27.08.2021
  1760


Автор: Қазақ халық ауыз әдебиеті

Нар идірген (ІV нұсқа)

Ертеде бір кедейдің мал дегенде жалғыз түйесі болыпты. Жазғытұрым түйесі боталап, екі күннен кейін ботасы өліпті. Ботасыз қалған жануар иімей, желіні сыздап, күңірене боздайды. Бұл жағдай кедейдің жанына қатты батады. Қарт жалғыз қызымен ақылдасады. Сонда қызы әкесіне:


— Сіз елге хабар салыңыз? Кімде-кім осы маяны иітсе, сол кісіге мен тұрмысқа шығамын, — депті. Мұны естіген адамдар, түйені домбыраның күйімен ғана иітуге болатынын әңгіме етеді. Талай домбырашылар маяны иітуге келеді, бірақ мая иімейді. Нардың оқиғасы сол өңірге тегіс тарайды. Хабар жеткен жердегі домбырашылар қыздан үміткер болып, өздерінің өнер күштерін сынамақшы оймен жан-жақтан келе береді. осындай топтың ішінде түрліше жастағы домбырашылар болады.


Шарт бойынша, маяны кім иітсе, қыз сол кісіге тұрмысқа шығуы керек. Қыз маяны құдықтың басына әкеліп, бұйдасын мойнына іледі де, шелегін қолына алып, саууға даяр тұрады. Үш домбырашы келісіп, бірінші кезекті жасы үлкен шалға береді. Шал домбыраның үнін түйенің боздағанындай күңіренте тартқанда, маяның алпыс екі тамыры шымырлап иій бастайды. Мұны сезген қыз нардың емшегін қатты қысып тұра береді де, ортасынан аса бергенде:


— Иімеді! Домбыраны келесіге беріңіз, — дейді қыз шалға.


Бұл шалға бармау үшін қыздың істеген әрекеті екен. Сөйтіп, шалдың тартқан күйі «Нар идірген» өмірге осылай келулі.


Екінші кезекті алған жігіт домбыраны күңіренте тартады. Қыз өз ісін сол жерде отырғандарға сездірмес үшін, күй біраз тартылғаннан кейін маяның емшегін босатып сауа беріпті. Сөйтіп, қызды жігіт алатын болады.


Үшінші домбырашы балаға кезек жетпейді. Бұған қатты қапаланған бала, қыздан айырылған өкінішіне арнап «Күйдім, жандым» деген күй тартыпты.


Осылайша, үш домбырашы күйлерін тартып болғаннан соң, өзі өнеріне сенімі мол шал қызға қарап:


— Шырағым! Маяны иіткен мен едім, сіз зорлық жасап отырсыз. Егер осы айтқанымды бекер десеңіз, біз әлгіде тартқан күйлерімізді тартып үшеуміз үш бағытқа кетелік. Осы тұрған жануар кімге «ботам» деп еміреніп ерер екен, — дейді.


Қыз маяны иіткен кім екенін біле тұрса да, шалдың талабын орындауға мәжбүр болады. Айтқандай-ақ, мая шалдың артынан қалмай, шапанын иіскелеп ере беріпті. Мұны көрген халық маяны кім иіткенін біледі. Бұл жағдайды жұртшылық тегіс көрген соң шал қайта келіп қызға:


— Қарағым, бұдан былай өтірікке үйір болма, қалаған қосағыңмен бірге қартай, — деп шын батасын беріп, қызды жігітке қосып кетіпті.


Халық күйі «Нар идірген», немесе, кейбір жерлерде «өрелі мая» деп аталатын күйдің шығу тарихы осылай болған.





Пікір жазу