Қоштай пошташы
Қоштай тағы да бір жолы Буыршынға пошта тарата барғанда, іздеп жүрген үйінің ауласы екен деп Буыршындағы контордың қақпасына кіріп кетеді. Аулада жайылып жүрген үйірлі қаз мойындарын жерге сала Қоштайға ұмтылады. Аулада тұрған орыстар бұған тамашалай қарайды. Бірнеше ата қаз Қоштайдың жасқауына қарамай тістеуге айналады.
— Мына көп иттерің талауға айналды, қорымайсыңдар ма? — деп Қоштай қызықтап күлген орыстарға айғайлайды.
— Орыстың андағы иттері қазақтың иттерінен қабаған болып па, — деп мысқылдап күледі қазақ тілін білетін біреуісі.
Осы кезде ата қаздың бірнешеуі Қоштайдың балтырына ауыз салады.
— Шоқ, үй, шоқ, шоқ, үй шоқ, орыстың өзіне тартқан сары тұмсық, шегір иті, — деп тістеуге айналған қаздарды қамшының астына алады. Табанда үш қаз сұлап қалады. Мұны көрген орыстар:
— Неге ұрып өлтіресің? Есің дұрыс па? — деп Қоштайды жазғыра бастайды. Манағы қазақша білетінді дүмшелікке салып, Қоштай былай дейді:
— Иттерің жабылып талап жатса, өздерің мазақтап күлсеңдер. Жаңа «орыс иттері қазақ иттерінен қабаған болып па» дегенше, ұра көрме, орыс иттері қазақ иттеріндей таяқ көтермейді деп деп неге айғайламадыңдар, — деп қақпадан шығып жүре беріпті.