Қасым ханның елге орнатқан тәртібі
Қасым хан ақбоз атқа мінеді екен, айыр қалпақ киеді екен, жолдастары бәрі де бір ыңғай боздан мініп, ақ киім киіп бір бай ауылға келеді екен. Байдың аулына сауын айтып: «Бізге үй тіксін, сұлу қыз-келіншекті жинап қойсын», — деп, сонда келіп жатады екен. Бір мезгілде Қаракерей Қабанбай аулына келмекші болыпты. Сол ауылға шапқыншы жіберіп: «Үй тігіп, қыз-келіншек дайындасын», — депті. Бұл ауылда ерте күнде ұзатқан Қазбектің қызы Маңқан бар екен. Қазбектің інісі Бөдене батырдың қызы Нәуетек болады екен. Бұлардың әйел болып, орта жасқа келген шамасында бұл екеуінен туған ер жетіп қалған екі қыз болу керек. Мұның бет алып келе жатқаны осы болса керек. Сол кезде Қазбектің екінші баласы Қазымбет дейтұғынның Құлтеке деген батыр баласы болыпты. Сол Құлтеке сол ауылда апа-қарындасына амандасып жатыр екен. Сонда бұның апа-қарындастары Құлтекеге арыз қыпты:
«Бұл Қасым ханның бет алып, бетіне ұстап келе жатқаны сіздің міне біреу бір-екі жиендеріңіз ғой, атаңның аруағы бар ғой, осыдан сауға сұрап көрермісің, бұл балалар бұндай тәртіпсіздікті көрген жоқ еді». Сонда Құлтеке: «Сұрап көрейік», — деді. Атына мініп алып, шауып Қасым ханның алдынан шықты, қылаңнан мініп, қылаңнан киіп, тоғыз кісі келе жатыр екен. Құлтеке көлденең тұра қалып: «Сауға!» — деді. Бұлар Құлтекеге жауап бермей жүре берді. Құлтеке қайтадан шыр айналып кеп алдынан тұра қалды. Тағы да: «Сауға!» — деді. Тағы жауап
бермей жүріп кетті. үшінші рет қайта шапты оралып, алдынан қарсы кеп тұра қалып: «Сауға!» — деп ақырды. Үндемей тағы жүре берген кезде: «Алдыңнан келсе, атаңның құнын кеш», — деген, Бекболатпен араздығыңды осы арада өтеуші ме едің», — деп, Қасым ханды қақ бастан тартып жіберді. «Мен қарадан хан боп туған Қазбектің немересімін, Қазымбеттің баласымын. Сен көпсің, мен азбын, кәнеки, істейтініңді істеші!» — деп қарысып тұрып алды. Қасым ханның айыр қалпағы жерге ұшып түсті, аттан түсіп айыр қалпағын алуға жарамады, ауылға жібермейтініне көзі жеткен соң, қайтып кетті. Еліне барып Абылайға айтты:
— Өзімді басқа ұрып ауылға жуытпады, Қазымбеттің баласы Құлтеке деген батыр екен, жерге түскен қалпағымды аттан түсіп алуға арланып, тастап кеттім, — деп Абылайдың алдына сөзін қойды. Сонда Абылай:
— Қап, бәлем, тұра тұр, менің заманымда өзім түгілі атымды басқа ешкім ұрып көрген жоқ еді, сенің заманыңда кісімізді басқа ұратын болды ма? — деп кіжініпті. Ол кезде Семей қаласы, яғни басқа қалалар Ертіс бойына орнаған жоқ екен.
Бұл ел Қараөткелге қала шығады екен, сол Көкшетауды басып Қараөткелге бара жатқан қалашыны ұстап алыпты. «Бекболаттың, Қазбектің тұқымынан кімдер бар» деп сұрастырып, Бекболаттың баласы Тіленшіні алып барып суық үйге отырғызып қойып, екі күннен кейін тамақ беріпті. Тамақ берсе, Тіленші ішпепті «Мен тамақ ішпеймін, осылай жатып өлемін» деп. Әкелген тамақты қағып жіберіп, төгіп, лақтырып тастап, «әрі әкет!» деп безерленіп отырып алыпты. Сонда Абылай: «Бұл шұқшылғырдың тұқымы осылай жатып өліп қап жүрер, мұны босатайық, басқа біреу бар ма екен қараңдаршы!» — депті. Сонда Қазымбеттің баласы Жанай деген кісі бар екен, соны ұстап алыпты, Тіленшіні қоя беріпті. Жанайды бір күн ашықтырып тамақ берсе, ішіп қойыпты, сонда Абылай: «Бұл асырауға көнеді екен, тоқпақ жал торы айғырдың тұқымы ғой».
