Сонда болдым неменесі?
Мамыр айының мамыражай күнінің бірі болса керек. Ауыл жанындағы Көктөбенің басына шығып, бірі әңгіме айтып, екінші тобы тоғызқұмалақ ойнап отырған жігіттер алыстан жортып келе жатқан екі аттыға көзі түседі.
Жол жаңағы төбені айналып өтеді. Екеуінің бірі — қара-мұртты жігіт, қасындағы серігі — үкілеп тақия киген қыз бала. Екеуінің аты да жорға, төктіріп келеді. Олар жақындаған сайын екеуінің түр-түсіне, киім киісіне, жарасымды жүріс-тұрысына, мінген атына таңданып, ауыл азаматтары аңырап тұрып қалады. Қарамұртты жігіт оң қолын кеудесіне апарып, сәлем бере өтеді.
Сонда жігіттердің бірі:
— Түу, мына жігіттің атының жорғасын-ай, қыздан алған жолдасын-ай! — деді.
Сол кезде қыз атының басын тартып тұрып:
— Ей, жігіт! Біліп сөйле, сен жігіт. Бұл жігіттің шешесі менің шешемнің қайын енесі, мен бұл жігіттің жан денесі, сонда болдым неменесі? — дейді де, «шу, жануар» деп атын төктіріп ала жөнеледі.
Сонда ауыл жігіттері сөз мәнісін бірден түсінбей, «шынында да неменесі болды» деп бір-біріне қараған екен. Көпті көрген ауыл ақсақалдарының бірі:
— Неменесі болушы еді? Жігіттің жан денесі — қызы болды емес пе? — деген екен.