27.08.2021
  186


Автор: Қазақ халық ауыз әдебиеті

Молданың сауалы, Мықының жауабы

Ертеде Қотыр қожа деген молда дін, шариғат жайын сылқытып соғатын молда болыпты. Жаздың бір күнінде Қотыр қожаны ауылдасы қонаққа шақырыпты. Адамдар көп жиналған екен. Молда төр алдында отырып алып, «өтірікті шындай, шынды Құдай ұрғандай» қылып әңгімесін соға беріпті.


Отырған көптің ішінде көрші ауылдың Мықы деген жігіті де болатын. Оны «Мықы» дейтін себебі — ол қырғыз елінде туыпты. Туғанда кіп кішкентай, шегедей шымыр болған соң, кіндігін кескен шешелері «өзі жыламайтын шегедей екен, атын Мықы қояйық» депті. Содан оның аты Мықы аталып кетіпті. Ол өсе келе әкесі сияқты қара сөзге дес бермейтін сөзшең бопты.


Әлгі үйдің егесі Мықының қиыннан сөз табатын шешендігін біліп, оны молдаға қайрап салады. Сөз арасында Мықы молданы бір-екі рет сүріндіріп тастайды. Мықының сырын білетін Қотыр қожа сөзден жеңілетінін біліп, енді ыммен тілдесуге көшеді.


Молда Мықыға сұқ қолын көрсетсе, Мықы үш саусағын көрсетеді. Молда бес саусағын тарбитса, Мықы оған екі қолын жайып, көз алдына ұстайды. Молда басын шайқаса, Мықы тілін шығарып, жұдырығын түйеді.


Осыдан кейін шамасы Қотыр қожа жеңілсе керек, орнынан тұрып, үйден шыға беріпті. Молда кеткен соң көпшілік: «Кәне, не дедіңдер, біз түсінбедік қой», — деседі. Сонда Мықы:


— Молданың бір саусағын көрсеткені — «бір Құдайды білесің бе?» дегені еді. Оған үш саусағымды көрсеттім, ол: «Бір Құдай түгілі мен Мұхаммед пайғамбарды да, Иса пайғамбарды да білемін» дегенім еді. Молданың бес саусағын көрсеткені — «бес уақтылы намаз оқисың ба?» дегені еді. Мен оған екі қолымды жайып, көз алдыма ұстадым. Ол: «Мен намазыңды білмеймін, кітап оқимын» дегенім еді. Ең соңғы рет молданың басын шайқағаны — «Құдайдан безген» деп маған наразы болып, тіл тигізгені еді. Мен оған тілімді көрсетіп, жұдырығымды түйгенім «тіліңді тарт, болмаса көресің!» дегенім еді. Сол сол екен, молдаекең жөнеп берген жоқ па? — деп Мықы сөзін аяқтапты.





Пікір жазу