Сонымен қалашылар жүріп кетіп, қаласынан шығып елге қайтып келіпті. Елге келіп біздің Жанайды Абылай ұстап қалды дейді. Мұны естіп Бекболат зіркілдепті. «Жаз шыққан соң, ат қара тіл болған соң ас қазаныңды төртке бөлмесем, күліңді көкке ұшырмасам, менің де Бекболат атым құрысын!» — депті. Осы сөз қыстыгүні Абылайға да жетіпті. Сол жаз шыққан, ат қара тіл болған соң бес жүз қолмен Бекболат аттаныпты бірнеше батырларды, бірнеше басшыларды қосып алып. Ел басшысы Едіге би, әрі басшы, әрі батыр екен. Сырым Малайсары ол да әрі батыр, әрі шешен екен, әрі ел бастайтын көсем екен. Бес жүз қол, ту тігілгенін Абылай да естіп қойыпты. Бұлар сол Көкшетауды бетке алып жүріп кетіпті. Абылайдың жазғы қонысына жетіп барса, ауыл көшіп кетіпті. Он-он бес сиыр жұртта қалыпты, жұртта бір ас қазан қалыпты, ас қазан дейтіні — мыс қазан екен. Жұрт сынаушылар жұртты байқаса, жаңа ғана көшкен жұрт сықылды. Бағыз бір қаубөріктер: «қуып жетіп, көш жөнекей құртайық» десті, сонда Едіге би мен Малайсары батыр: «ол дұрыс болмайды, осы араға қонайық, мынау сиырын сояйық, атты тынықтырып, азықтанып алайық. Бекболат, сен ашуыңнан қайта бер!» — дейді. «Хан хандығын істеген екен. Сенің «антыңды орындатам» деп, «күлін көкке ұшырамын, ас қазанын төртке бөлемін» дегеніңді ол да естіп алған ғой. «Күлімді көкке ұшырсын» деп жұртын тастап кетті, «ас қазанымды төртке бөлсін» деп мыс қазанын тастап кетті, «халық ашықпасын» деп сиырын тастап кетті, енді қандаспай-ақ бітерміз, сен ашуыңды баса бер, сіздің тұқым қан құмар болмайтұғын», — деді Бекболатқа. Тынығып алып және жүрді, оларда бір қонып жұртына тағы сиыр тастап кеткен екен, тағы бір ас қазан тастап кетіпті, бұлар сиырды тағы сойып, тынығып алып жүргелі жатқанда, Едіге би айтты:
— Бекболат, сен ашудан бүтіндей қайт, антыңды тағы бір орындатты. Бұлар кеңес қылып, былай деп ақылдасты.
«Бұл Абылайлар үдере көшіп бара жатыр екен. Бұлардың мақсаты — қызыл су Шардан өтіп кету. одан өтсе, жуық маңда алдырмайды, сондықтан қазір біз бір-біреуі жүз кісілік он екі батырды таңдап алайық, түн қатырып жіберейік. Малайсары мен Құлтекені басшы қылып қызыл судан өткізбейтін болсын, егерде өтіп кетпеген болса, біздің алуымыз оңай», — деп, он екі батырды түн қатырып қоя беріпті. он екі батыр сартылдатып салып келсе, олардың көшбасшысы өткелге жаңа ғана келген екен. Олар да көтінен кейін көшкен елге қайта барып, өте алмайтынына көзі жеткен соң, ұзамай қонаға пты. Мынау он екі батыр да өз әскерінің алдынан шығып, бұлар да қатарласып келіп қонағапты. Сонда Абылай: «Жекпе-жек» деп айқай салыпты, Бекболат тұрып:
— «Жекпе-жек» деген дауыс шығады ғой, кәні, қайсың шығасың, — депті, сонда Едіге би тұрып:
— Мен тұрғанда кім шығады дейсің, — депті де атып шығыпты. Сонда Бекболат:
— Сен қоя тұр, оның одан да дөкейі бар шығар, басқа біреуің шығыңдар! — дейді. Сонда Малайсары тұрып:
— Олай болса, мен шығамын, — дейді. Бекболат тұрып:
— Сен барсаң, бар!» — дейді. Малайсары атып шығып, жетіп барды. Абылайдың батырының Малайсарыдан бір-екі жас үлкендігі бар екен, «әуелгі кезек — менікі» депті. Сонда Малайсары оған:
— Сен тұра тұр, — депті. — Сенің бір-екі іліп тастайтын найзагерлігің де артық, әуелі сөйлесіп алайық, — депті. — Мен сенімен жұлысайын деп келген жоқпын, мені Бекболат жіберді: «хан хандығын істеді, қарысып тұрмай бетін тасалап көшіп берді, «антымды орындатам» деп. «Күлімді көкке ұшырсын» деп жұртын тастады, «ас қазанымды төртке бөлсін» деп қазанын тастады, «халқым ашықпасын» деп сойысын тастады, енді өзі келе ме, мен барайын ба?» — деді.
