У жеген түлкі
Бұрын бір бай түлкіге у салады екен. Жылқы бағып жүрген Қоштай кей кездерде осындай у жеп өлген түлкіге кезігіп қалып, пайдаланып та жүрсе керек. Бір күні әлгі бай Қоштайдан:
— Сен далада түлкі тауып алған жоқсың ба? — деп сұрапты сыр тартып.
— Жоқ, тақсыр, түлкі маған ұстата ма, ол қу ғой? — депті Қоштай түк білмегенсіп.
— Анау күні осы ауылда бір шал даладан у жеп өлген түлкіні тауып алып, сойып жатқанда уланып қалып, өліп қала жаздап барып әрең жазылды, — депті бай оны қорқытып қоймақ болып.
Бір күні таңертең бай шайын ішіп жатқанда сырттан Қоштайдың айғайлап шақырған дауысын естіп сыртқа шықса, Қоштай он неше құлаш қайыс арқанның бір ұшын түлкінің артқы сирағынан байлап алып тақымына басып, соза тартып ентігіп тұр екен.
— Үй, батыреке, мұның қайткенің? — деп ыза болыпты бай, қоңырала түлкінің қабырға жонының сыпырылып түсіп қалғанын көріп.
— Анау күні өзіңіз у жеген түлкіні ұстаса, уланып қалады дедіңіз емес пе? Мына құрықпен артқы сирағынан тұзақтап алдым да, жол бойы сүйретіп әрең жеттім, — депті.
Қоштайды даңғой, есірік деп ойлаған бай кейін онан күмәнданбайтын болыпты.