26.08.2021
  370


Автор: Қазақ халық ауыз әдебиеті

Құдыққа қамалған қасқырлар

Тағы бір отырыспада Мәкең екінші әңгімесін бастады.


— Маужыраған мамыр айының жайма-шуақ күндерінің бірі. Астымда осы торы төбел атым. Болса да иығымда қос ауыз. Тақымымда қыстырған күрегім бар. Ойым — Нұрлыбай төбесінің батыс бетіндегі қалың жыңғыл-шоқатты алапты бір шолу. Себебі, менің аңшылық түсінігімше, осы шоқаттар арасында қасқырдың апаны болуға тиіс. Қазір қасқырлардың күшіктеп, бөлтіріктері енді-енді бауырын көтерген шағы.



Әр жерден бөрі іздері кездесіп қалады. Алайда олардың ізімен апанын табу оңай емес. Өйткені бөрі бөлтіріктері жатқан ініне ешқашан тіке бармайды. Айналып, із тастап, шарлап барып соғады. Бір жайдақтау, бұталары да сиреген жыңғылды шоқатты алыстан-ақ көзім шалып, соған жақындай түстім. Айналаны мұқият зерттеп барып шоқатқа 15-20 метр қалғанда, мен іздеген апан осы маңда екенін сездім. Кенет жыңғылды шоқаттың селеу, еркек шөбі аралас өскен қалыңының арасынан қара құлақтары шошиған бір-екі бөлтірік күшіктерді көзім шалып қалды. Менің жақындағанымды сезген әлгі бөлтіріктер домалап алып, шоқаттың арғы күнгей бетіне қарай қашып барады. Атымнан түсіп, асықпай шідер салып бекіттім де, күшіктер қашқан шоқатқа жақындадым. Бөлтірік іздері шоқаттың күншығыс бетіндегі сексеуіл мен жыңғыл өскен қалыңның арасына сіңіп кеткен. Жақындап үңіліп қарасам, апан осы жерде екен. Бөлтіріктер түгел ін ішінде. Қолымдағы тік күрегіммен інды қазуға кірістім. 6-7 метрдей көлденең қазғасын-ақ күшіктердің үні естіле бастады.


Не керек, әлгі іннен алты күшікті біртіндеп алып, қапқа салдым. Атыма мініп, қабымды алдыма өңгеріп келемін. Күшіктердің енесі — қаншық қасқыр мен арланы да осы маңда мені сыртымнан баспалап, аңдып жүргенін сеземін. «Түнімен жортып, аңшылықтан қайтып соғатын кезі болды» деймін өзімше топшылап. Бөлтіріктерді ауылға, елді мекенге апаруға болмайды. Апардың дегенше, ашынған бөрілер сол ауылдың
малының сау-тамтығын қалдырмайтыны белгілі. Менің жоспарым — ауылдан, елді мекеннен аулақ «Жарқұдықтағы» ертеректе қазылған цемент-сақина құдық. Суы әлдеқашан тартылған, тереңдігі 3-4 метрден кем емес, айналасы елсіз. Бұл құдыққа түскен қандай мақұлық болса да, қайтып шығуы екіталай. Он-он бес шақырымдай жүріп, әлгі құдықтың басына келдім де, атымнан түсіп, ішіне үңілдім. Тас цемент құдықтың түбі ақтопырақтанып көзге шалынады. Қабымның аузын шешіп, жіпті аузының бір бұрышынан, екінші ұшын түпкі бұрышынан байлап, құдыққа абайлап, саумалап түсірдім де, қап түбін байлаған жағын жоғары көтеріп, күшіктерді құдық түбіне төктім. Бөлтіріктер құдық түбінде қыңсылап қала берді. Атыма міндім де, өз шаруаммен жоқ түйелерімді қарап, өріске кете бердім.


Араға үш-төрт күн салып, ауылдан қасыма Қуандық құрдасымды алып, екі атты әлгі тас құдыққа келдік. Жақындағаннан осқырып-парылдап, құдық маңайына жақындатар емес. Көлігімізді алысыраққа бекітіп, басын байлап, құдыққа жақындап келдік. Қасымдағы Қуандыққа:


— А-ал, сенің жүрегің қалай еді қасқырларды көргенде? — деп әзілдеймін. Құдықтың тас сақинасы жер бетіне бір метрдей шығып тұрған. Қасқырлардың іздері құдықты айнала шарлап тастаған. Оны аңғаратын Қуекең жоқ, екі көзі тас құдықтың аузында. Мен ішімнен: «Е-е, бәрі де «жанұясымен» түгел құдық түбіне қонақтаған екен» деймін. Екеуміз айбайлап, сақтана келіп құдық аузынан үңілсек, түбі толған қасқыр. Арланы мен қаншығы жоғарыдағы бізге қып-қызыл көздерінен от шаша жауыға қарайды.


— Ой-пыр-ай! Мыналарды осылай ұстау қалай ғана ойыңа келген?! — деп таңдайын қағып, таңырқайды құрдасым.


Мен оған:


— Жағдай былай болған сияқты, достым. Мен күшіктерді құдыққа салғасын ізімнен еріп отырған арланы мен қаншық қасқыр мен кеткесін құдықтағы күшіктерді құтқарудың бар амалын ойлай-ойлай, болмағасын қаншығы шыдамай, құдыққа қойып кеткен. Ол шықпағасын, күтіп күтіп құтқармаққа арланы да секірген деп ойлаймын. Ал 3-4 күннен кейін асық- пай келуімнің мәнісі: қасқырлар ашығып, шөлдеп, әлсіресін дегенім ғой, — деймін.


— Ал енді бұларды қалай аламыз? — дейді Қуекең.

— Түк қалайы жоқ. Әуелі арланын, содан соң қаншығын бір-бір оққа тапсырамыз. Қалғаны оңай емес пе?


Біз солай істедік те. Тек «салмағың жеңіл, құдыққа түс, мен тартып аламын» дегеніме Қуекең құрдасым біраз қиғылық салып, ақыры келісті. Сөйтіп, бөлтіріктерімен сегіз бөріні алып ауылға қайтқанымыз бар, — деп аңшы аға әңгімеге ұйып қалған бізге күлімсірей қарады.





Пікір жазу