30.08.2021
  183


Автор: Қазақ халық ауыз әдебиеті

Уәйіс ақын мен Серікбай қажы

ХІХ ғасырдың аяқ шені. Уәйістің үйлі-баранды болған, жиырма бестерден жалынды шағы екен де, Серікбайдың алпыстыауқымдаған, айлық-дәулеті сарқылмағын кезі екен. Серікбай ақын — Сараның Біржан салға:


Садырбай, Жаманбала, Арқабайым,
Тел емген екі енені марқадайын, —


деп бетке ұстаған Садырбайының баласы. Жаманбаладан — Кәріпжан. Кәріпжан-Серікбол деген атақтары жер жарады. Екеуі де шынжыр балақ, шұбар төс. Олар Семіз Найманның Орыс Медет табынан. Екі шонжар Балқашқа құятын Аякөз, Бақанас, Қурайлы өзендерінің сағаларын қыстап, күзектеп, кедей «нашар» ауылдарды баса көктей отырып, Нарын өзенінінің бастау алар тұсындағы Ақшәулінің салқын төстерін, шүйгін өрісті жота-сілемдерін, мөлдір бұлақты көк-жасыл қойнауларын жайлап қайтады екен.


Серікбай Абаймен құда. Абайдың Ділдәдан туған Райхан деген қызын Серікбайдың Кұдайбергені алып отыр. Ол — әрі Абаймен замандас, құрбы, одан екі жас үлкендігі бар, аса ет жеңді, кесек, зор денелі қарасұр кісі.


Уәйіс пен Серікбайды тағдырлас ететін бір жағдай бар. Ол — 1898 жылы Ақшатаудағы Көшбике қонысында өткен Қоңыркөкше болысының сайлауында Абай басына істелген сойқанды іс. Бұл уақиғаның өткенінен де бірер жылдың жүзі өтіпті.


Абайдың қасына еріп барған Уәйіс Абайдың үстіне оны шапанымен бүркей құлап, қаптаған көп таяққа сыртын төсеп, Абайды қорғап қалған. Серікбай болса — Абайға қастандық жасаушыларға билік айтып, жаза, құн кесіскендердің бірі. Бірақ екеуінің дүниетанымдары екі басқа. Уәйіс — бұқара оптимист те, Серікбай — ескішіл-байшыл, діндар қажы.


Қарашаның алғашқы қары жауып, маң дала жайлы ұйқыға еніп, аспан аласара, түнере түскендей. Айналаны ымырт жайлаған шақта, Аякөз өзенінің Қозы Көрпеш-Баян сұлу зираты тұрған тұсынан жоғары өлкеш өрлегі салып келе жатқан жолаушы Уәйіс ақын. Салт атты жолаушы астық артқан түйе жетектепті. Бұл жүрісі алты-жеті үйлі кедей ауылдың қамы. Солардың астығын артып, ұзақ жүрістен өзі де, көліктері де
қажып келеді. Уәйіс Құрайлының Аякөзге құяр сағасындағы тоғайлы, паналы, шүйгін күзекте там үйінде отырған Серікбай қажының ауылына тезірек жетсем деген ойда отыр. Жолдағы ауылдарда теңдегі астықтан үлесі барлар да «қарызымыз бар еді» деп, жолына көлденең, бөгет болатындар қажы ауылына батып, жолай алмайды. Ішкі есебі осы.


Кеш жамылып, ой үстінде келе жатқан ақынның құлағы қажы ауылы иттерінің үргендері естілді. Уәйіс ауылға ат басын тірегенде, ит жасқауға да ешкім шықпады. Қонақ келеді деп күтпеген қажы жатуға ыңғайланған екен. Үсті басына қылау жабысып, тоңазығын сырт киімі қаудырлап, саптамасын сықырлата басып ала көлеңке ауызғы бөлмеге Уәйіс:


— Ассалаумағалейкум! — деп сәлем беріп кірді.


Төргі бөлмеден:


— Уағалейкүмассалам! — деген қажының жуандау, жарықшақты үні естілді.


— Қай елсің?


— Кереймін.


— Керейдің кайсы?


— Қожакелді Көлібайымын


— Есімің кім?


— Уәйіс.


— Ее, әлгі ақын, әнші Уәйіс екенсің ғой. Шын ақын екеніңді білейін, табалдырықтан аттамай тұрып, табан асты бір ауыз лебізіңді шығаршы.

Бұл сәтте Уәйістің жүрегі жалындап, бойы ысып, шабыты өрледі. Табалдырық емес, сын көпірінен аттағалы тұрғандай сезінген ақын шабытының киелі құсы қазға ұмтылған қаршығаша самғай жөнелді:


— Өлеңді айтушы едім ысылғаннан,
Тер шықты маңдайымнан қысылғаннан.
Келді деп бір кедейді кім елейді,
Ешкімің қарсы алмады шығып алдан.
Болып тұр бұл сауалың сыннан бетер,
Уәйіс бөгелмей-ақ бұдан да өтер.
Абайдың қасына айттың әділ билік,
Қажеке бір ісің жоқ бұған жетер...


— Жетер, жетер. Уа, пәлі! Шын ақын екенсің, қалғанын төрге шығып айт, — дегенде, Уәйіс:


— Келемін Алатаудан астық артып,
Адамға тіл екен ғой басты барлық.
Сөз жебеп, өлең толғап, шабыт қолдап,
Төріңе аяқ шешпей, шықтым қарғып, —


деп барып Серікбайға қол берген екен. Сөйтіп, өлең сөз бен дүние, байлықтың иелері таразыға түсіп, өлең сөздің киесі жеңіпті.





Пікір жазу