— Жарайды, ендеше мен Абылайға айтайын», — деп жып етіп қайтып кетті.
— Өй, сен неге келдің? — деді Бекболат Малайсарыға. Малайсарының сонда айтқаны:
— Ол ұрысқалы да келген жоқ, жұлысқалы да келген жоқ екен, оны Абылай жіберіпті «елшілікпен ептестіріп кел» деп. Абылай былай депті: «Бұл несі Бекболаттың араға кісі салмай аулымды басып қонғаны, Бекболаттың антын бірқыдырғы орындағандай болдым, не өзі келсін, не өзім барайын, сөйтіп сөзімізді теңестірейік» деген екен, осыны айтып кетті, — депті Малайсары. Сонда Едіге тұрып:
— Мен баяғыда айттым емес пе, хан хандығын істеді емес пе, енді не де болса, өзің баршы!» — деп Бекболатты жұмсапты. Сонда Бекболат сөйлесуге өзі шыққан екен. Бекболат бара жатқанда Абылай да оңаша шыға беріпті.
Сонда Бекболаттың айтқаны. Бекболат үйелмендей үлкен кісі екен, даусы зор, паровоздың даусындай екен. Атының артын Абылайға қаратып қойып, өзі теріс қарап тұрып былай
депті:
— Мен — орал таудың ор түлкісі,
Айнала жапса, ит жетпес.
Сен — бір Алатаудың ақиығы,
Тікелеп келсе, тек кетпес.
Келгенменен тікелеп,
Біреуді біреу мерт етпес.
Әуелі баланы жіберерсің,
Сонан соң сөйлесерміз», — деп жүріп кетті. Абылай аулына қайтып келіп: «баланы қоя бер» деген екен, соған шейін бала кісенде екен. Кісенін алып, бостайын десе, ешкімге кісенін алдырмапты, дәлелі сол — «кім аяғыма кісен салса, сол ғана алады» депті, сонда мұның аяғына кісенді ожарлықпен Қасым хан салған екен. Қасым ханды еңкейтіп аяғына жығу үшін баланың сіресіп ешкімге кісенді алдырмауы осы екен. Қасымхан кісенін келіп алмақ болды, сонда Жанай шалқайып жатып:
— Кісенімді алсаң, ұйқымды бұзбай, тынышымды алмай ал, — деп өлгенше сыздапты. Содан кісенді алған соң, Жанай өзінің көпшілігіне қайтып барыпты. Сонан кейін Абылай мен Бекболат шығып бітімге келіпті.
Абылайдың айтқаны:
— Мен хан болғалы қазақ-қалмақ баласы кісім түгілі, атымды басқа ешкім ұрып көрген жоқ, Құлтекенің кісімді басқа ұрғанына не дейсің, билігін өзің айт!» — дейді.
Сонда Бекболаттың айтқаны:
— Жеті атамнан бері қарай кісім түгілі, жылқышыма ешкім сауға бермей кеткен жоқ, Қасым ханның ожарлығымен Құлтекенің ожарлығы бірдей келді. Сіздің жасыңыздың үлкендігі үшін Құлтеке «аяғыңызға жығылған кісі боп» келіп қайтсын, — дейді. Сонда Абылай:
— Жарайды, солай болса болсын, тек басына құрым кигіз киіп келсін, — деді. Сонда Бекболат:
— Келіп кеткені де жәрар, біздің тұқымға құрым кигіз жазбаған нәрсе, — деп жүріп кетті.
Соныменен Абылай аулына қайтып барыпты «қазір Құлтеке келеді» деп. Сонда ол ауылдағы ожарлар Қасым хан бастатқан: «ол құрым кигіз іліп келеді, егерде құрым кигіз іліп келмесе, өзіміз кигіземіз» деп, бір кигіздің ортасын тесіп, дайындап отырыпты. Бір уақытта Құлтеке салып жетіп кеп сәлем беріпті.
