02.09.2021
  277


Автор: Думан Рамазан

Жүрек қалауы

Қатысушылар:


Индира – жас қыз
Бақыткүл – қыздың шешесі
Саятбек – қыздың әкесі
Сержан – жас жігіт


Қаланың ортасындағы үш қабатты еңселі ақ үйдің ауласындағы тапшанның үстінде Индира мен шешесі шүйіркелесіп отыр. Индираның қолында кітап, шешесі саусақтарының үшімен бетіне крем жағып, сыланып-сипанып қояды.


ИНДИРА (шешесіне жақындап): — Мам... мам...


БАҚЫТКҮЛ: — Әу, жаным!


ИНДИРА (еркелеп): — Мам.. бірдене айтсам...


БАҚЫТКҮЛ: — Не? Айт!.. Айта ғой!.. Құлағым сенде!..


ИНДИРА: Мам... мам... мен бір жігітті жақсы көред! Соны...


БАҚЫТКҮЛ (үрпиіп): — Не? Құдай—ау, кім ол? Қандай жігіт?


ИНДИРА: — Ол сондай жақсы жігіт. Ақылды. Таза жүред, әдемі киінед. Ауылдын баласы деп айтпайсын!


БАҚЫТКҮЛ: — Ауылдың баласы деймісің?!


ИНДИРА: Иә, ауылдын... чабан баласы. Бірақ...


БАҚЫТКҮЛ: — Не, бірақ?.. Жетер!.. Болмайды!


ИНДИРА: — Неге болмайды?


БАҚЫТКҮЛ: — Болмайды деген соң, болмайды! Қойшымен құда болар жайым жоқ!


ИНДИРА: — Мам... Папам ылғида болашақ күйеудин байлыгына, басқасына кызык па, ең бастысы адамгершилиги жогары адам болсын деп айтып отырады ғой! Адамына қара, ақыл – парасатына қара дейді ғой!.. Саған байлық жолдас емес, адам жолдас болад дейді гой. Биздин байлығымыз бір саған жетеді дейді ғой!.. Постаянно... Так говарят, ты сама же знаеш...


БАҚЫТКҮЛ (шаптығып): — Байлығымыз да, басқасы да бір саған жететіні жетеді. Бірақ... Сен біздің жалғыз қызымызсың... соны ойла... ел – жұрт бар, ағайын – туыс бар, не айтамыз, ұят емес пе?! Саятбектің жалғыз қызы бай таппағандай, малшының баласына тиіпті деп өсек қылмай ма?! Досқа күлкі, дұшпанға таба болар жайым жоқ! Жора – жолдастарға қалай қараймыз?! Бетім—ай! (Бетін шымшиды). Қаланың жігіттері құрып қалғандай! О несі – ей! Алматыдан бай табылмай қалды ма, түге?! Әкеңнің абыройын ойласаңшы! Өзіңнің болашағыңды ойласаңшы!


Осы кезде үйден қыздың әкесі шығады.


САЯТБЕК: — Не болды—ей, саған?! Ауланы басыңа көтеріп!..


БАҚЫТКҮЛ: — Мына қызың да... Қойшының баласына байға шығам дейді... Осының бәріне кінәлі сенсің!... Адам дейді, адамгершілік дейді. Не қаланың адамдары адам емес пе екен? Қаланың жігіттерінің адамгершілігі жоқ деп кім айтты. Анау Сәкеңнің баласы кімнен кем. Түр десе, түрі, бой десе, бойы бар. Сәкеңнің өзі ше?.. Министрдің орынбасары болса да, қандай қарапайым. Өзін-өзі ұстауы қандай! Шіркін, сырбаздың сырбазы ғой, біздің Сәкең... (күйеуіне қарап). Ал сен болсаң, адам, адамгершілік деп қызыңның басын бостан – босқа қатыра бер ме!..


САЯТБЕК: — Ақыл айтуға да болмай ма, не?!. Мен жаманшылық ойлайды дейсің бе! Сен де қайдағыны шатып – бұтып... Басын қатыратындай не айтыппын. Адам болсын, дұрыс адамға жолықсын дегеннен басқа...


БАҚЫТКҮЛ: — Адам болсын... дұрыс адам... Сонда не, Сәкең адам емес пе?!.


САЯТБЕК: — Немене сандырақтап тұрсың. Сәкеңнің бұған қатысы қанша?..


БАҚЫТКҮЛ: — Біле білсең, біз құда болатын адам сол Сәкең. Сәкең...


САЯТБЕК: — Өй, сен де бір...


