26.08.2021
  135


Автор: Қазақ халық ауыз әдебиеті

Қосбасқан (ІІ нұсқа)

Мүкей мен Жайыр жортуылда жүріп бір байдың қыз ұзату тойына қатынасып қалады. олар өздерінің атын-жөнін құпия сақтап, отау үйінде болып жатқан жастардың сауығына кіреді.


Олар жастар арасында біреулердің Мүкейдің «Телқоңыр» күйін бұзып шертіп отырғанын көреді де, оның домбырасын сұрап алып, «бұл күй менің білуімде былай еді», — деп шертіп береді. Құрбыларының қалауынша күйші жалғасты бір қауым күйлерді орындайды. Қыза түскен домбыра сауығының бұл салты үлкендердің де құлағына шалынып, той иесі оларды ауыл ақсақалдары отырған шаңыраққа шақыртып күй шерткізеді.


Топ арасында отырған орта жастардан асқан бір тақыс саудагер сауда істеп жүріп Мүкей ауылдарына қонып кеткені есіне түсіп, Мүкейді таниды да:


— Ой, інім, сен әлгі жортуылшы, күйші Мүкей екенсің ғой! Ауыл-аймағың аман ба?—деп суырыла амандасады. Мүкей шарасыздан саудагердің тануын мойындайды. Той иесі Мүкейді құрметтеп қонақ етеді. Ертеңінде аттанар алдында Мүкейге ел ақсақалдары ақыл айтып:


— Алаштың өнерлі азаматы екенсің, мұныңа жұрт риза. Атыңды сырттай естушы едік, бүгін көзімізбен көрдік. Ал жортып жүріп жылқы қуатын өнерің де бар екен, мұныңа жанымыз қас. Екі аяғыңды егіз баспа, алдыңғы өнеріңді алға сүйре, соңғыңды су түбіне таста, — деп шапан кигізіп, ақ тілекпен аттандырыпты. Мүкей осыдан соң ел тілегін жөн көріп, жортуылын да қойыпты. Еліне оралғаннан кейін «Қос басқан» күйін жасапты.





Пікір жазу