26.08.2021
  271


Автор: Қазақ халық ауыз әдебиеті

Қожанасыр молданы кәуаппен қалай сыйлады

Бір күні Қожанасыр базардан семіз ет сатып алып, бабы келіскен кәуап пісіреді. Тек бұрышы ғана жетіспей тұрады. Қожанасыр үйін жабады да, кілтті тастың астына қойып, базарға шығады. Қақпа алдында дәруішке жолығады.


— «Еһе, — деп ойлайды Қожанасыр, — мына жігіт менің кәуабымды сыпырып кетпесін».


— Ағасы, — дейді ол дәруішке, — мына тастың астына кілтті мен қойдым. Кілтті алып, менің ас үйімде қазанда пісіп тұрған кәуабымды жеп кетуші болма.


Күдігін сейілтіп, базарға қарай беттейді. Дәруішке де керегі осы емес пе, кілтті алып, үйді ашып, бар кәуапты жеп қояды. Сосын қазанға нәжісін толтырып кетеді.


Базардан қайтқан Қожаға бір молда жолыға кетеді. Ол тамақтың иісін сезіп, бұған өтініш білдіреді. Қожа келеді. Аулаға кірген соң, Қожа кілтті алып, үйін ашып, молданы дастарқанға шақырады. Қазанды әкеліп ортаға қояды. Молда тілін жалап, қазанның қақпағын ашады. Қазаннан шыққан бір топ шыбын молданың басын айнала ызыңдайды.


— Бұл неткен сасық кәуап? — дейді молда.


— Айып етпеңіз, әпенді, — дейді Қожа. — Қарғыс атқан шыбындар бар кәуапты жеп қана қоймай, оны асқазаны арқылы кері қайтарып үлгеріпті ғой. Не істейміз?


— Соқ оларды! — дейді молда. — Соқ оларды қай жерден көрсең де!


Осы кезде Қожанасыр молданың мұрнына қонған үлкен шыбынды көреді. Ол қасықты ала салып, бар күшімен соққаны сонша — құрметті молда есіктен шығып, көшеге ұзынынан сұлаған екен. Ол қайтып Қожанасырға жоламайтын болыпты.





Пікір жазу