27.08.2021
  179


Автор: Қазақ халық ауыз әдебиеті

Мен тірі кезімде мына арамен жүретінмін

Бір күні Қожа ағаштың басына шығып, өзі отырған бұтақты кесе бастайды. Мұны өтіп бара жатқан біреу көріп:


— Ей, саған не болған? Құлайсың ғой, — деп айғайласа керек.


Бірақ оның сөзін Қожекең құлағына да аспайды. Сол-ақ екен, бұтақ опырылып кетіп, Қожа жерге қалпақтай ұшып түседі. О жер, бұ жерінің ауырғанына қарамастан, Қожа ұшып тұрып, әлгі кісіні қуып жетеді:


— Бері қара, менің байқауымша, сен болашақты болжайтын әулие адам екенсің, менің құлайтынымды білгендіктен, қашан өлетінімді де білесің. Айт, мен қашан өлемін? — деп ол кісінің жағасына жармасып жібермейді.


Сонда әлгі кісі Қожадан құтылғысы келіп:


— Отын артқан есегің өрге шығып келе жатқанда, бір рет жел шығарса, жарты жаныңнан айрыласың, ал екінші мәртеде жел шығарса, жаныңмен біржола қош айтысасың, өлесің, — деп өз жөніне жүре береді.


Айтқандай-ақ есегі өрге шығып келе жатып, жел шығарғанда, Қожа ажалының тақап қалғанын сезінгендей болады, ал екінші қайтара дыбыс естілгенде, буын-буыны қалтырап, ықылық атып:


— Өлдім, — деп құлай кетеді.


Құп-қу болып, сұлап жатқан Қожаны көріп, жұрт жиналып қалады. Дереу табыт жасап жіберіп, Қожаны салып ап, қалаға алып жүреді. Олар бір сазды-батпақты жерге тап болып, қалай қарап жүрерін білмей, дағдарып тоқтап қалады.


Сонда Қожа табыттан басын көтеріп:


— Мен тірі кезімде мына арамен жүретінмін, ендігісін өздерің біліңдер, — депті.





Пікір жазу