Райымбек батыр
Атасы Хангелді батыр, ...Ұлы жүздің атақты адамдары Қодар би, Төле би, Сатай, Бөлек батырлармен бірге орыс патшасы Анна Иоановнаға елші жіберіп, Ресейдің қоластына алуын өтінген. Райымбек бес жасында өз атының басын өзі алып жүріп, жылқының соңынан ере бастаған. Жеті жасқа толғанда асау жылқыны үйретіп, міне бастаған. Райымбектің нағашысы Жалайыр орақты батырдың тұқымынан екен. Нағашы атасы Райымбек жеті жасқа толғанда ат етіп міну үшін бір еркек тай және садақ, қылыш, найза, айбалта, қалқан әкеп береді. Нағашы атасы Хангелді батырға: «Менің жиенім он алты жасқа толып жігіт болғанда, көк тайы ат болады. Және мен алып келген соғыс құралдарын таза сақтап, өзі ұстауға шамасы келгенде, қолына тапсыр!» — депті.
Қ.Сауранбаевтың шежіресінде: «Райымбек он бес жасқа келгенде атасы Хангелді жауға жасақ жинап, аттанып кетіпті» дейді. Жас бала жылқышылармен бірге қалып қойса керек. Артынан сарбаздардың қалмаққа аттанып кеткенін естіп, анасынан, ауылдағы қарттардан бата алып, ішінен: «Атам Сырымбет батырдың аруағы қолдай гөр, жаудан қайтпасқа мен серт беремін, жәрдемдеріңізді сіздер бер!» — деп жорықшылардың артынан жүріп кетіпті делінеді. Райымбек Қараталдың бойында шұбырып жүрген қалың сарбаздың ішіне келіп кіріп кетеді.
Бұлардың бәрі жүріп отырып Іле суының бойына келіп, одан әрі өте алмай, тек Райымбек қана өтеді.
Іленің тасып, күркіреп-сарқырап арнасына сыймай жатқанына қарамай, өзеннен әрі өтіп кетуі жұрттың бәрін таңқалдырды. Райымбек батырдың бойындағы тамаша қасиеттері — кісілігі мен парасаттылығы, табандылығы, өзінің қасындағы батырлары мен сарбаздарын ұйымдастыра білетін ересен шеберлігі. Райымбек он жеті жасында жоңғар басқыншыларына қарсы күресте ерлік көрсетіп, батыр атанған.
Торайғыр мен Сөгеті тауларының аралығында кең жазықта жоңғарлармен соғысқан жері «ойрантөбе» деп аталады.
Райымбек батыр жер жәннаты Таушелек пен Жалаңашты мекендеген Ағанас пен Арыс ханды да орнынан аударып, халықтың ата-қонысын босатып беріпті. Қалмақтар үйір-шүйір болып, отырған жерінен кеткісі келмей, жылап-еңіреп айырылыпты.
— Қош Таушелек, Жалаңаш,
Түңілді ханың Ағанас.
Райымбек тұрғанда
Біздікі болмас мал мен бас, —
деп, құмда ізі қалмай жөнепті қалмақтар.
Ел ауызындағы аңызға айналған Райымбек батыр көз жұмар сәтінде ұрпақтарына: «Денемді ақтүйеге өңгеріп, бос жіберіндер. Түйе қай жерге шөксе, сол жерге жерлеңдер!» — деп өсиет айтқан.