— Алдыңызға келдік, атаңыздың құны болса да кеш, — депті. Сонда Қасым хан бастатқан ожарлар тұрып:
— Басыңда құрым кигізің қайда, еліңе барған ханымды басқа сабап не бетіңмен келіп тұрсың? — депті. — Мә, өзің кимесең, біз кигізейік, — деп, құрым кигізді ұсыныпты. Құлтеке қағып жібереді де:
— Біздің тұқымға ешуақытта құрым кигіз кию жазған емес, кигің келсе, өзің ки! — депті. Сонда қағып жіберген құрым кигіз өте таянып, омыраулап тұрған Қасым ханның басына жалп ете түсіпті. Сонда ел шулап қапты, сонда Абылай айтыпты:
— Бұл шұқшылғырдың тұқымына еш нәрсе жуыйды дейсің бе? оған арнаған кигіз өз басымызға кеп жалп етті ғой. Қырық жыл хан болғанда менің аспаған белім жоқ, аса алмаған тауым жоқ. «Абылай аспас сары бел» деп едім, Сарыбел дейтінім — осы Бекболат, осыдан аса алмадым, енді бұдан Қасым хан асар деймісің, сауға бермей өзің басқа ұрғызып жүрген». Бекболат алғашқы келгенде айтқан сөзі мынау, ол айтты: «Мен — Орал таудың ор түлкісі, айнала жапса ит жетпейді», — деді. Сонда барлық қазақты өзіне бейімдеп, «менің аймағыма күшің жетпейді дегенге» келтірді. «Мені сен Алатаудың Ақиығы, тікелеп келсе, тек кетпессің», — деді, сонда: «Азғана төресің, сен жалғыз-ақ жүрген бір қырансың, — деді Құлтекені келтіріп, — ырымын ғана жасап кеткен жоқ па?! Жарайды, енді мұқап та, мұқатып та болдық, енді сойыс қылып шақыра беріңдер, — деді.
Екі жағы да сойыс қылып шақырысып, қандаспай, қаруласпай тарапты. Сүйтіп Бекболат Сарыарқаның бойында ешкімменен қандаспай орта жүздің баласын билеп-төстеп өмір өткізіпті. Бір заманда бұл да қартайыпты. Қартайып ел билеу мұрасын Қаракерей Қабанбайдың баласы Жәнібек би және Едіге бидің баласы Шоң би бастатып, әрбір таптың жақсылары басын қосып Бекболаттың үйіне келіпті. Бекболатқа айтқаны:
— Сіз болсаңыз қартайдыңыз, халықты кімге ие қыламыз, бәйбішенің баласы да ержетті, тоқалдың баласы да ержетті, ел билейтін таяғыңызды кімге ұсынасыз? Сонда Бекболат түсі суық, қас қабағы қалың кісі екен, үндемей біраз отырыпты. Сонда Тіленші тоқалдан туған бала екен, соныменен бірге туған қыз шымылдықтың ішінде отырады екен. Бекболат үндемей отырған соң, қыз түрегеліп, шымылдықтың бір жағын қайырып тастап:
— Ағалар, сіздер тыңдасаңыз, менің бір-екі ауыз айтатын сөзім бар. Он екі атаның ұлы Арғынды әкем билейді, бірақ әкемді шешем билейді, әкем шешемнен қорықпаса, Тіленшіжанды ұсынбайтын не бар, Тіленшіжанға ақсақалдар бата бермейтін не бар, — деді Тіленшімен бірге туған қыз.
Сонда Бекболаттың бәйбішесі қалмақ ханы Қоңтажының қызы екен. Бәйбішенің айтқан сөзі:
— Уа, менің қарағым дұрыс айтады, Бекболаттың бойында қара бурасы бар еді, шөккен жерден тұрмаушы еді, қасиеті сол еді, көрініп жүруші еді, Тіленшінің бойында ақ тайлағы бар еді. Бір тұрып, бір жата береді, бірде бұзса да, бірде түзетуге жәрайма деймін. Қасиеті сол көрініп жүруші еді, — деді. Сонда Бекболат:
— Уа, бала менен бәйбішенің сөзі бір жерден шықты ғой, со шіркін бірдеңеге жәрайма деймін және атасының қойнына бір түнеп шығып еді, болса болсын, — деді. Бекболаттың бастапқы бәйбішесінен төрт ұл туған екен, бұлардың бет-ауыздары Бекболатқа ұнамапты. Бекболат сонда: «мен тұқымсыз кеттім» деген ойда қапты, қайтерін білмей алыстан екінші әйел ала алмай, қамаққа Қазыбек үшінші билікке барғанда, бара жатып ханның аулының қасында бір өткелден өтіп бара жатқанда, бір жас қыз тұра ғап қолын көтеріп, Қазыбектен жөн сұрапты. Cонда Қазыбек: «Біз елшіміз», — депті, сонда қыз: «Елші болсаң, дәуде болса Қазыбек шығарсың, жаным, есебің бітсе мені есіңе ала кет», — депті. Сонда Қазыбек барып есеп жасағанда, а дегенде сол қызды алып, қасына отырғызып қойыпты. Қазыбек Қоңтажыға:
— Үшінші рет менің елімді неге шаптың, — депті. Сонда Қоңтажының айтқаны:
— Он төрт жасыңда еліме келіп есеп жасағанда, елшілік билігімде саған ғашық болып қалдым, «сенен бір тұқым алып сіңірем» деп Қазымбет деген балаңды алып келіп едім, оны сіңіртпей алып кеттің. Одан кейін амандық жоқ, Сарыарқаға еліңді орналастырып жатқан соң, қайтадан сізді келтіру үшін мал-жаныңды бүлдірмей алғаным рас. «Судың артын шым бітейді, даудын артын қыз бітейді» деуші еді, не қыз ал да, не қыз берші, — депті. Сонда Қазыбек:
— Беретұғын қызым жоқ, қыз берсең, алайын, — депті. Сонда Қоңтажы Қазыбекке:
— Ұлың нешеу? — депті.
