Олжалы сапар
Күсеп қу өзінің бағын сынау реті келсе, олжа табу үшін өгізіне мініп, жолға шығады. Жолшыбай ертеректе өлген малдың қураған сүйегін көреді. Бір керегі болар деген оймен қу жауырынды алады да, өгізінің мұрнын қанатып, оны қанға бояйды. Сөйтіп, жауырынды қоржынына салып алып, одан әрі жүре береді.
Кешке қарай бір үйге қонады. Ошақ үстінде қазаны қайнап тұр екен, ондағы етті көреді де, үй иесі әйелге:
— Азырақ етім бар еді, қазаныңызға салсам, етімді еттеріңіз жеп қоймас па екен? — дейді.
Үй иелері оны ақымақ деп есептейді. «Етті ет жемейді, зәулім жей қалса, етіңнің төлеуіне сол айыпкерлердің өзін берейік» деп уәде етеді.
Қазан түсірілді. Бір жапырақ еті жоқ жауырын шыға келді. Қазандағы сорпаны әрілі-берілі сүзді, ет жоқ. Ылажсыздан үй иесі піскен етті Күсептің қоржына салады.
Қу жігіт жолшыбай бір қотан қойға кездеседі. Қойшы баланы алдап, оған піскен етті берді де, айырбасына бір тоқты алды. Күн кешейіп, мал жайғастырылған кезде Күсеп қу байдың рұқсатымен тоқтысын қорадағы қойларға қосты. Мұндағы келісім — қойлар тоқтыны жеп қойса, төлеуіне оны жеген қойларды алмақ болды. Түн ортасында, үй адамдары әбден ұйықтаған кезде, Күсеп тоқтысын сойып, оның қанын бірнеше қойдың аузына жағып, сонымен қабат олардың езуіне, бақайына тоқтының жүнін қыстырды. Бай сертінде тұрды, тоқты ны жеген тоғыз қойды қонағының алдына салып берді.
Қойларын айдап келе жатып, бір топ адамға кездесті. Олар байдың өлген қызын жерлеуге әкеле жатқан жігіттер екен. «Сендерге өлген қыздан тірі қой пайдалы» деп Күсеп жеті жігітке жеті қой беріп, өлген қызды алды. Сол маңдағы ауылға барып, екі қойға қыздың сыртқы киімдерін сатып алды. Ол киімді өлген қызға кигізіп, одан әрі тағы бір ауылға барды. Ауылдың сыртында оқ бойы жерге қызды отырғызды да, өзі үлкен ақбоз үйге барып:
— Жолаушы едік. Қатты шөлдедік. Келіншегім ауылға келуге ұялады. Соған сусын сұрағалы келдім, — деді Күсеп.
Мейірімді үй иесі әйел дереу қара торсыққа қымыз құйып, бірнеше қыз-келіншекті жолаушы әйелді сусындатуға жіберді. Бірақ ол сусынды қабылдамады, тіпті оларға түзу қарап, тіл де қатпады. Бұған ашуланған байдың қызы: «Неге қимылдамайсың, жаның бар ма!» деп нұқып жібергенде, жолаушы келіншек сылқ етіп құлады.
Күсеп өлген келіншегінің құнын сұрады. Адам өлтірген кінәсіне мойындаған ел оның төлеуіне құныкердің (байдың ерке шорасы сары қыздың) өзін берді. Күсеп сол қызды ауылына әкеліп, өзі соған некеленді. Одан қыз бала туды. Сол баланы алдына алып отырып, Күсеп қу былай әлдилейді екен:
— Түзден таптым қу жауырын,
Қу жауырыным — піскен ет,
Піскен етім — тоқтышақ,
Тоқтышағым — тоғыз қой,
Тоғыз қойым — өлген қыз,
Өлген қызым — сары қыз,
Сары қыздан туған дәрі қыз!