26.08.2021
  461


Автор: Қазақ халық ауыз әдебиеті

Қорқыт ата туралы тарихи аңыз

Қорқыт өлімге бойұсынбай, ажалдан құтылмақшы болып, қашып дүние жүзін кезеді. Қайсы жерге барса да, алдынан қазылып жатқан көр шыға береді. Ақыры өлімнен құтылмасын білген Қорқыт ата Сырдарияның ағын суының үстіне кілем жайып жіберіп, қарындасын қасына алып, сол кілемнің үстінде отырып елмен, жерімен, қарындасымен және өзінің өмірімен қоштасқан зарлы күйлерін тартады. Өзен бойында отырған елдердің қобыздың зарлы дауысын естігендері шыдап тұра алмай, өзеннің екі жағалауына топыла жиналып, емірене тыңдасады.


Өзен жағалауынан сыртқары түстік жерде отырған көшпелі елдердің де кешқұрым қобыз даусын естіген қырық қыздары жақын жерде шығар деп қызыққаннан жүгіре-жүгіре жете алмай, отыз тоғыз қыздың өкпелері өшіп, жолда өледі. Олардың ішінен жүгіре алмай жайымен жүрген бір ақсақ қыз ғана Сырдың жағасына жетіп, Қорқытты көріп өледі. Сол ақсақ қыздың моласы — Қорқыт атаның қойылған жерінің тура сол төстігінде арасы бір шақырымдағы жердегі шыңның басына орнатылған мұнара. Осы кезде де жұрттың бәрі оны «Ақсақ қыздың белгісі» деп атайды.


Қорқыт атаның үстінде отырып қобыз тартқан кілемін Сырдың ағысы иінге соқтырып тоқтатқан жерінде қазулы көр алдында дайын екен. Әзірейіл жан алғыш та жетіп келеді. Сол сәтте Қорқыт тылсыммен өзін көбейтіп, қырық Қорқыт етіп көрсетеді. Олардың қайсысы Қорқыт екенін айыра алмай сасқан «жан алғышқа» сол кезде Құдірет парман етеді: «Қырқының қайсысы бұрын кірпігін қақса, соның жанын ал! — дейді. Жаны бар Қорқыт кірпігін қаққан кезде жаны алыныпты. Сол жердегі дайын көріне Қорқыт ата қойылады. Осылай деп білетін жұрттың көпшілігі осы кезге шейін Қорқыт атаның сол орнын қадірлеп, құрмет тұтады.





Пікір жазу