26.08.2021
  278


Автор: Қазақ халық ауыз әдебиеті

Қос мүйізді Ескендір

Әйгілі Ескендір патшаның басында қос мүйізі болса керек. Бірақ мұны тірі жан білмейді екен. Себебі шашын алдырған сайын сол шашын алған адамның басын шаптыртып тастап отырыпты. Мұның мәнісі, Ескендірге түсінде бір әулие аян беріп: «Егер шашыңды алушыдан басқа адам мүйізіңнің бар екенін білсе, сол күні жарық жалғанмен қоштасасың!» — деп ескертіпті дейді. Осыдан кейін-ақ сақтық жасап, шашын алдыртқан адамының басын кестірте берген ғой.


Осылайша, Ескендір төңірегінде қолының ебі барлар сирейді. Бір күні шаш алу кезегі патшаның жақсы көретін жақынына келсе керек. Сонда Ескендір сол жақынына шашын алдырып болып былай депті: «Шарт бойынша, менің мүйізімді көрген адам бұ дүниемен қоштасуға тиісті еді. Бірақ мен саған тиіспеймін. Шашымды тек қана өзіңе алдыртып тұрамын. Тек, есіңде болсын, мүйізімнің бар екенін екінші адам білген күні басың кесіледі».


Осыдан кейін-ақ шаштараздан маза кетеді. Алдымен, Ескендірдің қос мүйізі жатса түсінен, тұрса есінен кетпей есі шығып жүреді. Бара-бара бұған еті үйреніп, енді өзі ғана білетін жаңалықты жұртқа айтқысы келген бір сезім билейді. Бірақ айтайын десе, жанынан қорқады, айтпайын десе, ішіне толған құпия сыр шыдатпайды. Ақыры, амалы таусылғандықтан патша сарайындағы жеті жұрттың тілін білетін тәуіпке келіп, өзінің
дертті болғанын айтады. Тәуіп болса, әрі-бері қарағаннан кейін: «Дертің ауыр болғанмен, емі жеңіл. Ішіңе толған бір құпия сыр бар екен. Сол сырды сыртқа шығару үшін елсіз-күнсіз бір жерге барып, басыңды ойға қарат та, ішіңе толған сөзді айтуың қажет. Жай айтпайсың, әрине, аузыңнан сілекейің шұбырып, ішің ортайғанша қайталайсың. Тек, даусыңды ешкім естімейтін болсын. Біреу-міреу естісе, басыңа қатер!» — дейді.


Шаштараз тәуіптің айтқанын бұлжытпай орындайды. Елсіз-күнсіз жердегі бір құрғаған құдықты тауып алып, басын сол құдыққа салбырата түсіреді де. «Ескендірдің басында қос мүйіз бар! Ескендірдің басында қос мүйіз бар!..» — деп, жанын жегідей жеген сөзді іші ортайғанша қайталайды. Осылайша, айына екі рет елсіздегі құдыққа келіп, ішіне толған сөзін қайталап, дертін жеңілдетіп жүреді. Жақынының аузы беріктігіне патша да риза, күтпеген кеселден оңай құтылып жүргеніне шаштараз да риза болып жүріп жатады ғой.

Күндердің бір күнінде, шаштараз барып жүретін құр құдықтың басына әлдеқайдан келе жатқан керуен тоқтайды. Ел кезген керуеншілердің ішінде неше түрлі қабілеттің адамдары болатын әдет емес пе. Мына керуеншілердің ішінде де жұрттан асқан бір сыбызғышы бар еді дейді. Сол сыбызғышы ерігіп отырып құр құдықтың түбіне қарайды да, онда өсіп тұрған қамысты көреді. Бұл қамыс, әлгі дертті шаштараздың аузы-
нан ақтарылған сілекейден нәр алып өссе керек. Сол жерде, сыбызғышы жігіт құдыққа қарғып түседі де, бір сабақ қамысты жұлып алып, сыбызғы жасайды.


Ескендір патша құпиясы осы жерде кереметін көрсетеді. Керуенші жігіт сыбызғысын ойнатайын десе, сыбызғысы «Ескендірдің басында қос мүйіз бар!» деп адамша сөйлеп қоя береді. Керуенші жігіт өз құлағына өзі сенбей, сыбызғыны қайта ойнатып көрсе, жаңағы сөз тағы да қайталанады. Сол жерде басқа керуеншілер де мұндай ғажапқа таң қалса, екіншілері әлемге даңқы әйгілі патшаның сыртынан ғайбат сөз айтылғандай секем алысады.


Тағдырдың бұйрығы бойынша, құпиясы жария болған Ескендір сол күні жарық жалғанмен мәңгілікке қоштасып еді дейді.


Бұл оқиға керуенші жігіттің сыбызғысы арқылы дүниенің төрт бұрышына күй болып тараса керек.





Пікір жазу