— Ұлым бір жарым, — депті. Сонда Қоңтажы:
— Сіздің бес ұлыңыз бар емес пе? — дейді.
— Менің елге ие болатын ұлым — біреу, жауға ие болатын ұлымды жартыға есептеймін. Ол — Сырымбет. Қазымбет деген ұлым аузы дуалы болады, Базаркелді деген ұлым діңге бекем болады, Барқы деген ұлым қатын-балаға ие болады, тілге шешен болады, қайсысына бересің, — дейді. Сонда Қоңтажы:
— Елге ие болатын бүтін ұлы Бекболатқа берем дағы, — дейді. Сонсоң Бекболатқа қызын беріп, құда болып қайтыпты. Бағанағы «есебің бітсе, есіңе ала кет» деген жас қызды Бекболатқа тапсырыпты.
— Осыдан түбінде бір жақсылық шығады, осыны жақсылап тәрбиелеп өсір, — депті. Қоңтажының қызынан туған ұлдарға наразы болып өкпелеп жүргенде, өз қолындағы тәрбиелеп жүрген жас қыз ержетіп, соны алыпты. Әуелі бір қыз туып, содан кейін Тіленші туыпты. Тіленші туғанда Бекболат бір қатынды шақырып алып:
— Мынау ұлды атасына апарып таста, берсе, жөндеп берсін, бермесе, әрі әкетсін, — депті. Сонда әлгі қатын Тіленшіні Қазыбекке көтеріп алып кепті:
— Мынаны балаңыз сізге беріп жіберді, парзантқа наразы көрінеді, — депті. Сонда Қазыбек: «Бері әкел өзіме берші», — деп баланы алып бір күн түнетіп, кеудесін иіскетіп жатқан екен. Ертеңінде Бекболатты шақырып алып:
— Наразы болмай-ақ қой, осының бірдеңеңе жарар, таза тәрбиелеп өсір! — депті. Елге ие қылуға Тіленшіге келісім жасағаны бірдеңеге жәрар деп және атасының қойнына бір күн түнеп шықты дегені осы екен деді. Сонымен батасын береміз деп отырғандар: «Олай болса Тіленші қайда, шақыр», — депті. Сонда ауыл ақсақалдары: «Тіленші үйде жоқ, бос суға қой тоғыттырамын деп ауылға жастардан біреу қоймай ертіп алып кетті», — депті. Сонда ақсақалдар отырып тамағын ішіп, әбден жайланып болғаннан соң: «ол су қайда, біздің бетіміз деме, егерде жолымызда болса», — деп жүріп кетті. Суға келсе, Тіленші барлық жігіттерді жинап алып күресіп, асыр салып жатыр екен. Бұлар келіп тұра қалып: «осының ішінде Тіленші деген бала бар ма?» — депті. Тіленші сонда тұрып: «Менің атым Тіленші», — деп, сонда ақсақалдар тұрып:
— Сені біз «елге ие қылайық» деп, «батамызды берейік» деп іздеп жүрсек, шаң топырақта алысып-жұлысып жатқаның қалай? — деді. Сонда Тіленші тұрып:
— Баталарыңызды берсеңіз де, бермесеңіз де өздерің біл, менің бұл алысып жатқанымның да мәнісі бар. Менің әкем Бекболат түсі суық кісі еді, хан, қара, би-төре арызын айтып, арманына жетуші еді, кедей менен мүсәпір үстіне батып кіре алмай, арызын айта алмай амалы жоқ кетуші еді. Күндердің күнінде қолға бірдеңе тие қалса, «кешегі өзіміз ойнап жүрген Тіленшіден қорқамыз ба» деп ұялмай кіріп, қорықпай тұрып арызын айтар деп бойымды үйреткеннен басқа жазығым жоқ. Сонда ақсақалдар тұрып:
— Жарайды, балам, олай болса, сенікі дұрыс екен, біздікі бұрыс екен. Ендеше, қолыңды көтерші, — депті. Сонда Тіленші қолын көтеріпті. «Алдыңнан ай тусын, артыңнан күн тусын, қанқұмар болмай, халқың бағынышты болсын!» деп жүріп кетіпті. Сонда Тіленші келіп әкесі Бекболатқа:
— Кәнеки, халықты қалай билеуші еді? — деді. Сонда Бекболат:
— Халықты қалай билейтініңді атаң айтқан шығар, жаңылсаң, көмектесер, — деген екен, — бірақ саған менің бір тапсырмам мынау: «Қаракерей Қабанбай тұқымы Жәнібек деген би бар. Ол орта жүздің қара қабаны ғой, соның бетіне сен келме, өзгесі сенің бетіңе келуге жарамас, шері-көті қарайлас қой», — деген екен.
