28.08.2021
  249


Автор: Қазақ халық ауыз әдебиеті

Піскен астың күйігі жаман

Құрбан айтының алдында Қожаның әйелі жұбайының сүйіп жейтін тағамы — тәтті самса пісіреді. Ерлі-зайыпты екеуі көңілді отырып самсаны жеп, қалғанын таңертең жерміз деп алып қояды. Біраз көр-жер әңгіме айтып жатып, ерте тұрамыз деп, ұйқыға кетеді.


Түн ортасында Қожа әйелін бүйірге түрткілеп:


— Қатын-ау, қатын, тұр! Менің басыма бір жақсы ой келіп жатыр, ұмытып қалам ба деп қорқамын. Мазаңды алғаныма ренжіме, бір үлкен мәселе бар. Самсаны шапшаңырақ алып кел, — дейді.


Қожаның мұнша мазасыздануының мәнісін сұрауға да шамасы келмей, әйелі самса салған табақты лезде алып келеді. Қожа табақты алдына алып, әйелін қасына отырғызып, тәтті самсаны қызыл өңештен әрі асыра бастайды. Самсаны жеп болған соң, «үһ» деп бір демін алып, Қожа әйеліне болған істің мәнін түсіндіреді.


— Кеште бірталай самсаның желінбей қалғанын өзің білесің, — дейді Қожа. — Басыма бір ой ұялап алса, менің ұйықтай алмайтынымды да білесің. Әрі ойлап, бері ойлап: «Піскен астың күйігі жаман», «таңертеңгі ас — тәңірден» деген мақал-мәтелдер дұрыс айтылған-ау деп түйдім. Кел, қатын, енді ұйықтайық.





Пікір жазу