27.08.2021
  160


Автор: Қазақ халық ауыз әдебиеті

Нұрғазарын бұлбұл

Баяғыда Махмұд деген елден асқан әділетті патша болыпты. Оның Асан, үсен, Хасан деген үш ұлы бар екен. Күндердің күнінде Махмұд түс көреді, түсінде ғажайып құс көреді. Әлгі құс жер мен көктің ортасы, көк перілер шаһарында, тордың ішінде тұрады. Соны қолына түсіруді армандап, күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айрылады. Тіпті, тағынан безіп, көшедегі күлге аунап жатып қалады. Содан Асан мен үсен әке арманын орындап келуге жолға шығады.


Ең кішісі Хасан да сұранады. Әкесі әрең жібереді. Хасан екі ағасын қуып жетеді. Үшеуі келе жатып үш айрыққа тап болады. Сол жерде тас бар екен, тастағы жазуда бірінші жол — «барса келер», екінші жол — «келер-келмес», үшінші жол — «барса келмес» деп жазылыпты. Хасан жасы кіші болғандықтан үшінші жолға түсіпті.


Әуелі Гүлбаһрам перінің шаһарына келеді. Мыстан кемпір бар екен, ол Хасанды киікке айналдырып жібереді, бірақ Гүлбаһрам оны қайта адамға айналдырып, өзі ғашық болып елу күн, елу түн бірге болады да, Хасанды қимай жолға салады.


Жылдар жүріп биік таудың басына шыққанда, алып ағаш кезігеді. Ағаш басында екі басты Самұрық құстың ұясы бар екен, ұяда балапандары жатады. Сол ұяның астында дем алып жатса, жеті басты айдаһар өрмелеп келе жатады. Хасан қорықпай жеті басты жеті жаққа ұшырып, тыныш демала береді. Әлден уақта күн тұтылып, дауыл тұрып, ағаш ырғалады. Сөйтсе, Самұрық ұшып келіп қонған екен. Хасанды көріп өлтірейін дегенде, балапандары араша болады.


— Сен жоқта бізді жеті басты айдаһар жеп кетуші еді, оны өлтірген сол адам, — дейді.


Самұрық Хасанды қасына алады. Жөн сұрасады. Мән-жайды білген соң:


— Е... е, Хасан, жолың ұзақ. Жеті дарияның ар жағында, көк перісі — Ғайнижамалдың шаһарында ол құс. Пері, жын, диюдың бәрі сонда. Олар тек адам етімен қоректенеді. Сен оған бара алмайсың, барғанмен аман оралмайсың, кері қайт, — дейді.


Хасан көнбейді. Амал жоқ, Самұрық жетпіс киіктің етін алып, жетпіс мес су алып, арқасына Хасанды мінгізіп, жеті дарияның ар жағына қарай ұшты дейді. Әр дариядан он күнде өтеді екен. Самұрық күніне бір киіктің етін жеп, бір мес суды ішеді екен. Ең соңғы күні Хасан киік етін түсіріп алады да, өз санынан ет кесіп береді.


Жетпісінші күні Ғайнижамал перінің шаһарына жетеді. Келсе, перілердің бәрі ұйқыда екен. Ғайнижамал да ұйқыда. Тек Нұрғазарын бұлбұл ғана ояу. Күлсе, көмейінен гүл төгіледі екен. Хасан жөнін айтып зарлайды. Нұрғазарынға:


— Жүрші әкеме, әкем сенсіз өлетін болды, мен әкемнің алдындағы перзенттік парызымды өтеу үшін сонша азаптан өтіп келдім, сөзімді жерге тастай көрме, — дейді.


Нұрғазарын бұлбұл адамша сайрағанда тілінен бал тамады екен, ақылы адамзаттан артық екен, тек денесі құс екен. Онда да басы лағыл, көзі алтын, кеудесі күміс, қанаты жауһар, құйрығы зүбәржат, әр қауырсыны күн нұрымен шағылысып, көздің жауын алады екен.


Хасанға айтады:


— Жарайды. Сен маған ұнадың. Тек менің айтқанымды орында. Әуелі ұйықтап жатқанда Ғайнижамалға қосыл. Мен некелеріңді қиямын. Өз жүзігіңді оған сал, оның жүзігін өзіңе сал, — дейді.


Хасан айтқанын істеді. Нұрғазарынды алып Самұрыққа келді. Самұрық Хасанға айтты:


— Алпыс тоғызыншы күні сен соңғы киікті түсіріп алдың. Сонда маған ненің етін бердің? Сондай тәтті, сондай қуатты болды, — деді.


Хасан айтты:


— Өз санымнан кесіп бердім, — деді.


Самұрық екеуін алып ұшты. Ұясына әкелді. Келген соң:


— Сен маған жақсы дос болдың. Өз етіңді кесіп бердің. Мен саған бір қанатымды беремін. Осыған мініп еліңе жетесің, — деді.


Хасан Нұрғазарынды алып ұшты. Жер перісі Гүлбаһрамға келді. Гүлбаһрам жақсылап қарсы алды. Бір оқ берді.


— Осы оқпен сені киікке айналдырған мыстан періні атып өлтіріп кел, әйтпесе кете алмаймыз, — деді.


Хасан барып Мыстан кемпірді көздемей атты, оқ өзі қуалап жүріп зәлімнің табанынан кіріп, миынан бір-ақ шықты. Сөйтіп, өлді. Гүлбаһрам далада жүрген киіктердің бәрін адамға айналдырып, тіл бітірді. Бәрін де әлгі мыстан оқып тастаған екен. Бәрі де батыр екен. Хасанға ерді. Қалың қол болды. Еліне тартты. Жолда азып-тозып жүрген екі ағасын көрді. Азаптан құтқарды. Бірақ жолда Асан мен Үсен арамдық ойлады. Хасанды құдыққа құлатып, таспен басып кете барды.


Елге келгенде бір күнде аспаннан адам жауды. Сөйтсе, Ғайнижамал мен оның пері, дию, жындары екен. Махмұдқа жолықты. «Нұрғазарынды ұрлаған адамды көрсет» деді. Үсенді шақырды.


— Сен қалай алдың Нұрғазарынды? — деді Ғайни пері. Үсен айтты:


— Атпен барып едім, сіздер түгел ұйықтап жатыр екенсіңдер, ала қаштым, — деді.


Асанды шақырды:


— Желмаямен барсам, перілер ұйықтап жатыр екен. Ала қаштым, — деді.


Ғайнижамал сенбеді. Нұрғазарын бұлбұлға «сайра» деді. Бұл құстың адамша сөйлейтінін үсен мен Асан білмеді. Нұрғазарын барлық оқиғаны бастан аяқ сайрап берді.


Ғайнижамал Үсен мен Асанның басын алды. Өзінің Махмұд патшаға келін болғанын біліп ұялды. Бір күннің ішінде Хасанды алып келтірді.


Оң жағында жер перісі Гүлбаһрам, сол жағында көк перісі Ғайнижамал, екеуін де қатын қылған Хасан көп кешікпей әкесі ұсынған таққа отырып, әділ патша болды.


Аңыздағы Хасанның ақыл-парасатына тамсанған күйші, «ұл туса, Хасандай боп тусын» деп осы күйді тартыпты.





Пікір жазу