Қожаның дәрігерлігі
Бір күні ақынсымақ біреу Қожаға жолығып қап:
— Қожеке, — дейді, — ауырдым білем, бірнеше күн болды, жүрегім зіл қара тастай ауырлап, көтертпейді. Бармаған дәрігерім жоқ және ем айтқан біреуі жоқ. Мүмкін, сен бір нәрсе дерсің.
Қожа пақырдың жүзіне тесіле бір қарап алып:
— Соңғы күндері өлең жазып па едің? — деп сұрапты.
— Иә, жазғанмын.
— Біреу-міреуге оқып па едің, жоқ па? Оқымасаң, оқы, тыңдайық, — деп тізе бүге бастайды.
— Оқу ешқайда қашпас. Алдымен жүрегімнің ауруының дауасын айтып бер.
— Өлеңіңді оқы, дауа айтылады.
Ақын өлеңін оқи бастайды. Өлең әрі шұбалаңқы, әрі мағынасыз бірдеңе екен... Өлеңді ақырына дейін тыңдауға төзімі әрең жеткен Қожа:
— Басқа біреуге оқып бермеген соң жүрегіңді басып, ауырлатып тұрған осы өлең екен. Енді сенің жүрегің жеңілденді, ауыртпалығың маған көшті. Бірақ, есіңде болсын, бұдан былай мұндай, мағынадан жұрдай ауыр өлең жазушы болма, жүрегің көтере алмай, жарылып кетуі ықтимал, — депті.