Сексен ер
Ордада құралған атты әскер полкінің қатары күн санап көбейе берді. Полкке жаңа келген қазақ жастарынан құралған жүз отыз адамнан тұратын бөлімшені Бейсен Жәнекешев басқарған болатын. Осы бөлімше 1919 жылы 15 желтоқсанда ордаға келіп аялдайды. Ал бұл кезде ішкі жаулар мен бандылардың жасырын әрекеттері әлі де тоқталмаған кезі еді. Қолдарында қаруы жетіспеген, әрі әскери тәжірибесі жоқ, жаңадан ұйымдасқан осы бөлімшенің ордаға келгенін елін сатқан жексұрын Мылқайдар деген біліп қойып, Анохиннің бастауындағы бандыларға хабарлайды. Түн ортасы ауа Анохиннің бандылары бейқам жатқан жүз отыз жігітті қоршап алады. Тірідей жау қолына түсуді ар көрген қызыл әскерлер қарулы жаумен арпалысады. Осы соғыста елу адам тірі қалады да, сексен жігіт қаза болады.
Осындай халықтың азаттығы мен бостандығы жолында құрбан болған сексен жігіттің өліміне Бейсен Жәнекешев:
Аттанып Нарынқұмға баралық та,
Қылышты қызыл қанға малалық та.
Кешегі құрбан болған сексен жігіт
Жолына Мылқайдарды шалалық та!—
деп, қалған сарбаздарын ертіп Нарын құмына аттанады. Құмдағы шағыл арасында жасырынып, қашып жүрген Мылқайдардың басын кесіп алады.
Сексен жігіттің өліміне қатты қайғырған Сейтек:
«Қайран, қапыда кеткен ерлерім-ай!» — деп, «Сексен ер» атты күйін тебірене отырып шығарды.