31.08.2021
  348


Автор: Қазақ халық ауыз әдебиеті

Шұбар ат

Ертеде Мәмбетәлі деген жігіт бір күні нағашысының ауылына қыдырып бара жатып, жолшыбай шұбаған көшке кездеседі. Мәмбетәлі көш бастаушы қарттан амандық сұрасып, өзінің беталыс жолын айтады. Бұлар да сол бағытқа қоныс аударып келеді екен. Біраз жүрген соң, көштің жетегінде келе жатқан ала бие құлындайды. Сонда қарт:


— Шырағым! Жолдан қосылған қонақ едің, мына бие де далада құлындады, жолымыз болар, саған берген сыйым болсын, — деп, шұбар құлынды Мәмбетәліге беріпті. Мәмбетәлі жас құлынды шапанына орап, нағашысының үйіне алып келеді де, аз ғана уақыт бағып, үйірге қосып жібереді.


Арада біраз жылдар өткенде Мәмбетәлінің мініп жүрген аты орға құлап мертігіпті. Енді жаяу қалған Мәмбетәлі нағашысының жылқысына келіп, таңдаған жылқысына құрық салады. Бірақ құрық бұрыннан өзіне белгілі кербез торыға дарымай, шұбардың мойнына түсе береді. Ақыры Мәмбетәлі Шұбар атты үйіне әкеліп үйретеді. Шұбармен аңға шығып, талай рет қасқыр, түлкілерді соғып алады. Баяғы жолда туған құлын бұл күндегі Шұбар ат, оны, әрине, Мәмбетәлі бәйгеге шабады деп ойламайды, жарыстарға да қоспайды.


Бір күні көрші ауылда той болып, оған Мәмбетәлі де барады. Тойға шабатын аттарды көріп, «Шұбарды да сынайыншы» деген оймен Мәмбетәлі жүйріктердің қатарына Шұбарды байлап, өзі шеткері тұрады. Бәйгіге қатысатын сәйгүліктерді көруге келге сыншы:


— Осы жарыстың жүлдесін анау тұрған шұбар алады. Өзі кәрі ат екен. Ең болмаса, өлерімнің шағында бір рет топқа түспедім-ау, деп тұрған сияқты. Сол жануардың жанын қинамай-ақ, байрағын беріңдер, — дейді.


Бұрын бірінші орын алып дәніккен, осы жолғыдан да үміткер билер сыншының бұл айтқанын жақтырмайды. Ат айдаушы бәйгіге шабатын сәйгүліктерді бөлек шығарып, ертең таңда көмбеден жіберілетінін хабарлайды. Мәмбетәлі сол жерден Есен деген баланы Шұбарға мінгізіп, топқа қосып жібереді.


Таңғы салқынмен қаз-қатар жіберілген аттар ілгері қарай лап қойғанда, шұбар ең соңында қалады. Жол ұзаған сайын жүйріктердің аралары ұзап, бір-бірінен алшақтай түседі. Арттағы Шұбар біраз шапқан соң денесі қызып, бауырын жаза бастайды. Алдындағыларды біртіндеп қуып жетіп, ілгері аса береді. Осылайша, Есен соңғы қарақшыға келіп: «Алда кім бар?» деп сұрайды.


— Бірінші болып бара жатқан Ақбақай мен Қаракер жаңа ғана өтті, — дейді қарақшы.


Мұны естіген Есен Шұбармен ілгері ұмтылады. Қызып алған Шұбар жер танабын қуырып, Ақбақай мен Қаракерді ілезде қуып жетеді. Біраз тізгінін тежеп, қатарласа шауып, ел қарасы көрінген шамада Шұбар жеке алға шығып, құлдырай жөнеледі. Сөйтіп, Ақбақай мен Қаракерден бір төбе ұзап алға кетеді. Аттардың келуін асыға күткен халық көз ұшынан көрінген жалғыз қараны: «мынау келе жатқан, бұрын жарыстың алдын бермейтін Ақбақай ғой» деп тұрғанда, шұбар ат болып шығады.


Шұбардың бірінші келгеніне сыншыдан басқа адам сенбейді. Әсіресе, Ақбақайдың иесі, би:


— Шұбар көмбеге бармай, жолдан қосылған, сондықтан бәйгі менікі, — деп жеңістік бермей тұрғанда ат айдаушы келеді. Халық оны ортаға алып: «Шұбар атты көмбеден көрдің бе?» — деп сұрайды. Сонда ат айдаушы:


— Барлық ат бірге кеткенде шұбар ең соңында қалып қойған еді, — дейді. Мұнан соң ылажы қалмаған билер шұбар аттың бәйгісіне қарсылық ете алмайды. Мәмбетәлі бәйгіні алып Есенге береді де, өзі үйіне қайтады. Сол шұбар аттың шабысына жиналған ел разы болады. Әсіресе осы жиынның ішінде болған бір домбырашы шұбарға көңілі толып: «Қараның бір аты, бидің мың атына тұрады», — деп, «Шұбар ат» күйін шығарыпты.





Пікір жазу