26.08.2021
  170


Автор: Қазақ халық ауыз әдебиеті

Қытай жігітінің сыйлығы

Тайжан бірде Атбасар жәрмеңкесіне барады. Ерткені — елдің бетке ұстар ақындары, термеші жігіттері болса керек. Өзі сырнаймен белбеулетіп ән салып, жиналғандардың назарына ілігеді. Осы жәрмеңкеде сырнайды құйқылжыта тартып, атын билететін қытай жігіті елге өнер көрсетіп жүреді. Тайжанды қызықтырғаны оның сырнайының жаңа, әрі үнділеу екендігі болады. Тайжан оның қасына келіп:


— Мен сенің атыңды билете алсам, не берер едің? — дейді.


— Жоқ, билете алмайсың. Ол тек өзім сырнай тартқанда ғана билейді, — дейді жігіт.


— Ендеше, бәс тігейік. Егер билетіп берсем, онда сырнайыңды маған сыйға тартасың, — дейді.


— Жарайды, айтқаның болсын.


Тайжан өзінің сырнайымен небір әуенге салады. Бірақ ат билей қоймайды. Сосын, болмаған соң жігіттің сырнайын сұрап алып, нағашысы үкілі Ыбырайдың «Гәккуін» тамылжыта тартады. Сол-ақ екен, ат билей жөнеледі. Тігілген бәс өз алдына, егер дау туғызғысы келсе, Тайжанның алғашқы сәтте-ақ ұтылғанын, әрі ат билеткен сырнай өзінікі екенін тілге тиек етер еді ғой. Бірақ қытай жігіті Тайжанның асқан өнеріне дән риза болып, жаңа сырнайын сыйға тартады. Сыйлық сырнай ақынға көп жыл айнымас серік болып, шабытына шабыт қосқан екен.





Пікір жазу