Қожа мен әйелі екеуінің қайсысы ақылды
Қожа есегін базарға алып шығып, өткізіп бер деп делдалға ұстатады. Әлгі антұрған есекті жетектеп арлы-берлі жүріп:
— Есегімнің төрт аяғы тең жорға, мініп келе жатып, шай ішсең, шайқалмайды, өзі жуас, өзі жас, тал бойында міні жоқ, — деп жар салады.
Қожаның есегін сатып алушылар көбейіп, бағаны бірінен бірі асырып беріп, тіпті көтеріп жібереді. «Менің есегім неткен жақсы еді. Осыны неге өзім сатып алмаймын», — деп ойлаған Қожа, қыза-қыза басқалардан бағаны асыра айтады. Ақыры, ақшаны қолма-қол санап беріп,
есегін өзі сатып алады. Кешке осы оқиғаны әйеліне сыр етіп айтқанда, әйелі:
— Мен де бір бүгін тегін олжаға кезіктім, — дейді. — Біреу біздің үйдің жанынан бір шелек қаймақ алып кетіп бара жатыр екен. Тоқтатып, қаймақ өлшетіп жатқанымда, байқатпай білезігімді таразының тасы жатқан басына сала қойдым да, сонсоң бір аяқ қаймақты алдым да зытып бердім.
Мұны естіген Қожа:
— Қатын, өстіп мен түзден, сен үйден қармап, шаруамызды біраз жөндеп алайық, — депті.