Мауқай қу туралы
Ел расында Мауқай Тоғайбайұлы деген адам болған. Оны «Мауқай қу» деп атайды. Өзінің қулығымен осы өңірге атағы шыққан адам еді. Жас кезімде талай көргенбіз. Біздің үйге де келіп, талай қонақ болған адам. Ол кездері жас болып талай айтылған сөздерге назар аудармаппыз ғой...
Жарықтық өте шешен адам еді. Бұл Мауқайдың атасы Келдібектен тарағаны алтау еді. Ең үлкені Қазыбек, одан кейінгілер: Сәдібек, Бөдене батыр, Асан, Балапан, Үсен. Ал Мауқайдың ата-тегі осы — Асан. Енді Мауқай қу туралы бұрындары айтылатын әңгімелер өте көп еді. Қазір қартайғандікі ме, көбін ұмытып қалған екем. Сендерге білетінімді айтып көрейін.
«Бір жолы Мауқай Абай аулына келеді екен. Ол кезде Мауқайдың орта жасқа келіп, ақыл тоқтатқан кезі екен. Содан Абай үйінің алдына келіп, ат басын тірейді. Үйден қызметкерлері шығып, аттың басын байлап, өзін аттан түсіріп алады. Қызметшілердің біреуі жүгіріп келіп, Абайға Мауқайдың келгенін айтады екен. Сонда Абай Мауқайдың жасы кіші екенін ескеріп, сыртқа шығуды жөн көрмей, теріс қарап жатады екен.
Енді үйге кіре берген кезде, Мауқай кілт тұра қалады да:
— Ей, Абай! Сенің алғашында азан шақырып қойған атың Ыбырахым еді. Дүниенің төрт бұрышын абайлап тұрсын деп Абай қойған екен. Ал сен болсаң Өскенбай мен Құнанбайдан аса алмай қалған екенсің», — деп айтыпты-мыс деген әңгіме бар.