БАҚЫТКҮЛ: — Немене, қолыңды сілтейсің. Қазір не, сенің заманың дейсің бе?! Байлыққа да, қызметке де кімнің арқасында қолың жетті өзіңнің! Ойлансаңшы, бір уақ... Әрберден соң менің әкемнің арқасы емес пе, сенің осылай шалқып жүргенің! Ал ана өмір бойы ойыңнан кетпейтін ғашығың Гүлмираға үйленсең, көрер ем кім боп жүргеніңді!.. Қоңыз теріп кетер ме едің, кім білсін! (сайқалдана мыр – мырс етіп миығынан күледі). Өзің түсе алмай қалған балшыққа қызыңды батырғың келеді ғой, ә!.. Солай ма?!. Оған жол бере қоймаспын! Мен тірі тұрғанда... Тап, бар ғой!..


САЯТБЕК (сәл – пәл ойланып тұрып қалады да): — Көзіңе жын көрінгендей, не болды—ей сонша шаптығып?!.


БАҚЫТКҮЛ: — Керең боп қалғансың ба?!. Айтып тұрмын ғой, мына қызың қойшының баласына байға шығам дейді. Сен малшымен құда боласың! Құйрық – бауыр жейсің!


САЯТБЕК (Индираға қарап): — Қызым, қызым—ау! Жақсылап ойлану керек!..


ИНДИРА: — Пап... өзің емес пе, болашақ жарын адамгершілігі көп адам болсын деген. Мен сол адам тапқан сияқтым. Пап... пап... өтінем сізден... Между прощим, Серікбол аганы мен де жақсы көред, ол кісі жаксы. Бірақ, Жораны білесіз ғой!


БАҚЫТКҮЛ: — Е, несі бар екен? Көзі соқыр ма, қолы шолақ па?.. Оброзованный, қаланың жігіті.


ИНДИРА: — Ой, несін айта береси, өзін де білесін ғой, онын кандай екенін!.. Машина мен... перщаткідей айырбастайт! Сол ма онын жаксысы. Ол барип турган нахал!.. Ақыл аз онда!.. Мен оны жек көред. Екеуміз постоянно...


БАҚЫТКҮЛ: — Болды... болды... Семья болған соң, бәрін қояды ғой! Өмір бойы сөйтіп жүре берер деймісің! Қояр! Зато, байлығы... Сәкеңнің байлығын айтсаңшы! Қос – қостан үй, үй болғанда қандай!... Қос – қостан машина... машина...


ИНДИРА: — Байлығы не керек, улы акымак болса!.. Акмак!..


БАҚЫТКҮЛ: — Сен қаншық қоясың ба жоқ па? Мен бәрібір қойшымен құда болмаймын! Өліп қалсаң да!..


САЯТБЕК: — Бақыткүл, неменеге өрекпи бересің?! Әуелі баланы көрейік, танысайық та. Сонан соң ақылға салып көрерміз... Ал Жораның...


БАҚЫТКҮЛ: — Е, несі бар екен?!. Сәкеңмен құда болсаң...


САЯТБЕК: — Әй, Сәкеңнің жөні бір басқа, Ал Жораны қойшы—ей!.. Несіне қайталай бересің, болды емес пе?!. Тап бір жау шауып жатқандай, сонша аптығып не көрінді саған!.. Көрерміз! Бәріміз де ауылдан шықтық...


БАҚЫТКҮЛ: — Нені көресің?!. Көретін дәнеңесі де жоқ! Біз қалалық болғалы қай заман?! Әрі сен білдей бір корпорацияның басшысы емессің бе? Саған бәрібір ме, сонда?


САЯТБЕК: — Ей, сен де... сөз ұғушы ма едің!


БАҚЫТКҮЛ: — Мен емес, сен ғой, сөз ұқпай тұрған...


САЯТБЕК: — Мен үшін қызымның бақыты бәрінен қымбат!


БАҚЫТКҮЛ: — Сен немене сонда...


САЯТБЕК: — Сөзді көбейтпе!.. Теңін тапса болды емес пе?!. Одан басқа саған не керек!


БАҚЫТКҮЛ: — Тең теңімен, тезек қабымен деген бар!.. Соны да білмейсің бе?!.


САЯТБЕК (көзін аларта, дауысын көтеріп): — Жетер енді! Доғарасың ба, жоқ па?


БАҚЫТКҮЛ: — Қойшымен құда болып жетісерсің!.. Жетіскен екенбіз!.. Ойбай—ау, ойбай!..


Бақыткүл долдана шығып кетеді.


ИНДИРА (еркелеп): — Пап... Ол жақсы жігіт! Симпатичный, умный... Порядочный.


