Сезімтал талғам
Атбасар уезіндегі Найман ішінде әр істе ұқыпты, тіліне шебер, сөзде ұтымды, өз елінде және көршілес елдерде білікті адамдардың бірі. Мұқыш атты зиялы қарт өмір сүрді.
Бірде, қысқы мезгілде, ол бір үйге келіп түсе қалды. Үй адамдары кешкі тағамға отыра бастаған еді. Ұзақ жүріп тоңып келген мейман ыстық шаймен бой жылытқысы келіп, жаюлы дастарханды жиғызбай, даяр асқа отыра қалды.
Дастарханда шайдың салқын жемдерімен бірге ыстық қуырдақ бар екен. Ол сыйлы мейманның алдына қойылды. Мұқаң майлы қуырдақтан бір қасық алды да, үй иесіне қарап:
— Бұл ненің еті? — деді.
— Соғымға қолдан сойылған малдың еті, — деп жауап қайырды үй иесі.
— Жоқ, бұл мал еті емес, иттің немесе қасқырдың, әйтпесе шошқаның еті. Ал сен қолдан сойған малдың еті деп отырсың ғой. Олай болса, бұл қошқар мен текенің, бұқаның, бураның немесе айғырдың еті, — деп қарт-ата дастархан айналасында отырғандарды тамсандырды. Бірақ олар ақсақалдан бұл одағай сөздің шешімін сұрай алмады. Мұқаң өзі айтып берді:
— Мен өмірімде әлгі аталған хайуандардың етін татып көргенім жоқ. Қуырдақтағы етті менің талғамым қабылдамады, сондықтан мен оны өмірімде татып көрмеген ет екен деп ұғындым.
Үй иесі мойындады, қуырдақ қошқар еті екенін айтты.