Үш бидің әулиелігі
Бірде Қабылиса, Ескелді, Балпық үшеуі келе жатып, Ескелді Қабылисадан:
— Мен өлгенде қай жерге қойыламын? — дейді. Қабылиса:
— Сіз Үштөбе маңындағы Қызылжарға қойыласыз, — дейді.
— Балпық ше?
— Мұның жасы сенен кіші ғой, сенен сәл төменірек батысқа таман қойылар, — дейді.
— Өзіңіз ше?
— Мен Іле бойындағы Үшарал, Көкбастау жеріне қойылармын, — дейді. Ендігі жауапты Қабылиса алмақ болып, Айнабұлаққа жеткенде:
— Апыр-ай, мына жердің у-шуы-ай! Бұл қалай? — дейді Ескелдіге бұрылып. Ескелді:
— Бұл жерге жол түсіп, қала орнайды екен. Ант көп болады екен. Ерден әйел көбейіп, қырғынға ұшырайды екен, — дейді.
Дүнгенге келгенде Қабылиса Балпыққа қарап:
— Апыр-ай, мына жерден өкіргендей дауыс шығады ғой, бұл не? — дейді.
— Бұл жерге де қала түсіп, халық көбейіп, біртүрлі өнер шығып, елді айқайымен оятады екен, — дейді Балпық.