26.08.2021
  249


Автор: Қазақ халық ауыз әдебиеті

Қоңыр қаз

Байжігіт күйші ер жетіп, бұғана бекітіп, оң-солын таныған кезде Ақсұңқар деген ақылына көркі сай қызға ғашық болады.


Ақсұңқардың әкесі Ағиық ақсақал көпті көрген, өмірдің парқы мен нарқын бажайлаған, төңірегіне сыйлы, өзіндік дәулет иесі болса керек. Ел-жұртқа күйшілігімен даңқы жайылып кеткен Байжігіттің Ақсұңқарда көңілінің барын Ағиық ақсақал іштей сезіп, орайлы сәттерде дәмелі жігітті сынап жүреді.


Ал Ақсұңқар болса, «Жас-жастың тілегі бір, жібектің түйіні бір» деген емес пе, жұрт мақтаған жігітті қыз жақтайтын әдетке бағып, ол да Байжігіт күйшіні ұнатады. Бірақ ол кезде қалыңсыз қыз, жабусыз нар болған ба, жеме-жемге келгенде жоқшылық Байжігіттің қолын байлап, шарасын тауысады.


Содан күндердің бір күнінде өнерін тал бойына тірек еткен Байжігіт сүйген қызы Ақсұңқарға шарт қояды: «Егер қалың-малыңның кесімін әкеңнің өзіне айттырып, кәдеге қанағат еткізсем, маған қосылар ма едің?!» — дейді. Ақсұңқар болса: «Әрине, әке көңіліне қарап, ата салтын аттай алмай жүр емеспін бе, ата-анамның мақұлдауын естісем, мен сендікпін!» — деп ағынан жарылады. Екеуі сол жерде қол алысып, төс қағысып, уәде байласады.


Сонымен күндер өтіп жатады. Бірде, Байжігіт жолаушылап келе жатқандай болып Ақсұңқардың үйіне түседі. Қыз әкесі Ағиық ақсақал: «Иә, балам, ерден — ергенек, жерден — ебелек деген, сұқбат көңіл ашады, сұқбатсыз көңілді кір басады, атың жауыр болса да, атағың тәуір, қарап отырмай көсеуіңді көсеп, отыңды маздата отыр», — дейді. Әке сөзіне іштей мағұрланған Ақсұңқар да Байжігітке сынай қарап, болар-болмас езу тартқандай болады.


Сонда, Байжігіт аз аяда арқаланып, мұндай орайлы сәттің кездесе бермейтінін көңіліне түйіп, томағасын сыпырған қырандай шабыт алып шыға келеді. Кешікпей-ақ, іргеге сүйей салған домбырасын алып, құлақ күйін баптайды да, бұрын-соңды шиырламаған тың сарынды сырғыта жөнеледі. Айдын көлге ақ төсін басып, сыза қалқыған қоңыр қаздың үніндей бір сыршыл әуен біресе сыбырлап, біресе сыңқылдап «әп» дегеннен буынға түсе баурайды. Бара-бара әлгі қоңыр қаздың көкірегінен мұң төгілгендей, сабыры сырға, сыңқылы мұңға ұласқандай болады. Сырын айтып, мұңын шаққан сайын тыңдаушысын өз тағдырына ортақтастырып, сол мұң мен сырға ілестіріп жөнелгендей. Сол бетінде қоңыр қаз сыбырлап-сыңқылдайды, мамырлап-мұңаяды, қамығып-қаңқылдайды, сарғайып-саңқылдайды. Естір құлақтың құрышын қандырғандай, сезер жүректің шерін тартқандай болады. Сөйтіп, қоңыр қаздың мұңымен сырының төрешісі етіп тыңдаушы жұртты ұйытып тастаған күй мамырлап барып тынады.


Ағиық ақсақал түйіле тұнжырап отыр. Бәйбіше дәрменсіз халге түсіп, шөгіп кеткендей. Ақсұңқар болса жанары боталап, жасқа толып қалған. Бәрі де күйдің тілін жазбай танып отыр.


Үнсіздікті Ағиық ақсақал бұзып, Байжігітке оң шырай береді: «Шырағым-ай, мынауың қалыңсыз қыз беруге тұратын күй екен. Жұрттың сөзі рас болды, бармағыңа бақ қоныпты. Жалғызбын деп қамықпа, сенің өнеріңе көз қиығын салмас, көңіліне алмас, ниетін бермес қыз болмас!» — деп еңсесін тіктегенде, қызына көзі түседі. Сонда Ақсұңқар әкесінің ойын ұштап, «Сөзіңізге құлдық әке! Ата сөзі — парыз, ана сөзі — қарыз, байлауы шие сертім бар еді, түйінін өзіңіз шештіңіз. Мен бір қоңыр қаз едім, қияннан іліп, қияға қонатын қаршығаға олжа еттіңіз. Менің бағамның парқына бойлап, нарқын айттыңыз. Өзіңіз тонын пішіп, қалыңын бердіңіз. Енді тойыңызды қамдаңыз!» деген екен.


Болар іс болған соң, Ағиық сөзге келмепті, Тәңірдің жазуы осы шығар деп, өз қолымен той-томалағын атқарып, жасау-жабдығын қамдап, қызы Ақсұңқарды Байжігіт күйшіге қалыңсыз қосыпты дейді.


Байжігіттің бұл күйі ел ішіне «Қоңыр қаз» деген атпен жайылған. Белгілі күйші Әшімтайдың да «Қоңыр қаз» атты күйі бар.





Пікір жазу