САЯТБЕК: — Өзіңе ұнаса, өзің ұнатсаң болды да, ботам!.. Сен бақытты болсаң, бізге одан басқа не керек дейсің, жаным! Көрейік, танысайық!.. Білісейік!.. Өзің де жақсылап ойлан, жаным. Басқа нәрселерден қателесуге болар, ал өмірлік жар таңдауда қателікке жол беруге болмайды! Өйткені, бағың да, сорың да сонда, жаным! Өмірде мен де көп қателіктер жібердім!..


ИНДИРА: — Ол не?


САЯТБЕК: — Жай — әшейін... сен жалғызсың!.. Осының бәрі сенің шешеңнің кесірі... Ұлым болса... Кейде... Әй... қазақтың... кейбір сөздері—ай!...


ИНДИРА: — Казактин сөздери...


САЯТБЕК: — Иә, ата – бабаларымыз қандай данышпан болған! Бәрін де бір—ақ ауыз сөзбен айтып кеткен ғой!..


ИНДИРА: — Пап... мени неге казакша окитпадыныз? Казактин сөздерин көп түсінбеид. Казакша дурыс сөйлей алмайтынга ұялам.


САЯТБЕК: — Әлі—ақ үйреніп кетесің! Ұялмай сөйлей бер. Ол кезде заман басқа еді ғой, жаным. Маңайда қазақ мектебі жоқ болатын. Оның үстіне орысша білсең, жерде қалмайтынсың! Сенің болашағыңды ойлағаннан орыс мектебіне беріп едім... Қателескенімді кеш те болса өзім де сезіп жүрмін! Кейде сенен орыстық мінездерді байқап қалам. Дегенмен, бойыңа шамам келгенше қазақылықтың дәнін себуге тырыстым. Ылғи да, үйде қазақша сөйлеңдер деп айтып отыратын едім ғой! Сөзіме онша құлақ аспаушы едіңдер! Енді келіп... (Қалта телефоны шылдырлайды). Аа... Жақсы... жақсы... Мен қазір барамын!.. (қызына қарап). Қой, жарайды, жаным, мен кеттім, жиналыстан кешігіп барамын! Ойлан, қызым, әбден ойлан. Өзің де енді бала емессің ғой! Ертең өкініп, опынбайтындай болғайсың! Ең бастысы өзіңе ұнаса болды. Қалғаны біртіндеп қалыпқа келер. Біз емес, өзің тұрасың ғой! Дегенмен, қойшының баласы екен. Әбден ойлан, жаным. Біз де көрейік, танысайық... Бір уақ абыройды да ойлаған дұрыс, қызым!.. Ел бар, жұрт бар дегендей... Енді өзің...


ИНДИРА: — Ой, пап...


САЯТБЕК: — Қызым, кейін... тағы әңгімелесерміз... Мен кешігіп барам... Жақсы ... кейін тағы...


Әкесі қызының маңдайынан иіскейді де, асыға басып, шығып кетеді. Сәлден соң қақпаның қоңырауы шылдырлайды. Индира жүгіріп барып есік ашады. Қолына гүл шоқтарын ұстаған Сержан кіреді.


СЕРЖАН: — Қалың қалай?


ИНДИРА: — Салем!


СЕРЖАН: — Көңіл – күйің қалай?


ИНДИРА: — Жаман емес! Бәрі жаксы.


СЕРЖАН: — Не жаңалық?


ИНДИРА: — Еш жаналык жок.


СЕРЖАН: — Оо... о... Қазақша көпкөрім сөйлейтін болыпсың ғой!


ИНДИРА: — Как... как... Попкорм дейсің бе? Попкорм сияқты сөйлейм бе.


СЕРЖАН: — Попкорм сөйлеуші ме еді, не?


ИНДИРА: — Енді өзің ғой!..


СЕРЖАН: — Попкорм емес, көпкөрім деймін. Қазақша жақсы біліп қалыпсың дегенім ғой!


ИНДИРА: — Аа... аа... Сенін арқанда копкорм сөйлейм!


СЕРЖАН: — Жарайды! Осындай қасиеттерің ғой... Қылықты қызсың—ау!.. Әйтпесе бар ғой, қаланың қыздарын онша жақтыра қоймаушы едім.


ИНДИРА: — Мен де ауыл жігитин... Есіңде ме, екеуміздің урисип қалғанимиз. Мен плакат етіп едім ғой! Сен маған мәнгурт дедін.


СЕРЖАН: — Енді өзің ғой, мәмбет деген. Ылғи орысша сөйлейтінсің. Соған өзімнен-өзім ыза болатынмын. Соны айтып едім, өзің ғой, шамданып, дәукестеніп шыға келген.


ИНДИРА: — Сол айтқандарын үлкен ой салды! Сен менин өмірге деген көзқарасты өзгерттін! Шын айтам! Сол үшін де өзім барып кешірім сурадим гой!


