Хат
Боқат деген кісі:
— Би шақырып жатыр деген соң барсам, пәлен жердегі моңғолдың дарынында бір сары жорға ат бар, соны маған әкеп бер деп қағаз жазып, аяғына мөрін басып берді. Мен мақұл болып қағазын алып жолға шықтым, өзім хат танымаймын. Жолда хат танитын біреуге оқытып көрдім де, қосымша «біздің осы маңайда ағаш алғандар бар еді, малы алыс кетіп көже-қатықтан тарығып қалған екен, бір еркек қой бере сал» дегізіп жазғызып қойдым. Әлгі моңғолдың ауылына барып қағазын бердім. Ол:
— Біздің қазақша хат танитын адамымыз жолаушылап кетіп еді, өзің оқып берсең қайтеді? — деді. Мен хат танитындай-ақ жаттап алғаным бойынша сары жорға атқа бір еркек қойды қосып оқып шықтым. Сонда әлгі моңғол:
— Тіпті, сенің осы оқысың оқыс-ақ екен. Сөйтседе, ұлықтың мөрі басына қарап тұрғаны қалай болар екен, — демесі бар ма?
Сөйтсем мен мөр басылған қағаздың аяғын басына қаратып «оқып» отырыппын. Сыр бермеу үшін:
— Бізге есеп емес, жоғары-төмен оқи береміз, — дедім. Біраздан кейін олар қазақша жазылған бір қағазды әкеліп:
— Осы зорған жоқ болып, көп қағаз оқылмай қалғаны, мында не депті, — деді. Мені сынамақшы ма, жоқ шыны ма, мәлімсіз. Әйтеуір өзімнің хат танымайтынымды ашып алмау үшін бұлданғансып:
— Жеті семіз ұранқайдың қағаз оқып беретін зорғаны мен емес. Берсең, әлгі қағаздағыны бер, бермесең, кетем, — деп шалқалап жата кеттім. Ақыры таңертең сары жорға атқа бір еркек қой қосып берді. Қойды өзім алып, атын өзіне апарып бердім, — деп айтыпты.