Пәле болып жүрмесін...
«Мәдениет зор төңкерісі» кезі екен. Бір жігіт радио қабылдағыш сатып алыпты. Бір күні ол қой жайып кеткенде, шешесі радионы шұқылап отырып бір жерін бұрып қалса бір орыс сарнап шыға келіпті. Күрес қатты жорылып тұрған кезде үйінен орыстың даусын естіген кемпір қайтерін білмей, біреу-міреу келіп қалып пәле болып жүрмесін деп қорқып сыртқа шықса, сол үйге қарай екі атты адам келе жатыпты. Оларды көрген кемпір зәресі қалмай қайта үйге жүгіріп кіріп жүктен бір көрпені алып радионы жаба қойыпты. Орыс сонда да сөйлегенін қоймапты. Ит үріп келе жатқандар таяп қалыпты. Ес-ақылдан айрылған кемпір олар кіргенше үш көрпе жауып үлгерген екен. Келгендер аман-сәлемнен кейін көрпе астынан күбірлеп шыққан дауысты естіп:
— Бұл немене дауыс, шеше? — дегенде, келгендерден гөрі радиоға көбірек қарап үдірейіп отырған кемпір:
— Білмеймін, қарақтарым, бағанадан осы үйге бір орыс кіріп алып шықпай-ақ қойғаны, — деп көрпені ашыпты.