да білмейсің!.. Мен де қатты өзгердiм. Оны сезген де шығарсың. Қоштасарда көңiлiм босай бердi... Сен байқадың ба, байқамадың ба бiлмеймiн, аялдамада қалып қойған күйі солқылдап жылай бердiм... жылай бердім!.. Не деген кешiрiмдi жанмын!.. Сенi кешiруiм тиiс пе едi!. Бейнебiр сезiм күшейiп, алды-еркіме қоймай, жетектеп бара жатқан секiлдi. Алдағы күндерде содан да қорқам. Біреулер өмір өшпендiлiктен тұрады дейдi ғой!.. Бiрақ, мен өшiмдi сенен емес, өзiмнен алатын секiлдiмiн!.. Өйткені, айналып келгенде бәріне кінәлі өзім ғой!..


Бұлай ұзақ-сонар хат жазбаушы ем. Сен менi жазушы ғып шығаратын сияқтысың!.. Тек, “қияли” деп ойламашы.


Сәлеммен, сенi сүйген, өзiң сүйген, өзiңнiң М-ң.


Өмiрдiң тым қатал екенiне ендi көзiм жеттi.


Сен жанымда болғанда оны онша сезiнбеппiн!


Мен сені әлі де жанымдай жақсы көремін!


Сау бол! Қашан көрiссек те, тек күлiп көрiсейiкшi!


Жаратқан ендi екеумiздi көп кездестiре қоймас!


Әлi де мықтап сынайтын шығар.


Шыдаймын ба, бір күні морт етіп сынамын ба, кiм бiлсін!..


L love.


I m sorry.


М..... »


Ол хатты бір сөзін қалдырмай мұқият оқып шықты да, аз-кем ойланып отырып қалды. «Иә, ол қыз еді!.. — деді өзінен-өзі күбірлей сөйлеп, — Мен оны бүлдірдім!.. Бірақ, ол өзі ғой!.. Жыласа қайтейін!.. Жылай берсін!.. Менің кінәм не? Ол өзі ғой!.. Өзі емес пе?.. Өзі...»


Хатты еппен бүктеді де, қайтадан конверттің ішіне салып, жол жиегіндегі арыққа лақтырып жіберді.


— Мынаны Жанерке оқыса, төркініне қашып кетіп жүрер!.. — дей беруі мұң екен, қалта телефоны әндетіп қоя берді. Қолына алып қарап еді, «Жанар шақырады» деп тызылдап тұр екен. Көзі күлімдеп кетті.


— Қалайсың, жаным! — деді телефонын құлақ тұсына тосып, — Қайдасың!.. Сағындым ғой, жаным!..


— Неге звандамайсың, енді?!.


— Бітпейтін бір шаруалардың соңынан жүгірем деп... Қолым тимей кетті!.


— Не боп қалды соншама? Телефон соғуға да мұршаң болмай кетті ме, түге!.. — деді қыз дауысын көтеріп, — Ылғи өтірік айтасың!..


— Сенші, жаным! Шын айтам, мұрныма су жетпей кетті!.. Қайдасың, өзі?


— Қайда болушы едім, жатақханадамын!


— Онда қазір барамын! Міне, ұштым!..


— Ертең мамамдар келеді! Сені таныстырайын деп едім!..


— Неге? Не үшін? — деді ол сасқалақтап.


— Негесі қалай?!. Өзің де білесің ғой! Айтпап па едім, аяғым ауыр деп...


— Сен.. сен тұра тұршы!.. Мен қазір.. Қазір барам!.. — Маңдайынан суық тер бұрқ ете түсті.


Нұрлан жауап та күтпестен телефонын жанқалтасына сала салып, жалма-жан машинасын оталдырды да, ызғытып ала жөнелді. Ашуы көтеріліп басына шыққаны сонша, аузына келгенін айтып боқтанып келеді: «Әкеңнің аузын ұрайын, қаншықтар-ай!.. Жолап кетсең осы!.. Алдымен өздері қыңсылап астыңа жата кетеді де, ертеңінде жылап-сықтап шыға келеді, біләттар!.. Алдыру керек! Қалайда алдыру керек!.. Алдап-сулап болса да... Менің үйленгенімді білмейді ғой!.. Пока, білдірмеу керек!.. Алдырғанша ештеңе сездірмеу керек!.. Әйтпесе, бұл да бір жұлымыр ғой, бірдеңе бүлдіріп жүрер!..»


Осындай ойы он саққа бөлініп, ашуы бойына сыймай келе жатқан. Бір кезде ызғытып келіп бағдаршамның қызыл светіне өте берген, сол жағынан бірдеңе тарс еткізіп соғып жібергендей болды. Көзін бір ашып қалғанда оң жағынан «Камаз» автокөлігінің шиқылдап-қиқылдап төніп келе жатқанын көрді. Ойлануға да мұршасы келген жоқ, қатты соққыдан машинасының жылжып бара жатқанын сезген. Одан арғысы есінде жоқ...


Тек есін жиып, көзін ашқанда бүкіл денесінің ақ дәкеге байланып, аурухана төсегіне таңылып жатқанын көрді. Денесі ауыр, қозғалта алар емес. Қарсы алдында екі көзі білеудей боп ісіп кеткен әйелі тұр кемсең қағып. Бірдеңе дейтін сияқты. Бірақ дауысы естілер емес!..


Нұрлан да тіл қатайын деп еді, дауысы шықпады. Жағы қарысып қалғандай, аузы ашылмады. Көзін сығырайтқаны болмаса, өліп жатқан адамдай, тырп ете алар емес.


Көзіне жас іркілді... Ағыл-тегіл жылағысы келді. Бірақ, жылай да алмады.


* * *


Нұрлан үш ай бойы аурухана төсегіне таңылып жатты... Үш айдан соң барып ағайындары үйіне шығарып алды. Бірақ, омыртқасы сынып, жұлынына зақым келгендіктен, өмір бойы жазылмайтын сал ауруына шалдыққанын білді. Білді де, зар еңіреді...


Барар жері, басар тауы қалмады. «Бұндай кембағал күйеудің керегі жоқ! Жас өмірімді ғұмыр бойы өксікпен өткізе алмаймын!..» деп, әйелі төркініне кетіп тынды.


Ол осылай жалғыз қалды. Өмірі жалғыздықпен алысып өтетін шығар!..





Пікір жазу