Мысық сауда...
Бір кісі базарға барып келеді. Ауылда оңай пайда іздейтін, жұмыс десе кежегесі кейін тартатын бір кісі бар екен, сол:
— Е, ақсақал, базарда не арзан, не қымбат екен? — дейді. Базаршы қалжыңдап:
— Базарда мысық пұл екен, — дейді.
Анау ауылдағы барлық мысықтарды жинап, бір қапқа толтыра салады да, аузын буып, базарға жүріп кетеді. Базар түстік жер екен, мысықтар қарны ашып, бірінің үстіне бірі бастығырылып, қараңғы түнектен қалай құтылудың жолын таба алмай мияулай бастайды.
Бір уақытта әлгі кісі базарға келеді. Базардағы біреулер бүлкілдеп жатқан қапты көріп:
— Бұл не? — дейді.
— Мысық, аласың ба? — деп сұрайды.
Оның «мысық» дегеніне аналар түсінбей көрсетші деген кісіше қаптың қасына келеді. Анау қаптың аузын аша бергенде, ішіндегі мысықтар тым-тырақай қаша жөнеліпті. Пайдакүнем аузы аңқиып қала береді.