30.08.2021
  133


Автор: Қазақ халық ауыз әдебиеті

Сансызбай

Сарымалайдың сыбызғышылық өнері ауыл арасына ғана емес, төңірегіндегі Орда, Орынбор сияқты қалаларға да кеңінен мәлім болған. Мұндай орындарда Сарымалай қолдан қолға тимей, жұртшылықтың ыстық ықыласына бөленеді екен. Тіптен сыбызғышының асыл өнеріне тәнті болғандар астына ат мінгізіп, үстіне киіт кигізіп, зор құрмет көрсететін болған.


Бірде Сарымалай ел аралап жүріп, Сансызбай деген байдың ауылына тап болады. Сансызбай өзінің кең ордасында әйгілі сыбызғышыны қолқалап отырып, ұзақ таңға күй тартқызады. Тіптен, күйшінің жол соғып шаршап келгеніне де қарамай, әр күйдің аңызын айтқызып, беріле тыңдайды.


Содан, таң алдында дем алуға сыртқа шыққан Сарымалайға ауыл жігіттері: «Апырай, біздің байекең алуға жомарт, беруге сараңдығын сізге де көрсетіп, тұла бойыңыздағы күйді сауып алды-ау!» — деп әзіл айтады. Сансызбайдың сараңдығын Сары-
малай үнсіз ғана ішіне түйіп алады.


Ертеңінде Сарымалай жол жүрмекші болады. Ауыл жігіттері айтса айтқандай, Сансызбай мыңғырып мал айдаған байлығына қарамастан, Сарымалайға ешқандай жөн-жоралғы жасамай, сұлу-сыпайы қоштасады. Сонда Сарымалай сыбызғысын алып, кешегі күйлерінен мүлде бөлек бір күйге салды дейді. Сол жерде күй тыңдап отырғандардың бірі: «Мынау бір тың сарын ғой, бұл күйіңіз не деп аталады?» — деп сұрайды. оған Сарымалай: «Бұл күйімді басқаға сараң болса да, тыңдауға жомарт Сансызбайға арнадым», — дейді.

Мұны естіген Сансызбай қызара ұялып, бір жағынан сараңдығын жұртқа жайып жіберер деп қысылып, сол жерде әйгілі күйшіге ықылас көрсетеді. Сарымалайды қолқалап отырып қайтадан төрге шығарып, «сыбағаң» деп қой сояды, «жолың» деп иығына шапан жабады.


Бірақ өнер шіркін өлетін мал, тозатын дүниенің шылауында жүрмейді ғой. Соның бір айғағындай болып, бүгінгі күнімізге «Сансызбай» күйі жеткен.





Пікір жазу