Тепеңкөк (ІV нұсқа)
Ертеде бір кедейдің мал дегенде жалғыз көк аты болыпты. Өзі бәйгеге қосқанда алдына қара салмайтын жүйрік екен. Бірақ бір қасиеті — тері шықпаса, мүлдем шаба алмайды, ал жақсылап тері шықса, қандай жарыс болса да алдын бермейді. Аттың сыры иесіне мәлім демекші, сол елде үлкен ас болып, асқа жан-жақтан небір сәйгүліктер келулі. Аста ат шабыс, жамбы ату, балуан күрестері белгіленіп, озғандарына жүлде
тағайындалады. Бұл асқа әлгі кедей де келеді. Көк тұлпарын жарысқа қосу үшін иесі бәйге басталмас бұрын қанжығасына екі дорба құмды өңгеріп, әрлі-берлі желдіртіп, терін шығарып тепеңдетіп келе жатқанда, елдегі бір домбырашы көріп, аттың сұлулығына, жүрісіне көңілі толып «шу, жануар, тепең көк» деп күй тартыпты. Содан бұл күй ел арасында «Тепеңкөк» атанып кеткен.