Тұяқ туралы әңгіме
Бұрынғы өткен кезде Атығай-Қарауылда бір үлкен той, ат шабыс, күрес болып, осы екі елдің барлық адам қарасы жиналып, осы екі елдің мынау қалай деген балуандары күреске түсіп, жүйрік жақсы аттары жарысқа қосылып, үлкен той болады. Осы жиналыс-тойда үлкен дау, жанжал шығып, негізі Қарауыл Тұяқ дейтін адам өте балуан екен. Осы Тұяқ Атығайдың атақты бас балуанын жығып кетеді. Осы тойда түйе бастатқан бас бәйгені Тұяқ алады. Осыдан кейін үлкен талас, жанжал шығып, аяғы ұрыс-жанжалға айналып, бірнеше адамдар жараланады. Осыдан кейін осы екі елдің талас мәселесі дұрыс шешілмей, екі жақтың жиналған адамдары тарап кетіседі.
Сонымен, бағанағы балуан Тұяқ атына мініп, еліне қашады. Мұның артынан Атығайдың қуғыншылары шығып іздейді. Ұстап алып өлтірмекші болады. Сонымен балуан Тұяқ сескеніп, елінен безіп, қашып шығады. Үйінен шыққаннан: «қайда барсам, кімге барсам менің жаным осы ажалдан құтылып, ман қаламын» дегенді ойлайды. Қашып келе жатып, жолында тоқтап түскен жерінде әркімдерге шын жайын айтып ақылдасады. Содан кейбір ақылдасқан үлкен адамдар айтады екен.
— Сен, шырағым, Баянауылда Едіге бар, оның баласы Шоң бар, Орта жүзден шыққан нағыз әділ адам. Сондықтан осы Шоңға барып, аман жететін болсаң, сенің осы жұмыстан аман сақтап алып қалуға шамасы келеді, — деп ақыл береді.
Сонымен Тұяқ осы айтылған үлкендердің ақылын дұрыс деп алып, Шоңды іздеп Баянауылға жүріп келеді. Ел жайлаудан қайтқан кез. Шоң өзінің күзгі отыратын қонысына көшіп келген кезі болуы керек. Бір күні кешке таман Шоң үйінің жанында отырғанда қасында бірнеше кісілері бар, күнбатыс жақтан күн бата бір салт атты адам келіп, астында жарап қалған қамшыдай қатқан есік пен төрдей, құлағы бір қарыс торы аты бар, қанжығасында сүйреткен сойылы бар. Басына киген жекей тымағы бар, үстінде түйе жүн шекпені бар, ұзын бойлы қарасұр адам үйдің жанында жиналып отырған адамға сәлем беріп атынан түсіп, жиналған кісінің ортасында отырған дәу де болса Шоң болар дегендей сәлем беріп, Шоңның қолын ұстапты.
Сонымен Шоң жай-жапсарын сұрастырып, кейін өзінің жалғыз қызын шақырып алып:
— Балам, мынау адам жолаушы қонақ екен. Үйге ертіп барып атын байлап, үйге түсіріп, қондырыңдар, — деп қызына қосып жіберіпті. Осы жерде Шоң бұл адамның тегін шыққан адам емес екенін сезіп отыруы керек. «Қабағы түскен, не қылған жабыңқы адам, бұл тегін адам емес ғой» деген ойға түседі.
Сөйтіп, Тұяқ Шоңның үйіне қонып, таңертең тұрып, шайын ішіп жайланғаннан кейін Шоң Тұяқтың хал-жайын, қайдан шығып келе жатқанын сұрайды. Сонымен Тұяқ барлық болған оқиғаны бастан-аяқ айтады. Өзінің сол себепті Атығай-Қарауылдың дау-жанжалынан қашып шыққанын:
— Енді қашқанда қайда барса, жаны арашаланып қалатын жерді іздеп, елді іздеп, сонымен Сүйіндікте Шоң дейтін адам бар, осы адамға барып жетсең, сені ешбір адам қайтарып ала алмайды, сені сақтайды деген жолшыбай ақылдасқан адамдардың ақылымен сізді іздеп паналайын деп келіп едім, — дейді.
Содан кейін Шоң елі-жұртын, барлық өзінің балаларын шақырып, малын сойып, өзінің сегіз ұлы, бір қызы бар екен. Қарауылдан келген осы Тұяқты оныншы бала етіп, қолына қойған малының асық жілігін ұстатып, Тұяқты бала етіп асырап алады.
Бірнеше жыл Тұяқ тұрғаннан кейін Шоңға әбден жағады. Өзінің қай баласынан болса да кемдігі болмайды. Сонымен Шоң Тұяққа әйел алып береді. Өз алдына отау тігіп, мал бөліп береді. Бірнеше жыл өткеннен соң, өзі қартайған кезде Шоң барлық балаларын, жалғыз қызымен шақырып алып, ел тауға қайтар кезде, өзінің көзі тірі уақытында малдарын бөліп беріп, әрқайсысын бөлек-бөлек жерге қоныстандырады. Осыдан кейін Тұяқ Шоңның бір баласы болып, мал-жанға ие болып, қатарлы үй болып кетеді. Атығай-Қарауылдың елі Тұяқ Баянауылда Шоң деген адамның қолына барып паналады дегенді ұзын хабардан естиді. Бірақ та Тұяқты іздеп бұлардың ешқайсысы келмейді.
Сонымен Тұяқ осы елге сіңіп кетеді. Тұяқтан Қарашолақ деген бала туады. Қарашолақтан Дүйсенбай деген бала болады. Дүйсенбайдан Оспан, Ахметжан деген балалар болады. Осы жоғарыда айтылған Оспан және Ахметжанның балалары осы күні Павлодар облысында, Баян ауданында, Екібас заводында тұрады.