30.08.2021
  159


Автор: Қазақ халық ауыз әдебиеті

Серіктің анты

Семей облысы, Қанба деген жерде он тоғызыншы ғасырдың аяқ кезінде Серік деген кісі өзі ұры және ұры ұстайды екен.


Серік айтады екен:


— Құдандалы жерден үш рет ұрлағанға дейін білмейді, қайта өзіңді жоқшы қылып қояды, — дейді екен.


Біреудің малын алып сойып алса, иесі сұрап келсе:


— Сіздің менде жұмысыңыз бар ма?


— Иә, бар, — десе,


— Үй артындағы бетке барып сөйлесейік, — деп кішкене баласының қолына ет турап салған тостаған ұстатып, өзі қолына біз алып беткейде отырады.


— Ал шаруаңызды айта беріңіз.


— Кеше ту құнажыным жоғалды. Беті осылай. Сіздің жігіттеріңізден келген сияқты. Сол малымды ағайынбыз ғой, қайырсаңыз екен, — деді мал иесі.


Серік ант ішеді:


— Бірінші, егер сіздің малыңызды алсақ, Құдай мына бізді ұрсын, — деп, қолындағы бізді жерге түйрей ұрады екен. Екінші, егер сіздің малыңызды алсақ, қия бетте берелік, — депті. Мал иесі қияметте деп түсінеді. Үшінші, егер сіздің малыңызды жесек, баламыздың етін
жейік, — деп жанындағы баласының тостағанындағы етінен жейді екен. Мал иесі «ант ішті, алмаған екен» деп кете береді екен.





Пікір жазу