Сау қаз
...Сонымен, сұр мергеннің оғынан жаралы болып, үйірімен бірге жылы жаққа ұшып кете алмай, ене қаз иесіз аралда зарлап жалғыз қалады. Бауырына басқан балапандарынан айырылып, қанаттас серігі ата қаздан көз жазып, қасірет шерін төгеді. Сап түзеп, моншақтай тізілген ұялас қаздардың соңынан телміре қарайды. Қос қанатын кере серпіп ұшпақ болады. Бірақ бауырымен жер соғып, дәрмені таусыла сұңқылдайды.
Осындай шақта ту сыртынан саңқ еткен ата қаздың үні естіледі. Балапандарын қалың құстың легіне қосқан ата қаз қанаттас серігін қимай қайта оралған екен. Ене қаздың ет жүрегі елжіреп, сыңсып жылағандай үн шығарады. Ата қазға жұп-жұмыр мойнын созып, иығына иек сүйейді.
Ата қаз болса кеудесімен демеп, қанатымен желпіп, өзіне ілестірмек болып әлек. Амал қанша, ақсақ қазда дәрмен жоқ. Қанатымен жер сабап, қамыға сұңқылдайды.
Дәрмені таусылған ата қаз да аһ ұрып, қош-қошын айтуға мәжбүр болады. Өмірлік серігінен тірідей айырылып, зар төге алыстай береді...
Осы көріністі күйші домбыраға түсіріп, қос қаздың сезім күйін, тағдыр талайын қос ішекпен сөйлеткен екен.