28.08.2021
  213


Автор: Қазақ халық ауыз әдебиеті

Өтегеннің жазасы

Бірде бес-алты жігіт жолаушылап келе жатып, жолда бір үйге тоқтайды. Үй иесі оларды жақсы қарсы алып, аттарына жем салып, өздеріне ет асады. Содан анау-мынау шаруасын жайғап келген соң өзі де асқа отырады. Аспазшы оның алдына бір тегене сорпа әкеп қояды. Үй иесі оны ішіп алып, тағы сұрайды. Сөйтіп, ол бір өзі жиырма адам ішетін тамақты тауысып жейді. Мұны көрген қонақтар таң қалып, мән-жайын сұрайды.


— Мен де өздерің секілді, елдің ішкенін ішіп, жегенін жейтінмін. Бірақ алдыма қайткенде де баюды мақсат етіп қойған едім. Артық ақша шығармауға, артық дүние шашпауға тырыстым. Сол сараңдығымнан осындай бәлеге душар болдым ғой, — деп бастайды әңгімесін әлгі
кісі, — сонымен не керек, күндердің бір күнінде Верный қаласына бардым. Меймандар тоқтайтын жерге келіп, атымды байладым. Атыма жем-шөп алуға ақшамды қимай, қасындағы аттардың жемінен алып сала салушы едім. Бұл жолы солай етейін деп, жан-жағыма қарадым. Өзге жылқылардан оқшау тұрған, түр-түсі келіскен арғымаққа көзім түсті. Алды толған жем, өзі тойып тұрған сияқты. Ақырдан екі рет жем алдым. Үшінші рет тағы алмақшы болып, қолымда сала бергенімде, айғыр қатты пысқырынып жіберді. Сол мезетте денем дір етіп, тітіркеніп кетті. Ертеңінде жолға шықтым. Бірақ өзімді бір түрлі жаман сезіндім. Содан бастап тамағым тоймайтын болды. Бар тапқан-таянғаным тамағыма кетіп жатыр.


Кейіннен сұрастырып білсем, әлгі жылқы Өтеген батырдың арғымағы екен. «Өзі батыр, өзі бай, қалтасынан алтын ақшасы үзілмейді» деп естуші едім. Енді одан аты үшін кек қайтаруды, сәті түссе алтынын тартып алуды ойладым. Сөйтіп, жолын аңдыдым. Бір күні қарасам, ат
жеккен арбамен келе жатыр екен. Аңдып тұрып, арбасына қарғып міндім. Ай-шайға қарамай, ту сыртынан жабыстым. Қолымдағы балғамен бас-көз демей ұрғылап жатырмын. Бірақ ол былқ етер емес. Отыра қалып тепкіледім, оны да шыбын шаққан құрлы көрмеді. Бір кезде мені жас баладай көтеріп алды да, басымды қолтығының астына салып қысып жіберді.


Саудырлап бүкіл тісім түсті де қалды. Ол тістерімді қолыма ұстатты да: «Бала, ойының қанды ма? Өлгің келмесе, ендігәрі ұрлық жасама!» — деп арбадан лақтырып тастады. Арам дүниеге қызығып, Өтеген әулиенің жазасына ұшыраған бейбақтарың мен болам, — деп әңгімесін аяқтайды үй иесі.





Пікір жазу