30.08.2021
  156


Автор: Қазақ халық ауыз әдебиеті

Телқоңыр (ІV нұсқа)

Мүкей бас болған он бес жортуылшы солтүстік Алтай сілемдерін мекендейтін дөртуыл елінен 300 жылқы айдап келіп, Қаба ауданының батысындағы Қара жиде, Бүркеу дейтін жерде жылқыны бөліске салады. Мүкей жолдастарына талап қойып:


— Маған осы жылқыдан көп бөлістің керегі жоқ, небары ойға алған үш жылқым бар, соны беріңдер? — депті. Ондағысы екі қара биені тел еміп келе жатқан қоңыр құнаншығарға көзі түседі.


Оның қолмен жасап қойғандай жұп-жұмыр сүйек бітімі, су төгілмес майталман жорғасы мен ат шаптыратын желісі ерекше көзге түседі. Қоңыр құнан екі енесінің белінен елікше секіріп түсіп ойнайды екен. жолдастары сұрағанын беріп, Мүкей арманына жетеді. Қоңыр құнан екі енені кезек-кезек тел еміп келгендігінен «Телқоңыр» деп аталады. Ол не үшін екі енені емгендігін жылқының түпкі иесі болмаса, кім білсін?
Мүкей қоңыр құнанды дөненінде үйретіп қолға бағады. Оны ат ағашқа байласа, жұлып тоқтатпайды. Үйге байласа, төбеге шапшиды. Сондықтан ұзын шылбыр тағып, түскен жерінде бос қойып үйретеді екен. Жануар шылбырды тартып, түлкі құсап бұлаңдап ойнап тұрады екен. Телқоңыр қуса, құсты тістеп жететін, қашса, шаңын да көрсетпей құтылатын «айтақалсын» ат болыпты.


Телқоңырдың екі енесі екі жылдан соң, мекеніне қашып кетіпті. Бір күні Мүкей мал көздемек боп, биік құмның басына шығып, екінті намазын оқып жатады. Жанында дағдысы бойынша бос тұрған Телқоңыр тегі енесі есіне түсті ме екен, кенет кісінеп, ішін тартып аунайды да, сілкініп ап, бұрынғы келген жағын бетке алып қаша жөнеледі. Намаздың қаза болмауына әрең шыдаған ат иесі қара тер боп түтігіп жақын маңдағы ауылдарға барып аттан сап, адам топтап, үш күн, үш түн қуса да, телқоңыр жеткізбей, қарасын үзеді. Сөйтіп, орны толмас өкінішке батқан Мүкей «Телқоңыр» күйін жасайды.





Пікір жазу