30.08.2021
  173


Автор: Қазақ халық ауыз әдебиеті

Тақсыр, екіншілей қасыма келмеші

Кезінде Әулиета қаласында Сейдуалы төре және Мырзахмет деген ірі саудагер тұрыпты. Дәулет жарыстырған осы екі пақыр «қаланың базарын мен билеймін, мен билеймін» деп үнемі аңдыса жүрген. Киім кию, ат міну және басқа сәулет жағынан Мырзахметтің асыңқырап кетер жері көбірек екен. Осы жағынан сағы сынған Сейдуалы енді амал-айлаға басып, сөзден сындыру, мұқату жағын қарастырып, Шу бойынан Қылышбайдың келуін күтеді.


Күндердің күнінде қалаға Қылышбай келеді. Соны аңдып, құлағын түріп жүрген Сейдуалы жат та жабысып:


— Айналайын, Қылышеке, мына Мырзахметті халықтың алдында бір сындырып, ел бетіне қарағысыз етіп беріңіз. Қалағаныңызды берейін, — дейді. Шайқымазақ, әрі тапқыр


Қылышбай аз-кем ойланып тұрып:


— Жарайды, алдағы бейсенбі, жұма базарға дейін Мырзахметтің атындай ат, киіміндей киім, сәлдесіндей сәлде тап, — дейді.


Айтқанындай-ақ базарға халық өте көп жиналып, жер қайысып кетеді. Күн көтеріле базарға сәндене киініп, ақбоз ат мініп, дағарадай сәлделі Мырзахмет те келеді. Ол қалың жиынның шетіне келіп тоқтай бергенде бір жақтан жұртты қақ жарып, дәл сондай ат мініп, киім киген Қылышбай да шығып, байқатпай қасына келіп тұра қалады. Бірінен-бірі айнымай, жарбиып тұрған екеуді көріп, жұрт қыран күлкіге батады. Артына жалт қараған Мырзахмет дәл өзі құсап жарбиып тұрған Қылышбайды көріп тілге де келмей, атының басын бұрған күйі тұра қашады. Қылышбай да соңынан қалмай жөнеп береді.

Ақыры, Мырзахмет қан базардан қаша жөнеледі. Қылышбай сонда да қалмай қояды. Халықтан қара үзіп, көз көрмес жерге барғанда бір тасада тосып тұрған Мырзахмет саудагер:


— Осы менде нең бар еді, Қылышеке? Артымнан қалмадыңыз ғой, тегі, — депті. Сонда Қылышбай тұрып:


— Ассалаумағалейкүм, Мырзахмет бүкір,
Екеуімізді бүкір қылған Құдайға шүкір.
Бір жылдық шығынымды өтемесең,
Соңыңнан қалсам, қалсам бетіме түкір, — депті.
Бұдан оңайшылықпен құтылмасын білген Мырзахмет Қылышбайды үйіне ілестіріп барып, бар қалағанын беріп, аттандырып жатып:


— Тақсыр, Қылышеке, екіншілей менің қасыма келіп тұрушы болмаңызшы, — деп тағы жалынған екен.


Сөйтіп, Әулиеата қаласында аңдысқан екі байды осылайша теспей сорыпты.





Пікір жазу