СЕРЖАН: — Сонан кейін ғой, сені бір түрлі жақсы көріп қалғаным. Өмір қызық қой!.. Әйтпесе...


ИНДИРА: — Байқайсың ба, Сержан, сенімен танысқаннан бері мен казакша сөйлейтін болдым.


СЕРЖАН: — Өте жақсы!..


ИНДИРА: — Мен сені алғашында мүлде орысша білмейтін шығар деп ойлаушы едім! Орысша жакси урсади екенсин. Чистый орысша урсасын!..


СЕРЖАН: — Мен де сені бір ауыз қазақша білмейтін шығар деп ойлайтынмын!..


ИНДИРА: — Ал былай... вобще... орысша сөйлемейсин, иә! Орыстардын өзіне казакша сөйлейсин! «О, колхоз!» деп, биз күлетінбіз. Орыстарга казакша сөйлеу кызык. Бірак сени олар бәри түсинеди, иә.


СЕРЖАН: — Өзіміз ғой, өбектеп шыға келетін. Әйтпесе, олардың бәрі біледі, болмаса түсінеді. Өзбектер ешуақытта бір – бірімен орысша сөйлеспейді. Қайта орысқа өзбекше гәпіреді. Тіпті Тәшкенде дүкен сатушыларының өзі орысша сөйлесең жауап бермейді. Өзбекше сөйлемесең де, қазақша сөйле дейді. Міне, оларда ұлттық намыс қандай!.. Ал біз болсақ, өзімізбен-өзіміз орысша сөйлесеміз! Соны жетістік санаймыз, мақтан тұтамыз! Қадыр ағамыз айтпақшы, өзге тілдің бәрін білсең де, өз тіліңді құрметтеу керек қой! Ағылшынша бұлбұлдай сайрасаң, кәнеки!.. Бірақ...


ИНДИРА: — Сен агылшынша да жақсы біледі екенсин ғой! Сені... бар ғой... агылшынша біледі деп мүлде ойламаппын! Ауылда жүріп калай үйренгенсин?


СЕРЖАН: — Ниет болса, бәрін үйренуге болады. Айтып тұрмын ғой, бәрін біл! Тек қазақпен қазақтың орысша шүлдірлескенін түсінбеймін. Қараптан қарап тұрып зығырданым қайнайды. Масқара емес пе? Намыс қайда? Өз тіліміз жоқтай! Біле білсең қазақ тілі әлемдегі ең бай тілдердің бірі.


ИНДИРА: Білем! Алгаш осындай касиеттерін жек көрдім, кейін осы қасиеттерін үшін жақсы көрип кеттим гой. Мәмбет деп ойлаушы едик, мәмбет сен емес, мәнгурт біз екенбіз ғой! (күлімсірейді).


СЕРЖАН: — Қойшы, оның бәрін еске түсіре беріп қайтеміз, көрген түстей өтті де кетті ғой!.. Одан да дайындал, әйтпесе, спектаклден қалып қойып жүрерміз.


ИНДИРА: — Жаксы. Мен казир...


Осы кезде үйден Бақыткүл шығып қалады. Ол Индира мен Сержанның сөздерін тыңдап тұрған сыңайлы. Жігітті бастан – аяқ алакөздене шолып өтеді де, мықынын таянып тұра қалады.


СЕРЖАН (көре салып): — Сәлеметсіз бе?


БАҚЫТКҮЛ (Сержанға қарап): — Бүгін үйге қонақтар келмек. Индира ешқайда бара алмайды.


СЕРЖАН(сасқалақтап): — Ондай болса... жарайды...Өзім-ақ...


БАҚЫТКҮЛ (кекесінмен): — Сөйткенің дұрыс!..


СЕРЖАН (шегіншектеп): — Жақсы онда... ( шығып кетеді).


ИНДИРА: — Мам... неге... Мен оны жақсы көрем ғой!.. Сіз бәрін...


БАҚЫТКҮЛ: — Не болды!.. Қайта жақсы...


ИНДИРА: — Мам... біз бір – бірімізді жақсы көреміз. Неге түсінбейсіз?!. Біз бәрібір...


БАҚЫТКҮЛ: — Атаңның басы...


ИНДИРА: — Мам... мам... ( сөйлей алмай, қыстығып үйге кіріп кетеді).


БАҚЫТКҮЛ (жападан жалғыз, өзіне өзі): — Әй, өзі бір түр – тұлғасы келіскен бала екен!.. Үстіндегі киімі де... Әй, бірақ, қойшының баласы ғой... Мүмкін... ә.. әлде...


(Өзімен-өзі іштей күбірлесіп тұрып қалады).


Соңы





Пікір жазу