26.08.2021
  145


Автор: Қазақ халық ауыз әдебиеті

Қожа Ахмет пен Баба Машын

Қожа Ахмет Ясауи жолының күн санап күшейіп бара жатқанын ислам әлемінің басқа аймақтарындағы діндарлар хабардар болады. Олар Ясауи жолының дұрыстығына күмән келтіріп, қалай да оның жолына тосқауыл қоюды ойластыра бастайда. Солардың бірі — Қорасан елінен шыққан атақты ғұлама Баба Машын еді. Ол өзінің мықты деген төрт жүз шәкірті мен Ясы қаласына Қожа Ахметті іздеп келеді. Ясыға
келген соң, Қожа Ахметке жолығып:


— Елді бүлдіріп, жолдан шығарып жүрген жасыл шапанды сенбісің? — деп дүрсе қоя береді. Ясауи ата шәкірттеріне:


— Бұл сөйлеген кезінде есінен адасады, не айтып жатқанын өзі ұқпайды. Сондыктан бұны ұстап, ұстынға байлаңдар! — деп бұйырады.


Шәкірттері ұстап, байлаған соң, оның денесін жалаңаштап дүре соғуға бұйырады. Алғашқы қырық дүре соққанда Баба Машын былқ етпей, Алла атын аузына бір рет те алмайды. Оны біраз уақыт демалдырып, тағы да қырық дүре соғады. Осы кезде ғана Баба Машынның құлындай шыңғырып, «Алла!» деген жан даусы шығады. Ясауи ата дүре соғуды тоқтатуға бұйырады. Мұны көріп тұрған Хасан хан Ясауи атадан:


— Бірінші рет дүре соққанда, ол бір рет те Алланың атын есіне алмады. Қырық дүрені екінші рет соққанда «Алла!» деп шыңғырған жан дауысы шықты. Бұның себебі неде? — деп сұрады.


Ясауи:


— Оның арқасына жын-перілер жабысып алып, алғашқы қырық дүрені өткізбеді. Сол себепті алғашында оған дүре батпай, Алла атын жад етпеді. Соңғы қырық дүре Баба Машынның арқасына тиіп еді. Сондықтан оның жан дауысы шықты, — деді.


Одан кейін Ясауи ата есін жиған Баба Машынға қарап:


— Өзіңнің қайдан екеніңді білдің бе? — деп сұрады. Ол көз жасы көл болып, әдепсіздігі үшін Ясауиден кешірім сұрап, тәубесіне келді. Атаның шәкірті болды. Үш рет қылуетке түсіп, Ясауидің сүйікті шәкірттерінің біріне айналады.





Пікір жазу