Бір заманда Керей Жәнібек би: «Алдына салып аға ғып жүрген, артына салып жаға ғып жүрген қайран Бекболат-ай, жаңғызсырап құлазыдым ау!» — деп, «түзде жүрген сұңқар едің, тауда жүрген қыран едің, торға түскендей боп құлазып қайтіп отыр екен. Мен барып біраз әңгімелесіп, амандасып қайтайыншы», — деп, іздеп шығыпты. Мұның келе жатқан бетін халық естіп, елдің хан-қарасы, би-төресі алдынан шығыпты, қошеметтеп Бекболаттың үйіне алып келіпті. өзгесі барса дағы, Тіленші бармапты. Жәнібек би сәлем беріп есіктен кіріп кепті, сонда ғана Тіленші орнынан ұшып тұрып сәлем беріп, қолын ұстапты. «Сен неге алдымнан шықпайсың» дегендей:
— Сен неғыл деп жатырсың, тоқалдан тудым деп мақтанып жатырсың ба? — депті. Сонда Тіленші тұрып:
— Бір атым оқтан қалып, сіз де ел аралап жүрсіз ғой, — депті, «менің тоқалдан туғанымды бетіме салық қылды» дегендей. Тіленшінің: «Бір атым оқтан қалып, ел аралап жүрсің ғой» дегені мынау еді — Қазыбектің кенже інісі Бөдененің қызы Нәуетектің Қаракерей Қабанбай аулына ұзатып бергенін анада айтқанбыз. Бұрын Қазыбектің заманында Қаздауысты Қазыбек, Шақшақұлы Жәнібек, Тоқтарұлы Қабанбай, Қанжығалы
Бөгенбай деген төрт саңлақ өз заманында теңдес болып өткен екен, жаңағы айтқан Шақшақұлы Жәнібек Керей ортасына бір дау жанжал болып, бітімге барған екен.
Бір күні Қабанбай аулында бір жас отауға келіп қонағапты, сонда бағанағы айтқан Бөдененің қызы Нәуетек келіп бір қойын әкеліп, бата тілепті. «Мен бір перзенттен кем болып жүр едім, сізді ырым ғып тұрмын, қолыңызды көтерсең, шындап көтерші», — депті. Сонда Жәнібек би қамығып, Құдайдан шын тілегендей боп: «Мені де ырым ғып тұр ғой, иә, Құдай мені ұялта көрме!» — деп бата қылыпты. Ол күні қонып, ертеңінде Нәуетекке: «Құдайдан сен де тіле, мен де тілейін, бір пәрзент болар деймін, егер де бола қалса, өз атымды қойшы, аты Жәнібек болсын», — депті. Содан кейін бір ұл туып атын Жәнібек қойыпты. Соны жұртшылық өсек қылады екен: «Бір күн қонып бір ұл беріп кетті, қасына жатып кетті-ау!» — деп. Сонда Тіленші: «Менің тоқалдан туғанымды айттың», — деп ел өсегін растап, «бір атым оқтан қалып, ел аралап жүрсің ғой» дегені сол екен. Сонда Жәнібек айтты:
— Сен мен құсап Бердәулеттен тусаң, қандай болар едің, мен сен құсап Бекболаттан тусам, қандай болар едім. Мен жаманнан жақсы туған оқ емеспін бе, сен жақсыдан жаман туған боқ емессің бе?! Мен кімнен тусам да жапанға біткен шынармын, бұл ортаға ұнармын», — деп ақырып, зекіріп ұрсып тастапты. Әрине, сонда Тіленші жеңілгендей болып қалды. Әкесі Бекболаттың: «Жәнібек орта жүздің қара Қабаны» дегені рас екен дегендей болды. Сол Жәнібек сол Бекболаттың үйінде он-он бес күндей жатты. Бірқыдыру әңгіме айтып Бекболаттың қапаста отырған көңілдерін жұбатты. Бір мезгілде қайтуға бет алып шыққан соң, Тіленшіні ертіп алып:
— Сіздер менен біздер бұрын сарсүйек құда едік, алдыңғы апаларың қартайып өліп кетті. «Су сүзілмейді, сүйек үзілмейді» деген еді ғой, қайтадан сүйек жаңғыртайық, — деп, — Қазымбеттің баласы Қанайдың бір қызы бар дейді ғой, соны маған бер», — депті. Сонда бұрын Жәнібектің үш әйелі өліп, төртінші тоқалдыққа сұраған екен. Сонда Тіленшінің айтқаны:
