Қулардың құрығы дайын
Ертеде екі жолаушы жігіт бір сараң байдың үйіне келіп қоныпты. Бай үйі:
— Күн жаз болды, жуан жіңішкеріп, жіңішке үзілді, қара-өзек шақ, жігіттер су-суан ішіп жатпастарыңа болмас, — деп, оларды қара шаймен қатырыпты.
Таңертең ат әкелуге шыққанда үлкен жігіт кішісіне:
— Қап, бәлем, мына иттің қорлығын-ай, осы сараңның сазайын тартқызайық. Қарағайдай қос қазы тұр. Аттанарда қайтсек те соны ала кетуіміз керек, — дейді.
— Оны қалай аламыз? — дейді кішісі.
— Оны алу үшін аттанарда екеуіміз әлденеге жанжалдаса қалуымыз керек. Мен сені үйге қуып тығайын. Ал үйдегілер бізді арашалау үшін тысқа шығады. Сен сол кезде қазыны алып шығарсың, — дейді үлкені оған.
Жүрер кезде сараң бай бұларды аттандыра сыртқа шығады. Бәйбішесі де есік алдына шығып, сыпайысып көлгірсиді. Дәл осы кезде олар аяқ астынан төбелес шығарып, үлкені кішісіне қарай қамшы ала жүгіреді. Кішісі осы орайда сып беріп үйге кіріп кетеді. Бай үлкен жігітке араша айтып, әуре болғанда, бәйбіше есіктің сыртынан басып, тезірек құтылудың шарасын қарайластырады. Кіші жігіт үйге кіріп, олай қарап, бұлай қарап, қос қазыны таба алмағаннан кейін сырттағыны боқтаған болып:
— Айдас-қайдас әкеңнің аузын... — деп айғайлайды.
Ал сырттағы жігіт оның қазыны таба алмағанын біле қойып:
— Апсар-жапсар әкеңнің аузын... — дегенде түскиіздің артындағы жапсарда ілулі тұрған қос қазыны жұлып алған кішісі мұны қайда сыйдырарын білмей:
— Имас-сыймас әкеңнің аузын... — дейді. Мұны естіген жігіт үй сыртынан тептеп:
— Байеке, қоя беріңізші, әттең, өзін омыртқасын опырып, шалбарына тығар ма еді? — дегенде, мұны ұға қойған үйдегісі қос қазыны ортасынан опырып, шалбарына тығады да, үйден жүгіре шығып, ерттеулі тұрған атына міне салып тұра қашады.
Ол қашып бара жатып:
— Байеке, жібермеңіз оны. Сараңның сазайын әбден тарттырдым, — деп айғайлайды. Алдыңғысы белден аса бергенде, үлкені де байдан сытылып шығып, артынан жөнеледі.
Сөйтіп, айлалы екі жігіт сараң байдың сазайын осылай тарттырыпты.