30.08.2021
  415


Автор: Қазақ халық ауыз әдебиеті

Сырымның Түркімен ханына барғаны (III нұсқа)

Ертеде қазақтар Жайықтың ішкі бетін жайлаған. Олар: тана, табын т.б. рулар.


Бір жылдары Түркі ханы қазақтарға /Түбек еліне/ бір шарт қойған. Бұл шарты ол қазақтарды өзіне қосып алғысы келіп, Түбек елін сөзден жығуы үшін қолданған шартында: «Түбек елінің жабағысының кісінеген дауысын естіп, арғымақ биелеріміз құлын тастап жатыр. Осыған Түбек елі өзінің ақын-жазушыларын, батыр-шораларын, ақсақал-билерін алып келіп жауап берсін!» деген.


Ал Түбек елінің ақсақал-билері ақылдасып: «Онда бұл Түркімен ханы бізге жаулық іздеп отыр. Біз бұған қарсыласа алмаймыз. Бізді өзіне қосып алуына көнеміз дағы», — дейді. Осы кеңесте жас бала Сырым да қатысып отырады. Ол ақсақалдар жаңағыдай ұйғарымға келген соң, орнынан тұрып былай дейді:


— Ақсақалдар, сіздер осылай ұйғардыңдар ғой. Мен осы Түркімен ханына барып жауап бергім келіп еді. Ол үшін менің сұрағым бар, — дейді.


Ақсақалдар мұны баласынады. Бірақ сұрағын сұрайды. Сонда Сырым:


— Маған бір бақырауық қара нар, бір шолақ қара мылтық, сосын тоғыз-онға келген серке беріңдер, — дейді.


Жұрт бұл тілегін орындап береді. Сырым осылайша қасына бір қосшы бала ертіп, Түркімен ханына жүріп кетеді. Бір кездерде Түркімен ханының қамалына жетеді. Шаһардың керемет тазылары бірінен соң бірі Сырымдарға үріп шауып шығады. Бұларды Сырым бірінен соң бірін қара мылтықпен атып тастай береді. Тазылардың иесі Сырымды сабарманға әкеледі. Сонда Сырым:


— Менен төрелік алғыларың келсе, ханның алдына жүріңдер, — дейді. Сөйтіп, Сырым қақпаға келіп хабарласып, ханға кіреді. Ханмен сөйлесіп отырғанда, хан:


— Мына тазыларды неге аттың, мұның не? — дейді. Сырым:


— Хан, мен Түбек елінен келдім. Сіздің қойған шартыңызға жауап бергелі келдім, — дейді.


— Жоқ, жауап беруге сені шақырғаным жоқ. Ақсақал-билерін шақырдым. Сен әуелі сұраққа жауап бер, — дейді.

— Тақсыр, хан, әнші-жыршы десең, қара түйелерім бар үзбей бақыратын, ақсақал-би десең, сақалы жерге тиген серкем бар, батыр десең, қара мылтығым бар, би десең, өзім бар, — дейді.


— Ал тазыларды неге өлтірдің?


— Тақсыр, Түбек елінің қойын қасқыр қырып жатқанда біреуі бармайды, құлағының шашағы салбырап үреді де қояды, соған ренжіп аттым, — дейді. Сонда хан:


— Шырағым-ау, Түбек елінің қойын қырып жатқанын тазылар қайдан білсін? — дейді.


— Тақсыр, сөзіңізді ұмытпаңыз, Түбек елінің жабағысының даусын сіздің арғымақтарыңыз қайдан естиді? — дейді. Сөйтіп, хан сөзден жеңіліп, шартынан қайтады. Сырымды қонақ қылып, ат-шапан жауып шығарып салады. Бұл Сырымның шешендік құрудағы алғашқы қадамы еді.





Пікір жазу