— Сен бір жапанға біткен шынарсың, ажал келіп бір күні құларсың, айнала іздеп шабармын, орныңды қайдан іздеп табармын. Мен бір қалың қара тоғаймын, табылуға оңаймын, болмаса ұялы терекпін, әр нәрсеге керекпін, — деген екен. Сонда Жәнібек:
— Жәрайды, олай болса көрерміз, — деп, ызаланған кісідей атын борбайға ашындыра тартып жүріп кеткен екен. Келейік жылы «Жәнібек тағы да келгелі жатыр» дейді. «Қанайдың қызын тағы да сұрамақшы» дейді. «Құсын саңқылдатып, итін қаңқылдатып, малға толық байын ертіп келеді дейді» деп халық мұны ести қойды. Сонда қыздың әкесі Қанай айтқан екен: «осы бізден Бекболат артық білсе керек еді, осының бетіне келме деп еді. Осы қызды бермесек, бір тісінің қанын бүріккелі жүр ғой. Ел арасы бірдеңеге ұшырап кетсе, халқым менен көріп жүрер ме екен, «бір қыз үшін осынша лаңға салдың» деп. осыған берсек қайтеді, бас терісі қалса да, бір қызға татымай ма?» өзінің кенже інісі Анай биді Тіленшіге жұмсаған екен: «сен ана Құдай қойғанға ақылдасып кел» деп. Құдай қойған дейтұғыны — сайлау жоқ, дәнеңе жоқ ақсақалдар жиналып кеп қолын көтертіп, батасын беріп жүріп кетеді екен. Тіленшіні Құдай қойған дейтіні сол екен. Сонда Анай барып Тіленшіге айтады: «Осы Жәнібіктің бас терісі қалса да бір қызға татымай ма, берсек қайтеді», — деп ағаңыз айтады. «Егерде бермесек, бір тісінің қанын бүркіп жүрсе, халық бізден көріп жүрер». Сонда Тіленші: «Жәрайды, берсек берейік. Мен татымайды деп жүргем жоқ, әншейін бір ауыз сөзге егесіп жүрмін», — деді. Осылай деп келісіп алғаннан соң Жәнібек келді. Келгеннен кейін оларды қарсы алып, беттерін жылытып беруге келісті. Бұл қыздың өзі Қазбектің баласы Қазымбеттің үшінші ұлы Қанайдың қызы екен. Қанайдың әйелі бірталай жасқа келгенше перзент көрмепті. Сонда күйеуі Қанай айтыпты: «өстіп кеуіп отырамыз ба? — әйеліне, — бір қойыңды сойып, қайнағаң Жанайдан бір перзент тілеп келсейші», — деді. Сонда әйелі бір қойды сойып алып, етін пісіріп алып қайнағасы Жанайға келіпті.
Қайнағасының алдына жамбасын салып қайқайтып бір табақ етті әкеліп қойды. Жанайекең бірнеше кісілеріменен әңгімелесіп отырып табақты әбден жайлап, ішіп-жеп болғаннан соң бәйбішесінен сөз сұрайды.
— Уа, келін неге келіпті, не шаруасы бар екен, шаруасының бетін айтсын! — депті. Сонда Жанайдың бәйбішесі сыбаға әкелген жұмысының бетін сұрапты, сонда Қанайдың әйелі:
— Мен осы уақытқа шейін сәукелеме ие таба алмай жүрмін, атамнан сәукелеме ие сұрап келдім, — деді. Сонда Жанайекең:
— Бар сұрағаны осы ма, кейін қайталамасын, — депті. Сонда келіні: «сәукелеме ие берсе болады» деп қарысып отырып алыпты. «Жәрайды, айтқанын Алла берсін, я құдай мені ұялтпа!» — деп батасын беріп қоя беріпті. үйіне барғаннан кейін күйеуі: «атаңнан не сұрап әкелдің?» дейді. «Сәукелеме ие сұрадым» депті. Сонда күйеуі Қанай:
— Сәукелең сенің адыра қалсын, шаңырағыңа неге ие сұрамайсың, — деп, — бар, қайта бар, шаңырағыңа ие сұра! — деп қайта жіберіпті. Келіні қайта келіп:
— Мен қателесіппін, шаңырағыма ие керек екен, — дейді.
Сонда Жанай екең:
— Шырағым, әнеугүні мен ескерткенмін, өкінбе дегенмін. Ол ешкімнің саудасына көнбейді, атқан оқ қайтып келмейді, — деді.
