Сары бел (ІІ нұсқа)
Байлардың жемқорлығын өткір тілімен шенеп, сыбызғыдағы күйімен әжуа-сықақ еткен сыбызғышыны елдің игі жақсылары бірігіп алып, көзін құртпақ болады. Оған тұс-тұсынан қысым жасап, тілін тигізіп, тікенегін қадайды. Ел ішін аралап сыбызғы тартып, әзіл-сықақ айтуды қойып, қаршадай қара күркесінде, бала-шағасының қасында, отынының басында көңілді өмір сүруіне тосқауыл жасап, басқан ізін бағатын аңдушы қояды. Осынау қапас өмірден құтылуды армандаған сыбызғышы таңы рауандап ататын, күні күліп бататын, адамдары ала-құла бай мен кедей болып бөлінбейтін, зәбір-жапасы жоқ елді іздеп жолға шығады. Әділдіктің ордасын іздеп талай елді аралайды, талай жолды басады, талай белден асады. Бірақ ондай елді таба алмай, арман тауы шағылған сыбызғышы арып-шаршап, қара күркесіне қарай қайта оралады. Қайда барса да, еңіреген елді, шерменде болып сорлап, қапас өмірде қан жұтқан кедейді көреді. Бостандықта өмір сүруді армандаған сыбызғышы ұзақ жол жүріп, еліне бет алып келе жатады да, көлбеп жатқан құба белге келіп, сыбызғысын тартып отырып қаза болады. Ел арасында жүрген тағы бір сыбызғышы жігіт жол жүріп келе жатып, құба белде сыбызғысын сүйеу етіп қаза болған жігітке тап болады. Жігіт аттан түсіп қайтыс болған жігітті сол жерге жерлейді. Оның кейіп-кескінінен шаршағандықтан, арманына жете алмаған мұң мен зардың белгісін көреді. Жол-жөнекей ауыр жайға, өкінішті оқиғаға тап болған сыбызғышы жігіт айнала ойлана көз жүгіртеді. Шегі жоқ, шеті жоқ дала. Дала төсінен тіршіліктің жөнкіген дүрбелеңі де, қызған өмір әні де көрінбейді. Тек о жағы мен бұл жағы тұманданып көрініп ыстық демін ішіне тартып жатқан, мынау сияқты қаншама қыршын жасты қапас құшағына алған төңірек сарғыштанып, зілденіп көрінеді. Дәл мына қалпымен жаңбыр жаумаған, шуақ көрмеген, қайғыдан басқаны білмейтін керенаудай сезіледі. Осы тылсым тіршілікке ішқұса болып қайғырған сыбызғышы сары белде отырып, қаза болған сыбызғышыға арнап «Сары бел» күйін тартады.