Соныменен келіні салы суға кетіп үйіне қайтыпты. Жанайекеңнің алғаш берген батасы қабыл болып, осы әйелден бір қыз туыпты. Аты Қадиша екен. Бағанағы Жәнібек бидің сұраған қызы осы екен. Бұл қызды ықтиярласып бермек болды, қыз өз ықтиярымен бармақ болды. Бұлай болғаннан кейін «керектеріңді айтып айдатып алыңдар, мен енді қайтпаймын» деп қол ұстап Жәнібек жатып алыпты. Сонда бұлар керегін айдатып алып, бір ай Жәнібек жатып алыпты. Сол Жәнібек бір ай жатқанда әңгімені ағызып, саулатып айта беріпті, өткен өмірлерді де, өз тұсындағы істегендерін де, қалған өмірдің болашағын да ағызып айтып отырыпты. Сол бір ай жатқанда Тіленші де жалықпай тыңдай беріпті. Бір ай өткен соң, күйеу-құдалардың жолы біткен соң, бұлар қайтудың қамын жеді. Сонда Тіленші жездесі Жәнібек биді алып шығып:
— Иә, жездеке, қайтыңыз, сіз бір ай мұнда болдыңыз, мен ұққандай болдым, әңгімеңіз қызықты болғаннан кейін мен бір күн сізден тіземді бөліп өз төсегіме барып жатқаным жоқ. «Жездемнің қайтатын күні айтқан әңгімесі мынау еді» деп жүретұғын атасыз-анасыз бір әңгіме айтып беріңізші, — деді. Сонда Жәнібек би:
— Мен бірқыдыру әңгіме айтқан болсам, сен ұққан болсаң, бопты емес пе? Атасыз-анасыз әңгіме сұрасаң, мен айтайын: «Қожаның арты Бегімысық, халық ашықса, жұртшылық сасқанда қасиетімен жан сақтатқан. Енді Бегімысықтай қожа тумайды, қызыр қонған құт берекелі байдың арты Қанжығалы Абызшолақ жұртшылық жұтаса, халық ашықса, ортасына көшіп келіп, суы жоқ болса, сүтіне ет асып берген. Енді
Абызшолақтай бай тумайды, бидің арты — Абылай, орыс-қазақ демейтін, жолдасын жауға бермейтін, халық үшін қасықтай қанын қиған, шыбындай жанын қиған енді Абылайдай батыр тумайды. Бидің арты — Қазыбек, қасиеті бойында, ұл сұрағанға ұл берген, қыз сұрағанға қыз берген, қара қылды қақ жарған. Енді Қазыбектей би тумайды, атасыз-анасыз әңгіме сұрасаң, сен осыны біл! — деген екен. Сонда Тіленші:
— Бегімысық әулие болса, қожа болса, өз жөнімен, Абызшомақ құт-берекелі бай болса, өз жөнімен, Абылай батыр болса, өз жөнімен, Қазыбектің артында өзіндей боп тұрып мен тұрған жоқпын ба? — депті Тіленші. Сонда Жәнібек:
— Тейт, сен де ұлмын деп жүрмісің, сен әншейін құғыншының жауапкері емессің бе, іліп тастайтын, — депті. Сол Тіленші он екі атаның ұлы Арғынды билеп өтіпті, төре тұқымына бағынбапты, Сарыарқадағы халықтарды қарғыс алмайтындай боп билеп өтіпті. Ертіс бойына ел «орыс келеді, орыс келеді» дегенде Тіленші тұрып: «орыс келсе, егіс келеді, егіспен бірге жеміс келеді», — депті. Бір заманда көктей өтіп бара
жатқан өмір өтіп, бұ да қартайыпты. Әркімнің өз тұсындағы ел иелері жиналып келіп Жамантай хан, құсбек, төрелер ішінде әрбір таптың басшылары жиналып келіп Тіленшіге: «Сіз болсаңыз қартайдыңыз, елге кімді ие қыламыз?» — депті. Сонда Тіленші: «Кімді ие қылғыларың келеді? Халық ұйғарса, хан түйесін сояды», — деген екен. Сонда ақсақалдар тұрып: «Бізге салсаң, Алшымбайдың атағы шыққалы тұр, жауы қорқып бұққалы тұр, елге ие болар осының екпіні бар сықылды», — деп ұйғарыпты. Сонда Тіленші: «өз айтқандарың болсын!» — депті. Сонсоң көпшілік Алшымбайды ие қылып, батасын беріп жүріп кетіпті.
Алшымбай атқа мінген кезде Ертіс бойына бір жеті үй орыс келіп жеті шатыр тігіп, үй салыпты, балық аулап, бақшасын өсіре беріпті. Біздің қазақ халқы бұрын орыс көрмеген, қазақ тілінде шатыр деген сөзді «Семипалатка» деп, Семипалатка деген сөзді Семипалатинск деп атап кеткен. Осы Алшымбайдың заманынан бастап орыс халқына біздің қазақ қарай бастапты.